Асхат Аймағамбетов: "Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жарнасын өсіру туралы ойдан бас тартпақ емес"

Уақыты: 11.03.2024
Оқылды: 1100
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыстың жоғарғы шегін бес есе ұлғайтуды ұсынған еді. Бұл заң жобасы 7 ақпанға дейін жария түрде талқыға түсті. Алайда министрлік жарна мөлшерін өсіру туралы ойынан қайтпақ емес. 


"АМАНАТ" партиясы фракциясынан сайланған Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов министрліктің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) жарнасын көбейті идеясынан бас тартпайтынын мәлімдеді. 

Осы қаржының есебінен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шамамен 250 миллиард теңге қосымша қаражат жіберіледі. Сондай-ақ ол азаматтардың ақылы емделуге кететін шығыны 27,7%-дан 31,1%-ға дейін өскенін атап өтті. 

“Азаматтар міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуіне байланысты медициналық көмекке жұмсалатын жеке шығындары азаюдың орнына, керісінше, өскен. Бөлінетін қаржының аздығына байланысты азаматтардан түсетін жарналарды көбейткісі келетін министрлік әуелі республикалық бюджет жыл сайын қорға белгілі бір азаматтар санаты үшін аударатын жарналардың аздығын ескеру керек. Тек 2024 жылдың өзіне 275 миллиард теңге шығып тұр. Ал бұл азаматтардан жарналарды көбейту арқылы азаматтардан алынғалы отырған қаражаттан әлдеқайда көп. Осы салалардан қор іздеу керек еді”, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ депутат цифрландыруды жүзеге асырып қана қоймай, қажетсіз шығындарды қысқартып, анализ бен дәрі-дәрмектерге  байланысты шектен тыс қымьат емдеу хаттамаларын қайта қарау керегін айтты. 

Бұған дейін МӘМС жарнасы бес есеге ұлғаятынын естіген қазақстандықтар заң жобасына қарсы шыққан болатын.

Фото: azattyq-ruhy.kz