"ҮРЕЙ ТУДЫРМАЙЫҚ": ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН ЖОҚ

Уақыты: 04.03.2020
Оқылды: 1071
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматы коронавирус жұқтырған жоқ. Ол коронавируспен ауырған адам кірген асханада болған. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

- 2020 жылдың 3 наурызында Оңтүстік Кореяның әлеуметтік желілерінің орыс тілді топтарында заңсыз жүрген Қазақстан Республикасының азаматы коронавируске шалдыққаны расталды деген ақпарат тарады. Аталған әлеуметтік желілердің хабарлауынша, Қазақстан азаматы клиникадан қашып кетіп, қазіргі уақытта полициямен іздестірілген. Мұндай ақпарат «Хабар 24» телеарнасында да хабарланған. Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі тиісті шаралар жүргізіп, нәтижесінде бұл ақпарат расталмады. Жергілікті полиция және біздің азаматпен байланыс орнатылған. Ол бұған дейін клиникаға бармағанын және коронавирус бар-жоғын анықтайтын қандай да бір сараптама тапсырмағанын айтты, - деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, корей полициясының ақпаратына сәйкес, осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандық азамат коронавируске шалдыққан адам барған қоғамдық тамақтану орнында болған.

- Осыған байланысты белгіленген тәртіпке сәйкес, оған және сол уақытта аталған орында болған барлық адамдарға егер аурудың сыртқы белгілері байқалған жағдайда вирустың бар-жоғын анықтау тестін тапсыру қажет. Отандасымыз барлық қажетті медициналық процедуралардан өтуге және жергілікті билікпен ынтымақтасуға дайын. Біздің Елшілік коронавирус Оңтүстік Корея аумағында анықталған алғашқы күннен бастап Ішкі істер министрлігімен және Ауруларды бақылау, алдын алу корей орталығымен тығыз жұмыс істеп келеді. Аталған орталықтың ұсынысы бойынша біздің отандасымыз телефон арқылы күнделікті денсаулығына бақылау жүргізіп, үй карантинінде болуы қажет. Бұл ұсыныс аурудың сыртқы белгілері жоқтығына негізделген. Ол емдеуге жатқызылмайды және коронавирусқа тестілеуден өтпейді, - деді Айбек Смадияров.

Ресми өкіл Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі бұл мәселені тұрақты бақылауға алғанын баса айтты. «Жоғарыда баяндалғанға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі БАҚ өкілдеріне тексерілмеген ақпаратты жариялап, дүрліктірмеуді және үрей тудырмауды сұрайды. Сыртқы саяси ведомствоның ресми түсініктемесін күту қажет. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарындағы коронавируске қатысты ақпараттар алу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласуды сұраймыз», - деді ол.

"ҚАЗАҚПАРАТ"