АЛЕКСЕЙ МИХАЙЛОВ - АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІН ЖАТҚА ОҚИТЫН ЖАЛҒЫЗ ФУТБОЛШЫ

Уақыты: 26.02.2021
Оқылды: 1002

Алексей Михайлов – «Жетісу» футбол клубының ойыншысы. 2001 жылдың 21 шілдесінде Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Талдықорғандағы №16 орта мектептің түлегі. Бүгінде Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті. Эдуард Михайлов пен Светлана Михайлованың ортаншысы. Ағасы және інісі бар. «Жетісудың» төл шәкірті. Алғашқы бапкері – Виктор Магай. Биылғы премьер-лигаға дайындалып жатқан «Жетісудың» ең жас ойыншысы.

Лешамен сұхбатымыз алысты жақындатқан әлеуметтік желі арқылы болды. Оған себеп, «Жетісу» футбол клубы дәл қазір Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүр.

– Жаттығу ойдағыдай жүріп жатыр. Бапкер берген тапсырманы орындап, әр- түрлі тактикаларды сынап көріп жатырмыз. Сенсеңіз, қазақ тілінде ғана емес, өмірімде бірінші рет кеңінен сұхбат берейін деп тұрмын, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Одан кейін футболға деген алғашқы қызығушылығы жөнінде айтты.

– Мен тұратын жерде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және оның қасында үлкен футбол алаңы бар. Үлкен ағам сол жерде үйірмеге қатысты. Бірақ ол кәсіби деңгейде ойнамады. Мен ағама еріп бес жасымнан бастап допты серік еттім. Бүгінде інім де ала допты ұнатып, үйірмеге қатысып жүр. Әрине, спортшы болу және сол бағытты түбегейлі таңдау – үлкен үміт пен күдікке толы. 14-15 жасымда толық шешім қабылдап, осында келдім. Сөйтіп, футбол өміріме айналды.

Алексей өзіне жиі қойылатын сауалға келгенде:

– Көпшілік қазақ тілінде еркін сөйлейтінімді көріп «қайдан үйрендің?» деп сұрайды. Көршілеріміз кіл қазақтар еді. Аулада  ойнасақ та, қуансақ та, жыласақ та қазақша тілдесетінбіз. Ағам екеуміз соларға ілесіп жүріп үйреніп алдық. Тіпті мектепте оқып жүргенімде Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысына қатысқанмын. Ұлы ақынның көптеген өлеңін жатқа білемін,– деді.

Намысты жігіт шеттен келетін футболшылар турасында да өз ойын іркіп қалмады.

– Кей келімсектің ойыны жергілікті футболшылармен қарайлас, тіпті, деңгейі төменін де жолықтыруға болады. Иә, мықты легионерлер бар. Бірақ олар келеді-кетеді, қалатын өзіміз. Биылғы премьер-лигада «Жетісудың» құрамында ойнағандардың көбі жергілікті футболшылар. Командамыз үшін мен де, командаластарым да барымызды саламыз, – деген Лешаның досы көп және өзі араласатын достарын ғана емес, жалпы адамдардың бойындағы ашықтықты, көңіл-күймен жүретіндерді, намысты жандарды құрметтейді.

Футболшының өміріндегі ірі өзгерістің бірі – бес уақыт намазға жығылып, дінге келуі. Оған:

– Дінге келуіме Жанайдар есімді досымның үлесі зор. Үйіне барғанымда сәждеге қалай келу керек, қай іс қай жерде орындалуы тиіс, соның бәрін көрсетті. Ұнады. Ақырындап сүре жаттай бастадым. Одан кейін досыма еріп, мешітке бардым, Ислам дінін қабылдадым, – деп жауап береді.

Оның түсінігінде әр азамат Отан алдында абыроймен қызмет істеп, туып-өскен жерге пайдасын тигізіп, елдің өркендеуіне үлес қосуға міндетті. Ел абыройын асқақтатып, болашақта ұлттық құрамада ойнауды мақсат еткен жас футболшының беталысы қуантады. Сөз соңында:

– Наурыз айы жалпы мерекеге толы. Алдымен Қазақстан халқына Алғыс айту күні келсе, одан кейін қадірлі қыз-келіншектердің, аналардың мейрамы, көрісу бар, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз, бәрі қазақтың бет-бейнесін айқындап беретін бір айға тоғысқан. Сондықтан қиын-қыстау күндерде қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт пен ұлыстарға қолдау көрсетіп, бір үзім нанын бөліп берген қазақ халқына шын жүректен алғыс айтамын! Ел іргесі тыныш болсын! – деп сұхбатты түйіндеді.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы