ЖЕТІСУДЫҢ БАЛУАН ҚЫЗДАРЫ ТАМАША ӨНЕР КӨРСЕТТІ. САМБОДАН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ

Уақыты: 13.04.2022
Оқылды: 1567

Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында жасөспірімдер арасында самбодан ел чемпионаты жалауын көтерді. Байрақты бәсекеге республикамыздың барлық аймағынан келген 400-ден аса жас самбошы кім мықтыны анықтады. Үш күнге созылған додада бұған дейін халықаралық аренада өнер көрсеткен оғландар да бар.

Бәсеке барысында жетісулық арулар өздерінің өте жақсы бабында екенін байқатып, жергілікті жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Тарқатып айтсақ, Тоғжан Дәулеткелді (44 келі), Жібек Құлымбетова (47 келі), Аяжан Мұқтарғали (54 келі) және Нұршат Кемелханқызы (72 келі) алтыннан алқа тақса, Ұлжан Дәулеткелді (44 келі), Іңкәр Төлепберген (59 келі), Арай Төлеубай (59 келі), Аяжан Жеңісханқызы (80 келі) және Гауһар Қанатбек (80 келі) үздік үштікті түйіндеді. Нәтижесінде 4 алтын және 5 қола медальді қоржынға салған Жетісу өңірінің бойжеткендері жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.

– Біздің балуан қыздар өте тамаша өнер көрсетті. Жыл сайын өтетін ел біріншілігінде біз кемінде үш-төрт алтыннан олжалап, жалпы есепте көш бастауды жақсы дәстүрге айналдырдық. Соның нәтижесінде бұрымдыларымыз әлем және құрлықтық додаларға үздіксіз қатысуда. Мәселен, 2020 жылы Сербияда Гүзел Аюпова мен Аружан Арман қола медальді мойындарына ілсе, 2021 жылы Өзбекстанда Әнел Қайратқызы дәл сол межеден көрінді. Бұл ретте біз тек әлем біріншіліктері жайында ғана айтып отырмыз. Оның сыртында Азия чемпионаты және басқа та халықаралық жарыстарда олжа салып жүрміз, – дейді облыстық  жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Жармұхамедов.

Қыздар арасында өткен жарыстың өзге салмақ дәрежесінде жамбылдық Сара Шугаева (50 келі), қызылордалық Зарина Мұратасыл (59 келі) мен Әсемай Рүстемова (65 келі), түркістандық Ұлбосын Әділова (80 келі) және шымкенттік Алина Өмірбек (+80 келі) сынды арулар алтын тұғырға көтерілді.

Ұлдардың сайысында Жамбыл облысынан келген жас өрендер оза шапты. Аталған команданың сапында Алмат Ахматғали (71 келі), Бейбарыс Нұғман (79 келі) және Бейбарыс Райс (+78 келі) қарсылас шақ келтірмесе, Әден Дінмұхамед (53 келі), Әли Әлімби (64келі) және Диас Тұрлыбек (71 келі) ақтық сында ғана сүрінді. Ал Ерік Нұрдәулет (58 келі) қола медальді мойнына ілді. Сондай-ақ, бас жүлдені олжалағандар арасында қызылордалық Нұржан Тумырзаев (49 келі), атыраулық Ақниет Аңсаған (53 келі), маңғыстаулық Қуанышбек Көмеков (58 келі), қарағандылық Арман Нұржанов (64 келі) пен Ақжол Дүйсенбаев (88 келі) және талдықорғандық Дамир Ахет (98 келі) сынды сайыпқырандар бар.

– Соңғы кездері өтіп жүрген ел біріншіліктерінің барлығында Жетісу өңірінің қыздары алдына жан салмай жүргені баршаға аян. Бірақ ұлдарымыздың қарқыны сәл бәсең еді. Иә, жүлдегерлер санатынан көрінген шәкірттеріміз жетерлік. Бірақ бізді бір қынжылтқан жайт, 2019 жылдан бері бірде-бір өреніміздің чемпиондық тұғырға көтеріле алмауы. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін Талдықорғандағы жарыс қарсаңында жергілікті бапкерлер еш аянбай еңбек етті. Нәтижесі жаман болған жоқ. Біріншілікті басынан аяғына дейін бір деммен өткізген Дамир Ахет 98 келі салмақта бас жүлдені қанжығасына байласа, тағы бес спортшымыз күміс пен қола медальді иеленді. Бірақ біз бұнымен шектеліп қалмаймыз. Алдағы жарыстарда бүгінгі табысымызды еселеу үшін барынша күш саламыз, – деп облыстық самбо федерациясының президенті Берік Жетпісбаев ақтарыла сөйледі.

Балғын балуандардың боз кілемдегі бәсекесін республикалық самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов, сол ұйымның вице-президенті Манарбек Бисекенов, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Біржан Иманханов бастаған бір топ басшылар мен майталман мамандар тапжылмай тамашалады. Енді Талдықорғанда өткен жарыстың қорытындысы бойынша жасөспірімдер құрамасы жасақталып, олар биылғы жылдың екінші жартысында өтетін әлем және Азия біріншілігіне қатысады. 

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы