КЕГЕНДІК БАЛУАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕ ТАҒЫ ДА ЧЕМПИОН АТАНДЫ

Уақыты: 09.04.2022
Оқылды: 1333

Тараз қаласынан сүйіншілеткен тамаша хабар Жетісу өлкесін, шалғайдағы Кеген өңірін де желпіп өтті. Аталған қалада дзюдо күресінен спорт шеберлері арасында өткен халықаралық турнирде Жылысай ауылының перзенті Асхат Рахметов 90 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. 

Қастерлі де қасиетті Жылысай ауылының топырағында туған Асхаттай алтын бауырымыздың жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болмауы мүмкін емес. Әлмеректей бабамыздың қара ошағы сақталған, Майлы Ормановтай ағартушы, Әубәкір Солтанбекұлындай Қарқара көтерілісінің қаһарманы шыққан ауылдан олардың ізін жалғар батыр ұлдар, намысты жігіттер шығып жатса, таңданбаймыз.

Жылысайдың мөлдір бұлағынан дәм татып, таза ауасымен демалып, салқын самалына кеудесін тосып өскен Асхат жып-жылы мекендегі М.Орманов атындағы орта мектептің айтулы түлектерінің бірі. Ұлтымыздан шыққан батыр бабаларымыздай нар тұлғалы, кесек бітімді, жолбарыс жүректі, қайсар білекті палуан бауырымыздың өмір жолы қуантпай қоймайды. Қырықтан жаңа асқан тегеурінді қуат-күштің иесі Қазақтың мемлекеттік спорт және туризм академиясын бітірген. СК «ЦСКА»-да азаматтық борышын өтеді. Жастайынан спортпен шұғылданып, күрестің сан түрін меңгерген Асхаттай палуанымыздың самбо, дзюдо, қазақ күрестерінен қол жеткізген жетістіктері жетерлік.

Бағындырған биіктері аз емес. Аталған күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатының алтын медаль иесі. 2006-2008 жылдары Қырғызстанда өткен самбодан Гордеевті еске алуға арналған халықаралық турнирде күміс және алтын медальдар жеңіп алды. 2017 жылы Түркістан қаласында, 2018 жылы Қостанай қаласында самбо күресінен спорт шеберлері арасында өткен Қазақстан чемпионатында қола медальдің иесі атанды. 2019 жылы Алматы қаласында өткен самбо күресінен халықаралық турнирде тағы да қола медальді қанжығалады. Сол жылы Талдықорған қаласында қазақ күресінен өткен «Арландар айқасы» атты республикалық турнирінің чемпионы болды.

Көп ұзамай Түркістан қаласында самбо күресінен спорт шеберлері арасында өткен республикалық чемпионатта алтын медальді қанжығасына байлап қайтты. 2021 жылы Түркістан қаласында самбо күресінен спорт шеберлері арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында тағы да чемпиондық тұғырға көтерілді.

Тәуелсіз мемлекетіміздің спортын дамытуға өзіндік үлесін қосып келе жатқан сұрапыл күштің иесі, жауырыны жерге тимес палуан, батыр кескінді, нар тұлғалы азаматымыз «Бейбітшілік әлемі» атты халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» атты медальмен, аталған бірлестіктің «Алтын қыран» медалімен марапатталды. «Қос аққу» Әлия мен Мәншүк атындағы спорттық-патриоттық клубы қоғамдық бірлестігінің ІІІ дәрежелі «Әлия – Мәншүк» медалін алды. 2020 жылы Қазақстан Спорт және туризм академиясы президентінің Алғыс хаты тапсырылды.

Бойында қазағының қаны бар, рух пен намыстан жаралған Асхаттай азаматымыздың еңсесі биік, алар асулары мол бола берсін!

Айдар ҚАЛИЕВ

Кеген ауданы

Алматы облысы