ТАЛДЫҚОРҒАН СПОРТ ИНТЕРНАТЫНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫ АЛТЫННАН АЛҚА ТАҚТЫ

Уақыты: 15.04.2022
Оқылды: 1741

Талдықорғандағы спорт интернатының оқушылары халықаралық және республикалық додаларға қатысып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Велоспорттан Тәжікстанның Душанбе қаласында жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Алматы облысының намысын қорғаған Дәрия Қазақбай топтық жарыста алтынмен апталса, жекелей жарыста күміс жүлдені еншіледі. Туркияның Алания қаласында жастар арасында велоспорттың маунтинбайк түрінен өткен халықаралық жарыста колледж тәлімгері Никита Галкин 1-орынға ие болды.

Волейболдан Екібастұз қаласында 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасында көктемдік ел чемпионаты өтті. Тартысты өткен жарыста «Айқаракөз» қыздар командасы 2-орынды жеңіп алды.

Алматыда жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өтті. Бұл сында Айбол Омар алтынмен апталды. Ернар Жұмамұрат пен Сания Құдайберген күміспен күптелді. Нұрзат Күмболатұлы, Қарақат Нұрақан мен Аяна Болатбекқызы қола жүлдегер атанды.

Нұр-Сұлтан қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде Саяжан Өзбек пен Наргиз Қапсамет 1-орынды қанжығасына байлады. Командалық белдесуде Аяулым Тұрдыке, Рамина Тұрсынғали, Наргиз Қапсамет, Саяжан Өзбек және  Ұлан Құмарбай тұғырдың екінші сатысынан көрінді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы