Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АМАНГЕЛДІ СЕЙІТХАНДЫ ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІНДЕ "QAREKET" ЧЕМПИОН АТАНДЫ

Уақыты: 23.05.2022
Оқылды: 1970
Бөлім: АЛАМАН

Сенбі күні Алматы қаласында журналист, комментатор Амангелді Сейітханды еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан республикалық турнир өтті.

Бәсекеге Алтай мен Атыраудың арасын жалғаған сайын даладан он алты команда жиылды. Жарыс беделінің жоғары екенін келген командалардан байқауға болады. Осыған дейін журналистер арасындағы жарыстардан тыс қалып жүретін Атырау командасы еске алу турниріне тұңғыш рет қатысты. Бәсекенің ашылу салтанатына қадірменді қонақтар көп келді. Олардың арасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Амангелді Сейітханның ұстазы, спорт журналистикасының ардагері, комментатор Рабат Жәнібеков, «Хабар» телерадио компаниясының басқарма төрағасы Берік Уәли және Амангелді Сейітханның отбасы, туыстары болды.

Доданың ашылу салатанатында қонақтар сөз сөйлеп, Амангелді ағамыздың ерен істерінен естелік айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Артынан «Жеңісті күндерде жүздескенше» кітабының тұсауы кесіліп, турнирдің шырайын одан ары асырды. Артынша Құран бағышталып, марқұмның рухына тағзым жасалды.

Көп ұзамай ойын басталды. Келген командалар төрт топқа бөлінді. Алматы облысынан Жетісудың намысын арқалап барған «Qareket», «Тұран-Түркістан», «КТК» және Амангелді Сейітханның «Dream-Team» командасы «В» тобында кім мықтыны анықтады.

Алғашқы ойында киелі Түркістаннан келген футболшылармен кездескен жетісулықтар тартысты ойын өрнегін көрсетті. Екі мықты да бір-бірін аңдып бақты. Нәтижесінде, жетісулықтар қарсыластың қақпасынан саңылау тауып, алғашқы жеңіске қол жеткізді. Екінші ойында «КТК» командасымен кездесті. «КТК» арнасы оңай шағылар жаңғақ емес, өте мықты команда. Арасында жасы алпысты алқымдаған журналист Сраил Смайыл, жас қырандар Аман Тасыған, «Қарекеттің» байырғы ойыншысы Диас Нұрлыбаев пен Асыл Махметов, Дулат Кәрібай секілді сақа ойыншылар бар. Нақтысын айтсақ, өткен жылы Талдықорған қаласында өткен Бейсен Құранбек атындағы республикалық турнирдің жеңімпазы. Сонымен, кескілескен ойында «КТК» командасының жолы болды. Жетісулықтардың қақпасына жалғыз допты салып, қоржындарын үш ұпаймен толтырды.Үшінші кездесуде Жетісу жігіттері «Dream-Team» командасын 2-0 есебімен ұтып, плэй-офф кезеңіне жолдама алды.

Ширек  финалда «Qare­ket» командасы шым қаладан келген «Шымкент» команда­сымен кездесті. Олар да осалдар санатынан емес. «Jetіsý» газетінің жүз жылдық тойына ұйымдастырылған турнирдің бас бәйгесін алған оғландар. Өз тобынан бірінші орынмен шыққан шымкенттік команда өте тегеурінді қарсылас бола білді. Екі команданың арасындағы ойын нағыз драмаға толы болды. Шабуылдан шабуыл. Бір-бірінің осал тұсын таба алмай әбден әбігерге түсті. Жанкүйерлер де қиқуға салып, қос команданың арасындағы тартысты одан ары қыздырды.

Негізгі уақыт тең аяқталып, пенальти сериясына ұласты. Турнирдің басынан үздіктер санатына енген жетісулық қақпашы Самат Есентайұлы бұл жолы да шеберлігін көрсетті. Ойын кезінде небір сэйфтерді  жасап, жанкүйердің таңдайын қақтырды. Әсіресе, пенальтиде қарсыластың соққысына кеудесін тосқан Самат Есентайұлы талдықорғандық команданы жартылай финалға алып шықты.

Жартылай сында біздің жігіттердің жолы «Хабар» арнасының ойыншыларымен түйісті. «Хабар» нағыз мықты команда. БАҚ лиганың бірнеше дүркін чемпионы, әлем чемпионатына қатысқан үздіктер.«Jetіsý» арнасының жиырма жылдығына арналған турнирдің чемпионы. Сонымен екі мықтының арасындағы кездесу нағыз майдан болды. Сұрапыл ойында кімнің алары белгісіз еді. Өйткені, екі жақтың мықтылары да бар күштерін сарпып, финалдық жолдамаға таласты. Бұл ойын да тең нәтижемен аяқталды.

Пенальти сериясы да қызықты өтті. Жанын шүберекке түйген жанкүйер де, екі команданың ойыншылары да Жаратқанға жалбарынып, соққы жасайтын ойыншы мен қақпашының тілеуін тіледі. Алғашқы соққылар қақпаға енгенімен екіншісінде екі қақпашы да допты қайтарды. Үшінші соққы, шешуші кезең. Нүктеге доп қойған жетісулық Асыл Сұлтанғазы «тоғыздықты» дәл көздеді. Жетісулықтар аспанға секірді. Асықпаңдар, біздің бір соққымыз бар деген «хабарлықтар» соңғы мүмкіндікті мүлт жібермеуге ыңғайланды. Қақпада Самат Есентайұлы. Барлығымыз Саматтың тілеуін тіледік. Соққы, доп қақпа маңдайынан кері қайтты.

Жарады! «Qareket» финалға өтті. Ақтық сында «Qareket» командасын «КТК» арнасы күтіп тұрды. Топтық кезеңде есе жібердік. Оңай қарсылас емес. Тыңғылықты дайындалып, ұтымды жоспарды бекіттік. Қырықтан асқан Есболат Айдабосын шабуыл өтіне көшті. Тасқамал қорғаушы Аршын Айдынбекұлы қақпаның алдын күзетіп бақты. Команданың қара құлыпы – Самат Есентайұлы қақпаның саңылауын бекітті. Орталықты қорғауға Санат Мұратов, Мереке Тілепалды, Айдар Қалиев, Айдын Тоқсанов, Ерлан Ұшақпаев, Ризат Қыдыралин, Серік Қантаев тұрды. Шаршағандары ауысып отырып, ойын жалғасып жатты. Финалды тамашалаған жанкүйерлердің делебесі қозды.

Екі команданың қақпашысы да нағыз қара құлып екен. Сойқан соққының бетін қайтарып, көрген жұртты бір серпілтіп тастады. Ойынның бітуіне екі минут қалғанда жетісулықтар есеп ашты. Қарсыластар қарымта шабуылға көшті. Оған тасқамал қорғаушы қауіптің бетін қайтарып, қақпаға шабуылшыны жолатпады. Қарсыластар қақпасының алдында тайталас басталды. Кімнің доп теуіп жатқаны белгісіз, үлкен майдан. Апыр-топырдың ішінен суырыла шығып, соққы жасаған Санат есепті еселеді. Міне, керемет, жетісулықтар жеңіс табалдырығында тұр.

Жеңіс ысқырығы! Ортаға лап қойған жанкүйерлер «Qareket» командасының бір-бір ойыншысын басына көтеріп, жеңісімен құттықтап жатыр. Осылайша, Амангелді Сейітханның алғашқы турнирінің жеңімпазы – жетісулық «Qareket» командасы атандық. Күміс жүлдегер «КТК» командасы болса, қоланы «Экспресс-К» сайты иеленді.

Жеңімпаздарды Амангелді Сейітханның бауыры мен «Хабар» арнасы басқармасының төрағасы Берік Уәли марапаттап, чемпиондар кубогын табыс етті. Жарысқа келген барлық журналистер, жанкүйерлер турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырған журналист, комментатор Жандос Айтбай мен Азиз Жұмәділге алғысын жаудырды.

Олай болса, құрметті әріптестер, жеңісті күндерде жүздескенше!
 

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы қаласы