ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА ТЕГІН МҰЗ АЙДЫНЫ АШЫЛДЫ. БАЛАЛАР ЖЫЛЫНА ТАРТУ

Уақыты: 09.12.2022
Оқылды: 2031

Балалар жылына орай Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Қапшағай жағалауынан тегін мұз айдыны ашылды. Шараның ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев қатысты.

Ашық аспан астындағы мұз айдыны Қонаев қаласында алғаш рет пайдалануға беріліп отыр. Коньки тебетін алаңқайға 120 адамға дейін емін-еркін кіре алады. Жаңа нысан киім ауыстыратын жылы бөлмелермен, жалға ұсынылатын конькилермен қамтылған. Қонаев тұрғындары үшін қызмет ететін нысанды "Ais Pro" жеке кәсіпкерлігі салып шықты. Мұз айдыны аптаның барлық күнінде тегін қызмет көрсетеді. Сенбі-жексенбіде жұмыс кестесі тіпті бір сағатқа ұзартылып, түнгі 23:00-ге дейін ашық болады. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары:

- Құрметті Қонаев қаласының тұрғындары мен қонақтары! Ашылып отырған мұз айдыны ең бірінші кезекте балалалар үшін жасалып отырған игі бастаманың бірі. Балалар жылына орай аймақтың жас жеткіншектеріне тамаша тарту жасап отырмыз. Мұндай коньки тебетін алаңқайлар осымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да Қонаевта жаңа нысандар бой көтереді. Елімізде, әсіресе, балалар денсаулығына, бұқаралық спорт түрлеріне көп көңіл бөлініп жатыр. Алдағы уақытта да ойын-сауық орталықтарын көптеп ашуды жоспарлап отырмыз, – деді.

Мұз айдынының тұсаукесер лентасын облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев пен Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев қиды. Өз сөзінде Амангелді ақсақал көпшілікке ақ ниетін арнап, елдің амандығын, заманның тыныштығын тіледі.

Мұз айдынында егер конькиіңізді өзіңізбен бірге ала келсеңіз, онда сырғанау тегін. Ал мұз алаңынан жалға алу екі сағатқа 1000 теңгені құрайды. Коньки тебу алаңы таңғы сағат 10:00-ден жұмыс істейді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Қонаев қаласы,

Алматы облысы