«ЖЕТІСУ» ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕР

Уақыты: 30.03.2023
Оқылды: 872

 Талдықорғандағы Салтанат сарайында «Жетісу» волейбол клубының 2022 – 2023 жылғы маусымын қорытындылаған отырысы өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли қатысып, чемпионатты үшінші орынмен түйіндеген команда мүшелеріне алғыс білдірді.

– Өздеріңізге облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың арнайы құттықтауын алып келіп отырмын. Бәріміз командаға жанкүйер болдық, әр ойынды қарап, нәтижесін қалт жібермедік. Жаттықтырушылармен тікелей байланыс орнаттық, ойыншылардың жағдайын біліп отырдық. Маусымды үшінші орынмен аяқтаудың өзі үлкен жетістік. Биыл волейболшыларымызға спорттық база және демеушілердің қолдауымен ойыншылардың тұруына арнайы үй салу ісі тұр. Келесі маусымда команда үлкен күшпен оралып, ел чемпионы болады деген сенімдемін, – деді Рустам Әли.

Артынша «Жетісу» волейбол клубының директоры Валерий Беленков бастаған ұжымның әрқайсысына облыс әкімінің арнайы Алғыс хаты табысталды.

– Биылғы чемпионат біз үшін өте ауыр болды. Ойыншылар арасында жарақат көп кездесті, қосалқы құрамда волейболшылардың аздығы білінді. Сондай қиындықтарға қарамастан нәтиже көрсеткен клуб мүшелеріне өз алғысымды білдіремін. Біз мықты болып ораламыз, – деді өз сөзінде «Жетісу» командасының бапкері Елена Павлова. 

Еске сала кетейік, «Жетісу» волейбол клубы Алматыда өткен плей-офф кезеңінде үшінші орын үшін болған екі күнгі ойында 3:0, 3:2 есебімен «Ертісті» жеңді. Облысымыздың екінші командасы, жетісулық жас қыздардан жасақталған «Айқаракөз» командасы 5-6-орын үшін болған ойында «Алматыға» есе жіберді. Финалда «Алтай» Солтүстік Қазақстанның «Қуаныш» командасын жеңіп, шығыстық арулар жетінші рет ел чемпионы атанды. 

Серік ҚАНТАЙ