Азия ойындарында шахматтан бақ сынайтын қазақстандық спортшылар анықталды

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 634

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарында шахматтан ел намысын қорғайтын ұлттық құрама мүшелері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дүбірлі дода 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өткізіледі. Ел құрамасы сапындағы 10 спортшы жекелей сында рапид, командалықта классикалық шахматтан сынға түседі.

Жекелей сында ерлер арасында Ринат Жұмабаев пен Қазыбек Нөгербек сынға түссе, әйелдер арасында Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева жүлдені сарапқа салады.

Командалық бәсекеде Əлішер Сүлейменов, Рамазан Жалмаханов, Алдияр Аңсат, Ринат Жұмабаев пен Қазыбек Нөгербек қарсыластарымен шеберлік байқасады.

Сондай-ақ әйелдер арасында Динара Сәдуақасова, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова, Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік шеберлік байқасады.

Азия ойындары бағдарламасына алғаш рет шахмат 2006 жылы Катар астанасы Дохада беделді бәсекеде енгізілген. Сол жолы блиц түрінен Мұртас Қажығалиев чемпион атанды.

Еске салсақ, Азия ойындарында су добынан ҚР ерлер құрамасының қарсыластары анықталды.

Фото: instagram.com/kzchessfederation