ЖЕТІСУЛЫҚ ШЕКАРАШЫЛАР ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Уақыты: 09.02.2024
Оқылды: 519

Алматыда ҚР ҰҚК шекара қызметі директорының кубогы үшін жекпе-жек сайысынан республикалық турнир өтті. Додаға әр облыстан жиналған 21 команда қатысып, өз департаменттерінің намысын қорғады. 


Турнирге келген 150-ден астам әскери қызметшінің арасынан 30-ға жуық шекарашы жеңістің желкенін көтерді. Солардың ішінде жетісулық шекарашылар да бар. Атап айтсақ, ҚР ҰҚК шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының әскери қызметшісі Әсет Ахметбеков 57 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. 97 келі салмақта Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасының әскери қызметшісі Ғани Ерғали күміспен күптелді. Жүлделі орыннан көрінген сайыпқырандарымызға ұйымдастырушылардың атынан диплом және естелік сыйлық табыс етілді.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті