КЕЛІМСЕК ЖЕҢГЕН АЛТЫННЫҢ ҚАДІРІ ЖОҚ

Уақыты: 11.02.2024
Оқылды: 508

Елордада күрес түрлерінен ел чемпионаты аяқталды. Жанкүйерлер айызын қандырған белдесулер болды, ал көптің көкейіне кірбің түсірген сәт те жоқ емес. Бұл сында жетісулық грек-рим күресінің балуандары өз биігінен көрінсе, еркін және әйелдер күресіндегі балуандарымыз айтарлықтай олжалы болмады.


Бір апта Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен ел чемпионатына әр өңірден 600-ден астам балуан қатысты. Жеңімпаздар ұлттық құрама қатарына қосылып, Бішкекте (Қырғызстан) өтетін Азия аймақтық, Стамбұлда (Түркия) болатын Олимпиадаға әлемдік деңгейдегі іріктеу сынына қатысады. Сондықтанда бұл чемпионатта әр балуан барын салды, өзін жан-жақты көрсетті. Осыған дейін ел аузында жүрген жетісулық жас балуан Исхар Құрбаев, еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан да төрт жылдықтың басты додасына қатысу мақсатында чемпион болған салмақтарында емес, Олимпиадаға енген салмақта сынға түсті. Қос балуанның жаңа салмақтағы алғашқы қадамын жанкүйерлер көрді, бағасын берді. 

Ел чемпионатында ақпарат таратқан спортты дамыту дирекциясының тілшісі Шамкен Байырбек «Биылғы күрестен ел чемпионаты көптің қызығушылығын тудырғаны анық. Әр түріне жеке-жеке тоқталып айтатын белдесу жеткілікті болды. Мысалы, грек-рим күресінде Мейіржан Шермахамбет пен Алмат Кебіспаев(67 келі), сосын Айдос Сұлтанғали мен Мейрамбек Айнағұлов (60 келі) айқасы. Екі салмақ та Олимпиада бағдарламасына кіреді. Яғни, лицензия үшін таласатын балуанды анықтау қажет. Әйелдер арасында жіті назар аударатын белдесу Жәмилә Бақбергенова мен Эльмира Сыздықова текетіресі. Аса ауыр салмақта 7 балуан ғана болған соң айналмалы жүйе бойынша кім мықтыны анықтады. Жәмилә мен Эльмираның алғашқы белдесуінде тәжірибе бәрін шешті. Осылай ол психологиялық тұрғыдан басымдыққа ие болған. Финалда сол сезіліп тұрды. Бәрі Эльмира мен оның бапкерлері ойлағандай келе жатқан. Алайда әккі қарсыластың бір ғана қателігі, бір сәт босаңсуы Жәмилә үшін жеткілікті болды. Бақбергенова Олимпиадаға дайын. Еркін күрестен Ризабек Айтмұханның 97 келіде бақ сынайтыны бәсекенің бәсін о бастан арттыра түскен. Көппен бірге Ризабек пен Әлішер арасындағы финалды асыға күттім. Бұл алыптар айқасы, әлемдік деңгейдегі суперфинал болды. Шешуші белдесуде Ризабек көп аңдысқан жоқ. Әлішерге өте қарқынды шабуыл жасады. Алғашқы 3 минутта Әлішер бұл қарқынға ілесе алмай жатты. Ризабек жылдамдықтың арқасында оны әбден тығырыққа тіреді. Әлем чемпионының осы деңгейде күресті жалғастыруына жарақаты кедергі болды деп ойлаймын. Ризабек Ресейде оқу-жаттығу жиыны кезінде алған тізе жарақатын толық емдеп үлгерген жоқ. Айқастың аяғы толық Әлішердің бақылауында болды. Денесінің ірілігін жақсы пайдаланып, тықсырып ұпай ала берді. Сосын асыққан Ризабекті бірнеше рет қарсы шабуылмен күтіп алды. Еркін күресте мені қызықтырған тағы бір белдесу Сырбаз Талғат пен Нұрқожа Қайпанов арасында өтті. Мұнда Нұрқожаның былтырғы сәтсіздіктен сабақ алғаны көрініп тұрды», – дейді. 

Грек-рим күресінен жетісулық балуандар жарады. Жалпыкомандалық есепте Жетісу облысы бірінші орын алса, одан кейін Шымкент қаласы мен Алматы облысы үштікті түйіндеді. Кіші салмақта (55 келі) күрескен жетісулық Нұрзат Қабдырахимов қарсыласқа шақ келтірмеді. Ол финалда астаналық Айбек Айтбековтен басым түсті.Бұл салмақта үшінші орынды алматылық Ербол Камалиев пен түркістандық Әден Қасым алды. 

– Әр қарсылас оңайға соқпады. Физикалық тұрғыда өте қиын болды. Бұл жеңіспен тоқтап қалмауға тырысамын. Алдағы болатын ірі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғағым келеді, – деді өз сөзінде Нұрзат Қабдырахимов. Ал 60 келіде финалда күрескен Ғалым Қабдунасаров қауқарлы қарсыласы Айдос Сұлтанғалиден 1 ұпайға жеңіліп, күміс алды. Жарыстың бірінші күні жүлде алған тағы бір жетісулық 82 келіде күрескен Альмир Төлебаев финалда атыраулық Евгений Поливадовтан жеңілді.

– Жалпы облысымыз 2001 жылдан бері жалпыкомандалық есепте алдыңғы қатардан көрініп келеді. Алматы облысы бөлінген тұста көп білікті мамандарымыз, тәжірибелі балуандарымыз ауысып кетті. Осы чемпионатта күресіп жатқандардың басым көпшілігі жас балуандар. Мәселен, 60 келіге ауысып күрескен жастар арасындағы әлем чемпионы Исхар Құрбаев қолындағы жарақатына байланысты ашыла алмады. Сол сияқты 87 келідегі Диас Қален де жарақатынан шыға салып, кілемге шықты. Ал Дінмұхамед Омаров (67 келі), Диас Қалтай (77 келі) сынды жастарымыз жақсы күресті. Қола медаль үшін күресіп жеңілген Ілияс Дәуітов (63 келі), Нұрғали Жантас (97 келі), Құрмансейіт Адай (130 келі)сиқяты балуандарымызға бір қадам жетпей қалды. Осы балуандарымызды дайындауға көмектескен бапкерлер құрамындағы Есхат Ахмадиев, Нұртай Нұрғалиев сынды азаматтарға алғысымды білдіремін, – дейді облыстағы грек-рим күресінің аға бапкері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Азамат Көкебай. Ал еркін күрес пен әйелдер күресінен облысымыз тек бір-бір ғана жүлде алды. Еркін күрестен 57 келіде сынға түскен Ерасыл Мұхтарұлы алтын алды. Финалда жамбылдық Рахат Қалжаннан басым түсті. Олимпиада жүлдесін алған Мәулен Мамыровтың, әлем чемпионатынан жүлделі келген Дәурен Жұмағазиевтің, Азия чемпионатынан олжалы оралған Жандос Исмайловтың інілері бүгінде ойдағыдай өнер көрсетіп жатқан жоқ. Ал әйелдер арасындағы күресте жүлде алған жалғыз жетісулық – Ая Шөкенова (62 келі, қола медаль).

Жанкүйерлерге байыз таптырмаған, көңілге күдік ұялатқаны легионер мәселесі. Ұлардай шулаған жұрт шеттен келіп Қазақстан чемпионатында күресуіне наразы екендіктерін де әлеуметтік желіде, трибунада ашық айтып жатты. Бұл тұрғыда Азия күрес федерациясының баспасөз хатшысы Дулат Кәрібай: «Легионер мәселесіне федерациялардың қатысы жоқ. Көк паспорты бар, ал оның конституциялық құқығын шектей алмаймыз. Оны кімдер берді, өзі қалай алды, соған қолғабыс болғандардан сұрау қажет. Бұл жөнінде Мадияр Құрамыс ағамыз да жақсы айтып кетті. Сондықтан да мән-жайды білмей жатып федерацияға төнген әріптестерімізді, жанкүйерлерді де жан-жақты қарауын сұраймыз. Жалпы жеке өзім легионерлерге қарсымын. Шетелдегі қандай жарыс болмасын өзіміздің қаракөздеріміздің барғаны әлдеқайда артық. Легионердің алып берген алтынында салмақ болмайды. Ал биылғы ел чемпионаты ерекше өтті. Жоғары деңгейді қамти алды. Өйткені залдың көркемдігі, транциялардың берілуі, күрестің сапасы бәрі ойдағыдай болды. Маған ұнаған балуандар өзіме жаңа есім болып жарқ еткендер: грек-рим күресінен 55 келіде күрескен жетісулық Нұрзат Қабдырахимов, еркін күрестен 79 келіде белдескен Мағжан Жаңбырбай. Қола медаль алса да күресу әдісі маған ерекше әсер сыйлады. Қыздар арасында кіші салмақта чемпион болған алматылық Лаура Ғаниқызының шеберлігіне сүйсіндім. Болашағы әлі алда. Ал еркін күрестегі Әлішер Ерғали мен Ризабек Айтмұханның кездесуі – суперфинал. Бұл белдесуді әлем көрді. Бүкіләлемдік күрес ұйымы да өз парақшаларына жүктеді. Жанкүйерлер көптен бері дәл осындай кездесу көрмеген шығар. Ризабек – феномен. Оның күресу стилі, бәрі ерекше. Сенсеңіз, осы чемпионаттан екі апта бұрын Ризабекті балдақпен көргенмін. Дәл осындай сынның алдында, жаңа салмаққа алғаш рет белдесіп тұрып дәл осындай күрес көрсетуі бұл – нағыз жанкештілік», – дейді.

Биылғы ел чемпионаты жанкүйер жадында ұзақ сақталары анық.

Серік ҚАНТАЙ