Елена Рыбакина Дохада қарсыласын ойсырата ұтып, 1/8 финалға өтті

Уақыты: 14.02.2024
Оқылды: 369

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына өтті.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 57-орында тұрған қытайлық Чжу Линьмен ойнады.

Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді. 2019 жылы Аустралия ашық біріншілігінде қытайлық спортшы 6:2, 6:4 есебімен ұтса, кейін сол жылы қыркүйекте Е.Рыбакина Уханьда (Қытай) қарымта қайырды – 7:5, 2:6, 6:0.

Бұл жолы Елена матчты бірден брейкпен бастады – 2:0. Содан кейін сетті тағы бір брейкпен бітірді – 6:2.

Екінші партия да осылай өрбіді – 3:0. Тағы бір брейк – 5:1. Матчқа доп бергенде де қиналған жоқ – 6:1.

Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Е.Рыбакина 7 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ.

Мінбеден Е.Рыбакинаны өз командасы ғана емес, Қазақстан Туын көтерген жанкүйерлер де қолдап отырды.

Елена Рыбакина жүлде қоры 3,2 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 23-ракеткасы, америкалық Эмма Наварромен таласады.

Елена Рыбакина өткен жылы Доха додасына қатыспаған екен. Биыл мұнда қазірдің өзінде күтпеген нәтижелер болып жатыр. Мысалы, әлемнің үшінші, алтыншы және 9-ракеткалары, америкалық Кори Гауфф, тунистік Онс Жабер, грекиялық Мария Саккари екінші айналымда-ақ жарыс жолынан шығып қалды.

Фото: ktf.kz