ОЛИМПИАДАНЫҢ ІРІКТЕУ ТУРНИРІНЕ БАРАТЫН БОКСШЫ ӨЗАРА КЕЗДЕСУДЕ АНЫҚТАЛМАҚ

Уақыты: 29.03.2024
Оқылды: 569

Париж Олимпиадасына жолдама беретін соңғы іріктеу турниріне баратын боксшы ресми түрде спарринг арқылы анықталмақ. Бокс федерациясының Атқарушы директоры Рауан Игеневтің айтуынша, мұндай қадамға баруға бірнеше фактор себеп болған.
 

«Біз 63,5 келі салмақтағы барлық боксшыға мүмкіндік беруді жөн көрдік. Ең бірінші мақсатымыз да – осы.

Осы салмақта бұрыннан жүрген жігіттер  - Ертуған Зейнуллинов, Жандос Қыдырәлиев, Мұхаммедсабыр Базарбайұлына да, жастар құрамасындағы Төрехан Сабырхан да, осы салмаққа жақында ауысқан Серік Теміржанов та, салмағын енді реттеп, 63,5 келіге түсірген Дулат Бекбауов та шаршы алаңға шығады. Сонда ешкімнің бізге де, бапкерлерге де сұрағы болмайды деп ойлаймын. Бәрін әділетті түрде халықтың алдында шешеміз.

Бокс біздің меншігіміздегі нәрсе емес. Бұл ең алдымен халыққа керек дүние. Сондықтан, мұндай кезде жанкүйер пікірімен санасқан да дұрыс. Ешкімнің ішінде өкініш қалмайды. Олимпиадалық салмаққа ауысты ма, ендеше, Дулаттың да шамасын байқаймыз.

Әзірге, турнирдің қандай форматта өтетінін анықтау үстіндеміз. Бұл бапкермен, басшылықпен ақылдасып шешілетін мәселе.

Біздің түпкі мақсатымыз – Олимпиада ойындарына жолдама алып, Парижде ел намысын абыроймен қорғау. Сол жолда қызмет етуді жалғастырамыз», - деді ҚБФ Атқарушы директоры Рауан  Игенев.


Қазақстан жеті олимпиадалық салмақтың алтауында Олимпиада жолдамасын алды. Енді тек 63,5 келідегі лицензия мәселесі шешілген жоқ.

Фото: olympic.kz