"АЙҚАРАКӨЗ-2" - ЕЛ ЧЕМПИОНЫ

Уақыты: 17.04.2024
Оқылды: 331

Жетісулық жас қыздардан жасақталған «Айқаракөз-2» волейбол командасы Түркістанда өткен 21 жасқа дейінгі Ұлттық лиганың қосалқы командалары арасындағы ел чемпионатында жеңіске жетті. Оксана Адамова жаттықтыратын команда финалда «Берел-2» командасын бірінші күні 3:0 (25:11, 25:19, 25:14), екінші күні де 3:0 (25:14, 25:20, 25:18) есебімен ұтты.


Жетісу жері еліміздегі волейболдың негізгі аймақтарының бірі саналады. Жыл санап жас, жақсы ойыншылар қатарға қосылып, өз спорттық мансабын сәтті жалғастырып келеді. Бұл тізімді Ұлттық құрамада және ел біріншілігінде айтарлықтай көзге түсіп жүрген Татьяна Никитина, Юлия Якимова, Бота Уатаева, Томирис Сағымбаева деп жалғастыруға болады. Ал олардың соңынан еріп келе жатқан жетісулық жас волейболшылар да еліміздің чемпионы атанып, келшекке нық қадам жасап отыр. 

Түркістанда өткен шешуші кезеңде барын салған «Айқаракөз-2» командасы қарсыластарынан бір бас жоғары ойын көрсетті.

– Әрине, жеңіске жеткен кез келген жан қуанады. Бірақ, біздің бүгінгі қуанышымыз – ерекше. Ұлттық лигада жасымызға қарамастан тәжірибелі ойыншылармен иық тірестіре ойнасақ, өз жасымызда сол ойындардың көп көмегі тиді. Біз үшін әр кездесу жауапты болды. Әр ойында тактикалық тұрғыдан да, жеке шеберлігімізден де қателік жібермеуге тырыстық. Барымызды салдық. Ерекше айта кететін ойын болса, ол жартылай финалда болған «Тұран-2» командасымен өткен кездесу. Жанкүйерлер де көп және ойынның жылдамдығы да жақсы болды, – дейді «Айқаракөз-2» командасының ойыншысы Әдемі Тәжіғұл.

Жетісу жеріне арнайы іссапармен келген ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев та «Айқаракөз-2» командасын жеңіспен құттықтап, арнайы залға бас сұқты. Келешегінен мол үміт күттіретін жас ойыншылардың бұл қадамын ерекше бағалап, келесі маусымға сәттілік тіледі.  

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"