Ағалыққа тұра алған - даналықта ту алған

Уақыты: 05.06.2017
Оқылды: 2018

Қашанда қабырғалы қазақтың қасиетті сөз өнері өзге құндылықтардан биік тұрғандай көрінеді. Сондықтан да болар, кеудесі кенді жандар артына бөз аманаттамаса да  сөз қалдыруға тырысып отырған. Бұл ұрпақ үшін. Сонымен қатар олар ел болашағын ойлағандықтан жүрегінде жатқан көмбе жауһарларды қаламның құдіретімен хатқа түсіруден жаңылмаған. Ал, сол нәсілі асыл перзенттерінің еңбегі мен ішкі мақсат-мұратын парасаттылықпен пайымдай білетін текті жұрт ақынын ардақтап, қаламгерін құрметтеп жатса, бүгінде руханият атты ұлы мұхитқа бұлақтар қосылып, арда өнердің арнасы кеңеюде. Оған дәлел  мемлекет қайраткері, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің жуырда жарық көрген «Өмір өрнегі» атты кітабы.

Халық қалаулысының қазақ руханиятына қосқан осы бір елеулі еңбегі Талдықорған қаласындағы  Тіл сарайында ерекше аталып өтті. 
Аталмыш жинақтың тұсаукесер кешін белгілі журналист, облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек жүргізді. Тамыры тереңге кеткен ұлттың құндылықтары мен тарихи тұлғаларының қалдырған мол мұрасынан тартып, күн санап  жарыққа шығып жатқан сан кітаптың сапасына тоқталып, олардың ішіндегі оқырманды ойландыратын, рухани ләззат сыйлайтын шығармалар жайлы кеңінен толғанған кеш жүргізушісі еселі еңбегімен ел ықыласына бөленіп, халқының құрметіне кенеліп жүрген қайраткердің қаламынан туындаған жинақтың әдебиетімізге қосылған сүбелі үлес екенін ерекше атап өтті. Одан кейін автор жайлы облыстық телеарнаның арнайы дайындаған бейнефильмі көрермен назарына ұсынылды.
«Тәрбиелік мәні терең тәмсіл сөздерді естіген сәтте есте сақтауға тырысамыз. Көбіне сан ойлардың қатпарында ұмытылып та кетеді. Әңгіме үстінде естігенімді жазып аламын. Байқасам, біраз дүние жинақталыпты. Оны суырмада қалдыруға қимадым. Сосын бекер қалмасын, жастарға тәрбие, тұрмыста қажет болар деген ниетпен осы бір азын-аулақ дүниенің басын құрауға бел байладым», – деген кітап авторының бұл жинағы Ұлы Дала ділмарларының шешендік шиырлары жинақталған, жауһарлары тізіліп, асылдары сүзілген туынды. 
Шара барысында аталмыш кітапты жарыққа шығарған «Арда» баспасының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Асқар Алтай сөз алып, кітап мазмұнын,  Серік Әбікенұлының адамгершілік қасиеті мен рухани болмысын ерекше ілтипатпен әңгімеледі. 
Қаламгер лебізінен кейін Еңбек Ері Күләш Айтжанова мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы-ақын  Әли Ысқабай салтанатты түрде «Өмір өрнегі» кітабының лентасын қиды. Сондай-ақ, Серік Үмбетовті ел басқарған азамат және рухани тұлға ретінде қадірлейтін Еңбек Ері К. Айтжанова шашу шашып, кітап оқырманы көп болсын деген тілегін жеткізді. Одан кейін көрермен қауым қоғам қайраткері, еңбек  ардагері Бәтима Сақауованың авторға деген ақжарма тілегін көгілдір экран арқылы тыңдады. 
Ақиқатында Алаштың көрнекті жазушысы Несіпбек Дәутайұлының: «Өмір өрнегі» кітабында Секеңнің ұстанымы – заманалар тудырған қазақтың қанатты сөздері, қилы-қилы жағдайда қисынын тапқан байламдары жас ұрпақтың қажетіне жараса деу. Бұл – қайраткер азаматтың жанашырлығы. Келешекке бейжай қарай алмайтындығы», – деген авторға арналған ізгі ниетімен жалғасқан жинақтың жалпы мазмұны халық құндылықтары мен даналық сөздерін кеңінен баяндау, ұрпақ санасына сіңімді әрі оңтайлы жолмен талдау, бедерлеу және автордың өзіндік пайымы арқылы көңілдегі көркем дүниелерін келешектің қажетіне жарату сынды асыл армандарды арқалап тұр. Мұны көзіқарақты һәм талғампаз оқырмандар бірден аңғарады. Міне, осы кітаптың авторы ел мүддесін ойлаған қоғам және мемлекет қайраткері ғана емес, салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымыздың қадірін тереңнен толғап жүрген жан. Ал өңірімізде басшылық жасаған жылдары еткен еңбегі елеулі. Бұл жайлы облысымыздың Құрметті азаматы Аманғазы Шегіров кеңінен баян етті. 
Өз кезегінде сөз алған облысымыздың Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, қаламгер  Наурыз Қылышбаев та автордың еселі еңбегі мен атқарған ғибратты істеріне тоқталып, «Кітап – ұрпаққа аманатталған асыл қазына. Бұл ретте халқын ойлайтын азаматтың қаламгерлік қасиетінен туған қос бірдей кітабы – болашаққа қалдырар жарқын ізі», – деп бағалады. 
Ал Серік Үмбетовтің сыныптасы, белгілі журналист Күмісжан Байжан халық қалаулысының адами қасиетіне жан-жақты тоқталып, рухани болмысын тебіреніспен толғады. Сонымен қатар, кітапты жарыққа шығарған «Арда» баспасының директоры, жазушы Асқар Алтайға сыныптастары атынан тарту-таралғы жасады. Мұндай сыйды Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанғаны үшін Әміре Әрінге және Серік Әбікенұлының кітабын баспаға дайындауға үлесін қосқан Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі,  ақын Нүсіпбай Әбдірахымға да көрсетті. 
Рас, руханиятқа жақын Серік Үмбетовтің Жамбыл мен Алматы облысында көтерген бастамалары мен салған ізі жетерлік. Оның Талдықорған қаласындағы «Иман» мешіті, Тіл сарайы, Достық үйі сынды бірқатар мекемелердің бой көтеріп, облыс орталығының көркеюіне күш салғаны көпшіліктің есінде. Ал жыл сайын жергілікті ақын-жазушылардың кітабы облыс әкімінің қолдауымен шығып жатқаны да көзіқарақты жандарға таңсық емес. Міне, өңір руханияты үшін жасалған осы бір істің ақ бастауында тұрған мемлекет қайраткерінің есімі ерекше аталынады. 
Ел азаматының осы бір қырларын алма-кезек сөз алып, ниетін білдірген өңір зиялылары тілге тиек етсе, өз кезегінде лебізін білдірген Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін кітап мазмұны мен қаламгер қасиетін тереңнен толғады.
– Құрметті ағайын! Түгел сөздің түп-атасы атанған Майқы бидің «Тұлғалы би – нұр тұнған, туғанды би – пұл қуған, жасанды би – құл туған», – деген тамаша даналығы бар. Мен елінің құрметіне бөленген, сөздің мәйегін терген Серік Әбікенұлын тұлғалы би деп білемін және ХХІ ғасырдың Майқысы деп есептеймін, – деді ол. Сонымен қатар ойдым-ойдым ой айтып, шешендерше шешіле сөйлейтін қаламгер:  «Ағалыққа тұра алған – даналықта ту алған», деген тамаша тіркесті ақынға тән шабыт үстінде тудырып отырғанын, бұл тың мақалдың мазмұнына          С. Үмбетовтің арда болмысы негіз бола алатындығын атап өтті.
Алқаусыз тілектер мен аталы сөздер айтылған кеш барысында Мәжіліс депутатының шарапатын көрген Ілескен Әлбатыр атты жас ақын  қамқоршы ағасына деген арнау өлеңін оқыды. 
Айта кетелік, осыдан екі жыл бұрын Серік Үмбетовтің «Ой иірімдері» атты  кітабы жарық көрген болатын. Жүрегінен өрілген туындылар жинақ болып оқырманымен қауышқанда сөз қадірін ұғынар жастар мен азаматын ардақтаған Алаш жұрты халық қалаулысының қазыналы мұрасымен танысып, жазбаны жылы қабылдаған еді. Бүгінгі таңда жарық көрген екінші жинағы да рухани шөліркеген жандардың рухына серпіліс беретін, жанын жадырататын туынды екені анық. Мұны «Өмір өрнегі» кітабын оқып шыққандықтан тілге тиек етіп отырмыз. Бұл еңбекте кешегі данышпан Абай мен Шәкәрімнен бастап, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының қаламынан туындаған көсемсөздер мен даналық ойлар тізбектеліп, оларға тереңнен талдау берілген. Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ұлттық рухты асырған тарихи мақаласында көтерілген мәселелермен сабақтасқан ойлар да кітап бетінде көрініс тапқан. 
Мазмұны мен маңызы жағынан да ел руханиятынан өзіндік орын алар тамаша туындылар топтасқан жинақ тұсаукесерінің қорытынды сөзін тамаша кештің өтуіне мұрындық болған, талай жыл облыс идеологиясының шырағын маздатқан республикалық «Кәсіпкер» журналының директоры Гүлжиян Сүлейменова алды. Ол өзімен рухани жақын араласқан, талай уақыт бірлесе еңбек еткен азаматтың адамгершілік келбеті, дара болмыс-бітімі жайлы сөз етті. Сонымен қатар «Ой иірімдері» секілді бұл жинақтың да өзіне ерекше әсер еткенін жеткізіп, аталмыш еңбекті жоғары бағалады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ