МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫ ЖАЙЛЫ АЙТҚАНЫ

Уақыты: 10.10.2021
Оқылды: 1971

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумында ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫНА қатысты Мемлекет басшыларының арасында пікірталас болды. Әдеттегідей Қасым-Жомарт Кемел-ұлы өзінің кенен білімін көрсетіп, Экология министрінің жауабына қанағаттанбай, ДАЛАЛЫҚ ЖОЛБАРЫСТЫҢ біздің жерімізде өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін өмір сүргенін айтты.

ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫНЫҢ біздің жерімізде өмір сүргені және оның ұлтымыздың әдебиеті мен фольклорына үлкен әсер еткені айдан анық. Балқаштың қалың қамысы мен Іленің төменгі алабында, Шудың бойында жолбарыстың көп болғаны қазақ әңгімелерінде жиі айтылады.
«Балқаштың барыс жортқан қамысындай» деген сөз халқымыздың арасында ну қамыстай кеңдіктің белгісі ретінде қанатты тіркеске айналып кеткен. Қазақ әдебиетінің классигі Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» дастанында Балқаштың барысы туралы керемет эпизод бар. 
Дастан қаһарманы Келденбай қалмақтың қолынан құтқарып алып шыққан жары Құралай сұлу қазақтың қалың ортасына кіргенде батырға өтініш қылып Балқаштың суына түседі. Батырдан қымсынып, шоқ қамыстың далдасына суға түсіп жатқан сұлуды жолбарыс жазым етеді. 
...Кейін өмірі баланы арман еткен атақты бай бала көре алмай айналасынан «Бұл жалғанда армансыз пенде бар ма екен?», – деп сұрағанда айналасы «Он тоғыз ұлын он тоғыз ауыл етіп шығарып отырған, дәулеті судай тасыған бір армансыз адам болса, Келденбай батыр армансыз шығар», – деп жауап береді. Келденбай батырды іздеп келген арманды бай:
Бақ мынау, байлық мынау, бала мынау,
Келдеке, сізде арман жоқ шығар-ау?
– деп сұрайды. Сонда Келденбай жаудан құтқарып, елдің ішіне жеткенде ЖОЛБАРЫСТАН жазым болған сұлу жары Құралай туралы айтады. Сонда бай «Бұл дүниеде армансыз пенде болмайды екен», – деп іштегі шерін шығарыпты дейді.
«Қамбар батыр» жырында: 
Сол уақытта жолбарыс
Түгінің бәрін жатқызып,
Құлағын жымып жапырды.
Көріктей ашып ауызын,
Ырылдап жаман ақырды, 
Даусы жерді көшіріп,
Нар маядай бақырды.
Бүркіттей жазып тырнағын,
Тұлпарға барып асылды,
– деп келетін тұстар бар. 
Біз бір жырды ғана мысалға келтіріп отырмыз. Әйтпесе, қазақ жырының кез келгенінен ЖОЛБАРЫС туралы эпизод табуға болады.
Ал атақты жазушы Мұхтар Мағауинның «Шақан шері» романын баршаңыз оқыдыңыз. Бұл шығарма ұлы далада жортып өткен жолбарыстың біздің руханиятымызға әсері қандай болғанын көрсетеді. Сол ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫ үшін кеше Президентіміздің шыр-пыр болып, баласын арашалағандай сөзге кіріскені көңілімді толқытты. 
...Сұс пен сұлулыққа сұқтанған жан аз болмаған секілді. Тұран жолбарысының терісіне Дала губернаторы Перовский қатты қызығып, оны аулауға арнайы пәрмен беріп, әр теріге 25 сомнан сыйақы тағайындаған екен. Ал ең соңғы ЖОЛБАРЫСТЫ 1936 жылы орыс аңшылары атып алған. Кеңес одағының 1947 жылы шығарған ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫН атуға тыйым салу туралы қаулысы тым кеш қолға алынған дүние еді. 
«Біз осы жолбарыстардың популяциясын қалпына келтіру бойынша халықаралық жобаны дамытып жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Балқаш пен Іленің, Талас пен Шудың ну қамысына ежелгі тұрғын ЖОЛБАРЫС келсе, бұл Ұлы Дала үшін «өшкені жанған» жаңалық болар еді. 
Шүкір, адамың тұрмақ, аңыңа ара түсетін Президентің бар, Алаш баласы!

Ербол Алшынбай