ЖЕМҚОРЛЫҚ - ЖҰЛЫНҚҰРТ

Уақыты: 24.10.2017
Оқылды: 1303

     Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің ғимаратында қоғамдық тыңдау өтті. Онда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясы: мемлекет пен қоғамның күшін біріктіру» атты тақырыпта бейнеконференциялық байланыс ұйымдастырылды.

 

     Оған облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау, мемлекеттік органдар және үкіметтік емес, этно-мәдени ұйымдар, сондай-ақ, азаматтық қауымдастық институттарының өкілдері қатысты. Жиында Қазақстан Республикасының 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының орындалу барысы және оны жүзеге асыру бойынша 2018–2020 жылдарға арналған жоспардың жобасы талқыланды. 
     Аталған тақырып аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев, Мемлекеттік қызмет саласының өңірлік хабының атқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, ЕҚЫҰ-ның Бағдарламалар кеңсесінің басшысы, Астанадағы елшісі Дьердь Сабо, БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөнінде арнайы мониторингтік тобының басшысы Нұрлан Ерімбетов және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Салауат Мүксімов хабарлама жасады. 
    Жиында бүгінде сыбайлас жемқорлықтың әлемнің кез келген елінде өзекті мәселеге айналып отырғаны, оның қоғамға тигізер зияны мен зардабы, оған қарсы күрес жүргізіп, алдын алу іс-шараларын қамтамасыз ету керектігі, жемқорларды заң бойынша жазалап, олардың жолын кесу қажеттігі жан-жақты сөз болды. Сондай-ақ, қоғамдық бақылау институтын енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жеке және квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, мүмкіндігін азайту мәселелері бойынша пікір алмасып, орамды ойлар ортаға салынды.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ.