Браконьерлік тыйылар емес

Уақыты: 28.10.2017
Оқылды: 1473

Аңшылық маусымының  ашылғанына  аз ғана уақыт болса да,  жолдама алып, қанжығалары майланған аңшылар қауымы  дән риза. Ал еліміздің аң-құсын, балығын заңсыз жолмен аулауды кәсіп қылған браконьерлер әрекеті әлі де тыйылар емес. Сондықтан, браконьерлермен күресу баршамыздың басты міндетіміз.
Қазіргі таңда облыс аумағында табиғатымызды,  өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау барысында 15 коммуналдық орман шаруашылығы мекемесі, 5 ұлттық табиғи парк, 2 қорық, 109 аңшылық, 36 балық   пайдаланушылар   жұмыс істейді. 
ҚР Ауылшаруашылық министірлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі тарапынан 2017 жылы  құстардың ұя басу мезгілінде көктемгі аңшылыққа және 2017 жылдан бастап мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде аң аулау  түрлеріне тыйым салу туралы шешім қабылданған. Алайда  аңшылыққа қарсы осындай ауқымды шаралар қабылданса да заңсыз аң аулаушылыр азаяр емес.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері жыл басынан  бүгінге дейін 1640 рейдтік іс-шара жүргізді. Нәтижесінде   табиғатты қорғау заңнамаларын бұзған  625-тен астам дерек тіркеді және 17 іс қозғады. Атап айтқанда, 610 жеке тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, 5 жеке тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік жауапкершіліке тартылғандарға  10 млн. теңге көлемінде  айыппұл салынып, 8 млн. 200 мың теңге  өндірілді.  Келтірілген залал көлемі 2 млн.682 мың теңге, өндірілгені – 1 млн. 800 мың теңге.  Браконьерлерден 13 аңшы қаруы, 730 балық аулау құралдары және  басқа да айғақ заттар алынды. ҚР Конститутциясының 38-бабында Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті деп жазылған. Осыған орай табиғат байлығы – өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтауға, санын молайтуға үлес қосу – баршаның міндеті. 


Б. НОҒАЙБЕКОВ, 
облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының аңшылық 
шаруашылығы бөлімінің бас маманы.