Абақтыдағы аналар

Уақыты: 30.07.2016
Оқылды: 2328

Темір тордың ар жағындағы нәзік жан­ды­­­­лар­­дың жай-күйімен танысудың, олар­мен тіл­­­­де­судің оңайға түспесін білсек те Жау­­ғаш­­ты елді ме­ке­нінің аумағында ор­на­лас­­­қан ЛА-155/4 тү­зету мекемесіне ат ба­­­сын бұрсақ деген ой­дан айнығанымыз жоқ. Өйт­кені, жа­зық­ты­лар­ды қоғамнан тү­­бе­гейлі алшақтат­пауы­мыз ке­рек. Ел ара­­­сында «Әйелдер ко­ло­ниясы» де­ген атау­­мен танымал бұл қапаста бүгінде 570 жа­­засын өтеуші бар. Олардың ба­сым көп­­ші­­­лігі кісі өлтірген, алаяқ­тықпен ай­на­лыс­­қан жә­не есірткі саудалағандар.

 

САҒЫНЫШ

Қатаң тексеріспен темір есіктің бір­не­шеуінен өткен соң, талайдың жылап кіріп, ысылып шығатын аймағына табанымыз тиді. Тағы да бойды бір үрей билеп тұр. Бірақ бағанағыдан өзгеше. Сұп-сұр нысан мен биік-биік қоршаулар. Нөсерлеп жауған жауын да көңілді жабырқатуын қояр емес. Алайда мұндағы қыз-келіншектердің көбі ауа райының қолайсыздығына қарамастан қызу жұмыс үстінде. Бізді қарсы алған мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әділет капитаны Болат Ама­нов колония қызметшісіне алдымен меке­менің жай-күйімен таныстырып шығуды тапсырды.  

Тәртібі жақсы жазасын өтеушілер ме­кеменің өнеркәсіп аймағында («пром­зона» дейді өздері) тігін тігу бойынша тапсырыс қабылдап, сиыр, балық етінен тағам дайын­дайды. Сондай-ақ, абақтыдағы ақтау-сыр­лау жұмыстарын да атқарады. Тігін тігу, май құю цехтары бар. Бұған қоса мұнда қыл­мыстық-атқару жүйесі комитетінің өзге мекемелерінде жоқ тәжірибе цехы жұмыс істейді. Онда істейтін әйелдер әскери жо­ғары лауазым иелеріне арналған арнайы киім тігеді. Жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылған. Орындаған тапсырыстың кө­ле­міне қарай жалақы да алады.

Тап-тұйнақтай колония аумағының әр жерінде орамал таққан әйелдер жүр. Олар­дың әрқайсысының сарғайған жүздерінен сағыныш табы бірден байқалады. Суретке түсіріп, кадр жинап жүрген фототілшімізге тігін цехындағы жасы елу шамасындағы әйел: «Осы суретті менің үйіме жіберші», – деп өтініп, бостандықтың бағалы екенін айтты. Күнде қайталанатын бір тірлік, бір жұ­мыс. «Жалықтым болды» дейтін емес. Өзін жақсы қырынан көрсетіп, жазасын өтеу мерзімінен бұрын бостандыққа шығу, жақындарымен қауышу. Міне, қамауда­ғы­ларды алға жетелейтін тек осы арман ғана. Мұнда кітапхана, мұражай, моншақ тізу, сурет салу секілді түрлі үйірмелер, жат­ты­ғу залы болса да көңілі ортайған әйелдерді бұл да қуанта қоймасы анық. Тек зерігіп кетпес үшін бірінен-бірі жаңа дүние үйре­ніп, қайғы-мұңын ұмытуға тырысады.   

Сағыну дегеннің қадірін «воляда» жүр­генде біле бермейді екенсің. Осы қа­пас­қа келгелі бері сағыныш сезімін әбден се­зіндік. Ата-анамыз бен бауырлары­мыз­ды көргіміз келеді. Әсіресе, анамызды қат­ты сағынамыз. «Зонадағы» біз үшін ең қуанышты сәт – ата-анаңмен, бауырла­рың­мен жүздесу. Мұндай керемет сәтті ко­лониядағылар ешқандай алтын-күміске айырбастамайды, – дейді қарбалас жұмыс үстіндегі бір топ қыз-келіншек. 

 

СӘБИ ҮНІ

Түрменің сызы әбден өткен мұндағы әйелдердің бетін терең әжім торлаған. Жанып тұрған жанар жоқ. Көзқарастары да суық. Әдемі жас қыздардың өзі шынайы күле алмайтындай көрінді бізге. Тағдыр тауқыметін тартқан олардың әрқайсысы іс­теген қылмысына шын өкінетіндей. Алай­да мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Амановтың айтуынша, бостандыққа шығып, колонияға қайта тү­се­тіндер де жоқ емес.    

Түзету мекемесінде бес жүзден ас­там азаматша жазасын өтеуде. Кәмелет жа­сына тол­ма­­­ғандарға арналған бөлек бөлім де бар. Мұндағылар ең ұзағы 22 жыл­дан 25 жыл­ға дейін отыр. Ең аз жаза өтеу уақыты   1 жылдан 3 жылға дейін. Бізде көп оты­ра­тындардың мерзімі 5 пен 10 жылдың ара­­сы. Заң талаптарына сай кез­десу уа­қы­ты белгіленеді. Ол ұзақ және қыс­қа мер­зім­ге деп екіге бөлінеді. Ұзақ мерөзімге (екі күн) кіруге  күйеуі, анасы, бір туған­да­ры ғана рұқсат ала алады. Өз­ге­лері қыс­қа мерзімге екі сағаттық жүз­десуге құ­қылы. Бір жасақта 100 немесе 60-70 әйел бола­ды. Өздеріңіз білесіздер, бір үйге екі әйел­дің сыйысуының өзі қиын. Оның қа­сын­да 70 әйел салыстыруға кел­мейді. Тө­белесу осындайда орын алады. Әрқай­сы­сының көзқарасы әртүрлі. Сот­тал­ған соң әйел­дер­дің өзін-өзі бағалауы төмендеп, психо­ло­гиясы күрт  өзгереді. Сол уақытта бір емес, екі емес, үш рет тәртіп бұзулары мүмкін. Мұндай жағдайда қатаң шартта жеке алты ай ұсталады. Ол жабық түрде болады. Шығарылмайды, өзіндік шектеу­лері бар. Колонияда Мұқа­ғали кеші, сұлу­лық байқауы, Наурыз мере­кесі сынды  түр­лі мәдени шаралар өткізіп тұ­рамыз. Сырт­­тан «Қоңыр», «МузАРТ», «Дома­жор» се­кіл­ді топтар мен эстрада әнші­ле­рі келіп өнер көрсетеді. Бұл да қамау­да­­ғыларды қуа­нышқа бөлейді, – деді біраз мәліметтің ба­сын ашқан Болат Аманов. 

Айта кетейік, мұнда колонияға жүкті болып немесе жөргектегі баламен түсетін келіншектерге де жағдай қарастырылған. Еліміз бойынша әйелдер жазасын өтейтін осындай алты түзету мекемесі бар. Солар­дың ішінде «балалар қалашығы» тек Жау­ғаш­тыдағы әйелдер колониясында ғана. Бүгінде мұнда сотталған 34 әйелдің баласы бар. Олар бостандық дегеннің қадірін әлі түсіне қойған жоқ. Бірақ оң-солын танып, абақтыда дүниеге келгенін білген сәтте қандай күй кешерін ойлаудың өзі қиын.

«Балалар қалашығындағы» сәбилер үш топқа бөлінген. Ең кішкентай топ жөргек­те­гілер, яғни 10 айға толғанға дейінгі сәбилер. Он айдан бір жас алты айға дейінгілер екін­ші топта. Одан соң бір жас алты айдан           3 жас­қа дейінгілер үлкен топқа жатады. Үш жастан соң бала үйіне қайтарылады, үй іші, туған-туысы одан бас тартса, жетімдер үйіне жіберіледі. Бұл – анасының шалыс басуы­нан бір баланың тұтас тағдыры шыр етіп дүние есігін ашқаннан оңбайын деп тұр деген сөз.    

Түзету мекемесіне төрт айлық ұлымен түскен, 6 баланың анасы семейлік Анар Сүлейменова бір айдан соң бостандыққа шығудан үмітті.

– Балаларымның ең үлкені 16 жаста. Ол Семей қаласындағы дарынды балаларға ар­налған Ш. Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицейінің ин­тер­на­тында оқиды. Сол ұлым ғана біледі, тү­сі­неді менің қамауда екенімді.  «Кіш­кентай бауы­рың­мен ауруханада жатыр» деп басқа­ла­рынан жасырамыз. «Анама барайықшы, апа», – деп қызым үнемі өтінеді екен. «Ау­ру­­ханаға бізді кіргізбейді, аз қалды енді өз­дері келеді», – деп жұбататын көрінеді анам. Екі жыл қамауда отырдым. Бұйырса бір айдан соң шығамын. Маған 4 жыл 8 ай бер­ген. Осында бала күтушісі болып қызмет ете­мін. Бұл жұмысқа өзімнің балам үшін бар­дым. Бірақ кішкентайлармен жұмыс істеу өте ауыр. Балалардың аналарымен тіл табысу қиын. Ұрыс пен өкпе болады. Бірақ көбі мені «тамаша бала күтушісі» деп атайды, – дейді Анар.   

Анардың темір торда жатып өлең жазуға деген қызығушылығы оянған. Қазір мұңай­ған сәтте қолына қалам, қағаз алуды әдетке айналдырған. Анасы мен отбасына деген сағынышын тек солай басады. 

– Осында 1 жас 9 айлық алтыншы ұлым­мен отырмын. Семейдің түрмесінде боса­нып, осында 4 айлық баламмен келдім. Өмір­­де бәрі болады. Бірақ бұған дейін мұн­дай қиындық көргенім жоқ. Адамдардан ақша алдым, алаяқтық дерегі бойынша сот­тал­дым. Қазір сол кісілердің бәрінен кеші­рім сұраймын (көзіне жас алды). Анам бар 73-те. Мені ойлап, қайғыдан ауырып жатыр. Үйдегі бес балама өз анаммен қоса енем мен күйеуім қарайды. Барлығы бізді тосып отыр. Екінші ұлым 9-да, есімі Нариман. Бес ұлым­ның ішінде үшінші Дильназ есімді қы­зымыз бар. Одан соң 5 жасар Нұрислам ұлы­мыз. Бесіншісі Нұрсұлтан. Алтыншы ұлымыз қазір өз қолымдағы Айбол, – деп отбасылық суреттен балаларын таныстырды толқыған келіншек. 

Бұған дейін Семей қаласында Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-эконо­микалық колледжінде қызмет етіп, эконо­мика-менеджмент, қаржы және несие сабақ­та­рынан студенттерге дәріс берген Анар Сүлейменова жазасын өтеп шыққан соң тігін ісімен айналыспақшы. Тігін мен тоқы­маны да абақтыда меңгерген оның бола­шаққа деген сенімі зор.

 

БОСТАНДЫҚ ТАҢЫ

ЛА-155/4 түзету мекемесіннің жатын бөлмесіне ене бергенімізде бар дауысымен жылап кірген келіншекпен кезігіп қалдық. Жақыны қазаға ұшырағандай жылаған оның көз жасын көріп, мән-жайды түсінбей қалған біз себебін сұрадық. Сөйтсек, бұл бостандық таңы атпақ дегенді естігендегі қуаныштың көз жасы екен. Тілдесуге де шамасы келмеген оның жылауының басты себебін қасындағылар осылай түсіндірді. Олардың айтуынша, дәл осындай сәтте қамаудағыларды сөзге тарту мүмкін емес.

Алайда біз есірткі сатып, саудала­ған­ды­ғы үшін 10 жылға сотталып, оның 6 жыл       9 айын өтеп, босату туралы сот шешімін ие­лен­ген әйелді сұхбат беруге көндірдік. Тәр­тібі жақсы болғанына, жұмыс істегеніне, жа­сақ өміріне белсене араласқанына, өмірге деген көзқарасының өзгергеніне және өз кінәсін мойындағанына байланысты мерзі­мінен бұрын босап шықпақшы. Сот үкімі 15-18 күннің ішінде заңды күшіне енген соң ол бұл колониядан түбегейлі босап шығады. Есімін көрсетпеуді өтінген оның ендігі мақ­саты 25 жасар ұлы және 4 жасар неме­ре­сі­мен қауышу және алға, тек алға жүру.

Жақындарыма көмек қолымды созу үшін жұмыс істеймін. Мамандығым – элек­трик. Колонияда  нан пісіруді үйрен­дім. Нан зауы­тына да орналаса аламын. Қа­мауда жа­тып көп нәрсе көрдім. Енді қыл­мыссыз өмір сүруге тырысамын. Бәрін жаңа парақ­тан бастайтын боламын, – деді қырық жас ша­масындағы жазасын өтеуші. 

Қамау бар жерде бостандық та бар. Көз жа­сы бар жерде қуану да бар. Қайғы бар жер­де шаттық та бар. Өмірдің ақ пен қарасы деген осы болар, бәлкім. Бірі бостандыққа шығуға жиналып мәз, енді бірі қамауға алы­нып, психологиялық ауыр соққының зар­да­бын шегуде.  

 

КОЛОНИЯ АРУЫ

Колонияда ұйымдастырылатын сұлулық байқауында бақ сынап, өзара бәсекелесу мұндағы қыздарға жаңа бір серпін сыйлай­тындай. Байқауға қатысушылардың айтуын­ша, оның ең әсерлі кезі той көйлегін киіп, сән үлгісін көрсететін сәт. Өйткені, өздерін құдды бір шын мәнінде тұрмысқа шыққалы жатқандай сезінген олар үшін дәл сол уақытта көз жастарын тыю қиынға соғады.      

– Байқау тез өтті. Тура екі ай дайын­дал­дық. Көз жасына ерік бердік, қобал­жы­дық. Ән айттық, би биледік, қолөнерімізді көр­сет­тік, – дейді шара жеңімпазы 19 жастағы Марина есімді бойжеткен. Ол түзету меке­ме­сіне кісі өлтіру фактісімен 16 жасында түскен. Байқаусыздықта болды, өзім тү­сін­бей қалдым деп көзіне жас тығылып, кө­кейіне өксік кептелгендіктен ойын ашық жет­кізе алмады. Тек қатты өкінетінін айтып, оқиғаны еске алдырмауын өтінді.     

Үйге қатты қайтқым келеді. Жамбыл об­лысында туып-өстім. Туған үш ағам бар, өзім үйдің кенжесімін. Бостандыққа уақы­ты­нан бұрын шықсам деймін. Алғашында маған 8 жыл берген. Кейін 7 жыл, 6 айға қыс­қарды. Бүгінде оның 3 жыл, 2 айын өте­дім. Бостандыққа шықсам ең алдымен оқу оқып, жұмыс істеп аяқтан тұруды жос­пар­лап жүрмін. Тұрмысқа шығып, бала тәр­биелеу де ойымда бар. Колонияда қазір ағылшын тілін үйрететін үйірмеге бара­мын. Қазақ және орыс тілдерін еркін біле­мін. Би билеуді ұнатамын, еркіндікті ие­ленген соң өзімнің би мектебімді ашқым келеді, – дейді жазасын өтеуші бойжеткен.

Колонияда жасақ жұмысында белсенді­лік танытып жүрген Марина секілді өрімдей жас қыздар аз емес. Студент атанып, білім қуып, қызмет ететін жалынды жастық ша­ғында темір торға қамалып, ойланбай жаса­ған істерінің опығын жеп отыр. Оларда та­лай шыңды бағындырып, асқар асулардан өтетіндей-ақ мүмкіндік бар еді бірақ. Жас келіншектер мен әже атанып немере сүйіп отырған әйелдер ше?! Олар да бірі баласын, бірі немересін құшып, сәбидің жұпар иісіне қанбай, қара шаңырақта отырсақ  деп  армандайды. Уақыт – емші. Бостандыққа шығар есік айқара ашылар. Бірақ... бірақ... бәрі сотты болмаған кездегідей бола қоя ма, жоқ па, ол да белгісіз. Тек жақсылықтан үміттенеді.         

 

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА.