Даладай дарқан ағам-ай!

Уақыты: 15.09.2016
Оқылды: 1812

Шіркін уақыт, құстай зымырап өтеді ғой Жұмабек Әділбекұлы Айдаровтың кезінде партия қызметкері, кейіннен Алматы облысының тоғыз жолдың торабында орналасқан Шеңгелді ауылындағы Қадырғали Жалайыр атындағы мектепте өмірінің соңына дейін директор болған жолы, қолынан кітап түсірмей, ізденіспен ғұмырын өткізген сәттері естелікке айналды. Жастайынан атағы дүйім елге жайылған аспантаудың ақыны Еркін Ібітановтармен тел қозыдай тебісіп өскен, көргені көп, түйгені мол Жүкеңді көзі тірісінде сый көрсетіп, құрметтей алдық па деген ой келеді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», – деп атам қазақтың айтқанындай, болмаса орыс ақыны Сергей Есенин «Большое видится издалека» деп жырлағанындай өзі жоқ болса да, Жүкеңді еске алып, таудай тұлға туралы естелік жазайын деп, қолыма қалам алдым. 

Сонау сексенінші жылдары Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы педагогикалық институтында оқып жүргенімізде осы  айтулы білім ордасының ректоры, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтен дәріс алып, сөзін тыңдадық. Сол кісі телеарнаға берген сұхбатында Үлкен саясаттың саралығы да бар, сайқалдығы да бар», – деген сөз айтты. Иә, осы сара да сайқал саясаттың жел жетпейтін құланды қайтаратын қулығы мен сұмдығын жақсы меңгерген Жүкең, әрбір адаммен ерекше  тіл табысып, диқанмен диқанша, шопанмен шопанша, ұстазбен ұстазша, ғалыммен ғалымша сөйлесе алатын, өзімен тілдесіп отырған адамның сөз саптау мәнерінен-ақ, өресінің қандай деңгейде екенін аңғара қоятын сезімтал  адам еді. Осы бір ерекше қасиеті біраз жанға жақсылығын да тигізді.
1986 жылдың желтоқсан айында солақай саясаттың әсерінен, әділетсіз бұрмалаушылыққа жаны қас, көңілі таза қазақ жастарының наразылықпен көшеге шығуын сол кездегі партия билеуші органдардың бұғауында болған ақпарат қызметкерлерінің келеңсіз жазған мақалаларын оқыған Кеңес жұрты ақ пен қараның арасын дұрыс бағамдай алмады. Тұтасқан қалың бұқараның алдында қазақ елінің орны, оның өрімдей-өрімдей жастарының биік беделі төмендеп қалды. 
1987 жылдың ерте көктемінде Кеңестер Одағының Жоғарғы Кеңесіне депутаттар сайланатын болып, үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп кетті. Осы кезде Алматы облысынан депутаттыққа сайланайын деп Шеңгелді ауылына атақты ақын Мұхтар Шаханов өз нөкерлерін ертіп келе қалды. Жергілікті әкімшілік “қазақтың айтулы ақыны ғой, көмек жасаңыз” деп Жұмабек ағаны өкілетті қылып тағайындады. Үлкен ауылдың ортасында орналасқан Мәдениет үйінің даңғарадай үлкен, жылуы жоқ, өн бойыңды қатқыл суық қармайтын залында қарақұрым халық жиналып, қалың елдің демінен, бетіңді қарыған суық ауа жібіп сала берді. Арқалы ақын Мұхтар Шаханов ортаға шығып, жұртшылықты өз платформасымен таныстырып, сөзінің соңында әлі күнге дейін Шеңгелді өңірінде өзекті мәселе болып келе жатқан жаңа мектеп салу ісін қолға аламын, оңды шешіп беремін деп уәдесін берді. Халық ду қол шапалақтап, құрмет көрсетіп, ақынды қолдайтынын білдірді. Мұхтар Шаханов жиналыстан серпіліспен шығып, Шеңгелді ауылдық округі мен Кербұлақ ауылдық округіне қарасты Кербұлақ, Қапшағай елді мекендерінде болып, өзін үмітпен күтіп отырған ел-жұрттың сеніміне ие болып, ыстық ықыласқа бөленіп қайтты. 
Қайтар жолда Шеңгелді ауылына төрт-бес шақырым жерде орналасқан, сырты тікенек темірмен қоршалған, екіқабатты еңселі де биік, силикат кірпіштермен өріліп, салынған сол кездегі одақ көлеміндегі екінші орын алатын бүкіл шет мемлекеттен маңызды хабарды қабылдап тұратын әскери бөлімшеге ат басын тіреді. Череповецк жоғары әскери училищесін бітірген білікті офицерлер ғана сөткесіне автобуспен барып, әскери кезекшілікке түсетін, жоғары санаттағы адамдар жұмыс істейтін, басқа тірі жан кіре алмайтын маңызды орын еді. 
Қыс кетсе де қаһарынан таймай, билікті бермей, күн қақылдап, қатайып, суықтың беті қайтпай тұрған мезгіл болатын. Ауыл-ауылды аралап абырой-даңқы асқақтап, бұқара халықтың ізгі де шынайы ниетіне бөленіп, қолдауына ие болып, айдарынан жел есіп келген ақын осы әскери бөлімшенің есігін аттады.  Еңселі кешеннің ауқымды үлкен залына кіргенде, бұларды күтіп отырған отыз шақты, сайдың тасындай іріктелген офицерлер дүр етіп орнынан тұрды. Шаханов  бастаған мамандар олармен жылы сәлемдесіп, төрде бұлар үшін дайындалып қойған орынға өтті. Уақыт тар ақынның Алматыдан келген өкілі Мұхтардың өмірбаянын, өткен өмірін жеткен жетістіктерін, асқан асуын жіті баяндап берді. Келесі сөзді Шаханов өзі алып, алға қойған жоспарлы мақсаттары мен атқаратын істері жайлы әңгіме қозғады. Орындарында қаққан қазықтай тіп-тік отырған отыз шақты офицер мұздай боп сіресіп, өңдері суық та салқын, қабақтары қатыңқы, қолдау да көрсетпейді, қол да шапалақтамайды. Сүлесоқ тыңдап, қонақтарды қабылдамай отырған әскерлердің  мұндай пиғылын байқаған Мұхтар да онымен бірге ілесіп келген өкілдің амалы құрып, абдыра-сасып, тосылып қалды, өйткені залмен тіптен де байланыс жоқ.
Олардың қасында отырған Жұмекең шиеленіскен жағдайды байқап-бағдарлап, ауқымды залда шыбынның ұшқаны естілер жанға салмақ салар тылсым тыныштық орнағанда, амал тауып, орнынан тұрды да жылы қабақ танытпай отырған офицерлерге жымия қарап:
– Жолдас офицерлер, сіздер Андрей Вознесенскийді білесіздер ме?, – деп тосыннан сұрақ қойды.
– Білеміз, ол біздің ұлы ақынымыз, – деп күшеніп, күшейіп мығым отырған әскерилер дүр ете қалды. 
– Роберт  Рождественскийдің кім екенін білесіздер ме? – деп Жұмекең онан сайын күлімсірей сұрақ қойды. Ол да біздің ұлы ақынымыз, – деп мерейі өсе бастаған офицерлер де дүр ете қалды.
– Евгений Евтушенконы білесіздер ме? – деп тағы да Жұмекең шенділерге қарағанда Евтушенко біздің мақтанышымыз, – деп әскерилер бірауыздан жауап берді. Алдарыңызда отырған Мұхтар Шаханов та Евтушенконың, Рождественскийдің, Вознесенскийдің ағалық қамқорлығын көрген, ілтипатын сезінген сенімді інілерінің бірі. Ақындардың арасында ұлтшылдық, нәсілдік деген болмайды, олар елдің, ұлттың абыройын асқақтатып, көгілдір көкте шаңқылдап ұшқан қырандары емесе пе?!
Ауаны кернеп тұрған сірескен сең серпіле сетіней бастады.  Офицерлердің қатыңқы қабағы жазылып, жүздері жылып, көздеріне мейірім нұры ұялағандай болды.
Сеңнің сетінеп, жағдайдың жақсарып, қонақтар мен әскерилердің арасындағы қалыптаспай тұрған қарым-қатынастың енді-енді жанданып, тұтана бастағанын байқаған Жұмекең сөзін ары жалғастырып: – Жетпісінші жылдардың басында Мәскеуде өткен  Жазушылар съезінде Расул Ғамзатов Евгений Евтушенконы шақырып алып: «Анау тапал бойлы, қайратты қалың шашын артқа қайырған, өткір көзді, картошка мұрынды қазақ жігітін көріп  тұрсың ба? Бұл болашағынан үміт күттіретін, рухы мықты, таудай асқақ, даладай дарқан ақындардың бірі. Бір кітабын оқып көріп, орысшаға аударып, Одаққа танытсаңшы», – дейді. Ғамзатовтың сөзін жерге қалдырмаған Евтушенко ақынның өлеңдерін оқып көрсе, жанып тұрған от екен. Орыс ақыны бірден іске кірісіп, Шахановтың «Гибель Отрара» атты кітабын орысшаға аударып, айды аспанға шығарып, бүкіл одаққа танымал етеді. Көп ұзамай Мұхтар Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығына ие болды. Солай емес пе Мұхтар, – деді жаны жабырқап отырған ақынға қарап. Ол кісі де жаны жаздай жадырап, орнынан лып етіп көпшілікке бас иді. Қаһарлы қыстай суық қабағын ашпай қаққан қазықтай боп қақайып, Шахановты елемей, ескермей отырған зал, Жұмекеңнің айтқан сөздерінен кейін-ақ жаздай жадырап жүздері жылып, көздеріне нұр иіріліп, ду қол шапалақтады. Артынан ұзын бойлы арықтау келген орыс офицері  орнынан тұрып: – Сіздің одаққа танымал қаламгер екеніңізді біздің Евтушенко, Рождественский, Вознесенский сияқты ұлы ақындармен дос болғаныңызды, сондай даңқты тұлғалардың  қамқорлығын көргеніңізді ешкім бізге айтпады.  Бізге тек қана қазақтың националист, ұлтшыл адамы кездесуге келеді, оған жылы қабақ танытпаңдар, – деген еді. Евтушенко, Рождественский, Вознесенский сияқты даңқты тұлғалар қадірлеген, құрметтеген қазақтың ақынын неге қолдамаймыз, әрине, сіз үшін дауыс береміз, – деп айтқан жігерлі жігіттің сөзінен кейін, зал қайта жанданып, шапалақтан дүңгірлеп кетті.
Кездіктей өткір, жарқылдаған алмас қылыштай рухы мықты  Мұхтар Шахановтың ел-жұрттың алдында жүзін жарқын еткен адамдардың бірі осы Жұмекең болатын. Бүкіл халықтың ізгі-ілтипатына бөленіп, қолдауына ие болған Мұхтар Кеңестер Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Мәскеуде Кремль  сарайында, төрде отырған партияның бас хатшысы Горбачев пен басқа да лауазымды мемлекет қайраткерлерінің қасындағы трибунаға көтеріліп, алып елдің түкпір-түкпірінен өзі сияқты сайланған депутаттардың алдында сөйлеп, қазақ елінің бетіне секпіл боп түскен қара  дақты сылып алып тастады да абыройын асқақтатты, мерейін үстем етті. «Шеңгелдіге мектеп салып берем» деген бастамасы   жабулы күйінде қалғанымен қазақ халқына «ұлтшыл» деп жабылған жаланы тасталқан етіп, «табанға тапталған» өскелең жастардың өр намысын аяқ астынан суырып алып, жалаудай ғып желкілдетіп биікке көтерді. 
Үлкенге құрмет, кішіге  ізет көрсеткен, өзіне де, өзгеге де тілекші, қамқор болып жүретін Жұмекең жаны жайсаң, нұрлы жүректі адам еді. Әлі есімде, 1996 жылдың күзінде мектепте отырғанымызда Жұмабек ағам маған қарап: – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с)  шыққан тегі көшпенді екен. Құрайыш тайпасының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі біздің ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолымен астасып жатыр. Сен осыны ескеріп, зерттеп, Мұхаммед туралы кітап жазсаңшы. Қара да тұр, айтқаным айтқан, түбі осы істің шарапаты тиеді, – дегені. Соңғы пайғамбар, Алланың сүйікті құлымен менің арам жер мен көктей еді, көзім бақырайып, не айтарымды білмей отырдым да қалдым. Арада бір жыл өткенде бұл тақырыпқа ерекше қатты ықыласым ауып, Мұхаммед туралы жазылған кітаптарды, зерттеулерді оқып, пайғамбардың туған жылынан бастап, Мединеге жер аударған кезеңге дейінгі ғұмырын дастан ғып жазып, 1999 жылы жеке кітап етіп шығардым.  Арада бір жыл өткеннен кейін ойлана келе: – Қап-ай, кітабым аяқталмай қалыпты-ау алпыс үш жыл жасаған ғұмырының соңғы негізгі он жылы жазылмапты, – деп іштей өкіндім. Бұл тақырыпқа қайта оралып, екі жыл бойы ізденіп, шаршап, талмай, дастанның екінші бөлімін жаздым. Үлкен екі бөлімнен тұратын,  «Мұхаммед Пайғамбардың ғұмырнамасы» атты кітабым 2002 жылы жарық көрді. Мұны оқырман қауым қалай бағалағанын қайдам, бірақ он жыл өткен соң Алланың шарапатына бөленіп, Меккеге үлкен қажылыққа барып қайттым. «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді», деп атам қазақ бекер айтпаған ғой. Өлерінің алдында Жұмекең мені іздеп мектепке келіпті, өзі терлеп, алқынып кеткен. Аман-саулық сұрасқаннан кейін аяулы аға, абыз ақсақал: «Қап-ай, саған маңызды бір нәрсені  тапсырайын деп едім. Естігенімді  жадымда сақтап, өткенімді санамда саралап, көргенімді ұмытпайтын, біреумен атысқанда бүге-шігесіне дейін дәлелдеп, ешкімге дес бермейтін қара сөздің хас шебері едім, кейінгі кезде ұмытшақ болып қалдым. Міне, қазірде  саған айтайын деп оқталып келгенімді естен шығарып алдым. Сен менің үйіме ертеңгісін сағат сегізде келші,  айтар аманатым бар, – деп маған ашам деген сырын ақтара алмай өзегін өкініштің өрті өртеді. Үй арасы қашықтау болса да, ертеңгі сегізде уәделескендей-ақ ордасына кірсем Жұмекең отбасымен шай ішіп отыр екен. Қалбалақтап тұрып маған төрден орын берді. Айтар ойын  жинақтап, бірден әңгімесін бастап кетті. – Жұмахан, сен Қорқыт бабаңды, Асанқайғыны, Шыңғыс ханды, Қадырғали Жалайырды жазасың және ол заңды, сен жазбағанда кім жазады?! Бірақ сен ұмытпай, бар жазам деген дүниеңді ысырып тастап, Қасымхан туралы роман жазшы. Ол елді билеп тұрғанда, халықтың  саны миллионға жетіп бүкіл қазаққа басқа жұртта жоқ қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады.  «Қасым ханның қасқа жолы» деп оны алты Алаштың баласы бекерге дәріптеп, қадірлемеген ғой?! Мұны жазсаң, Алла сені қолдайды, жолың ашылып, бағың артады, бүкіл қазаққа танымал боласың.  Бұрын ешкімге айтпап ем, менің өзім дуалы ауызды адаммын! – деп екі қолын көтеріп, бақсы құсап арқаланып айтты. Жұмабек ағаның маған айтқан соңғы аманаты болатын.  Құт қонған Қарасазда туып-өскен, атақты Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов секілді  ірілердің ізбасары, сенімді серігі, адал досы бола білген, ғұмыр бойы тынымсыз еңбек етіп, өзінің атын өшірмес ұрпақ қалдырған, ардақты аға, абыз ақсақал Жұмекеңнің жатқан жері торқа, жаны пейіште болсын.
    Жұмахан ҚОЖАМҚҰЛОВ,
    Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қапшағай қаласының Құрметті азаматы.