Үздік жас журналист

Уақыты: 29.09.2016
Оқылды: 2808

«Сен маған жастарыңды көрсетші, еліңнің ертеңін айтып берейін» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, мемлекетіміздің тірегі бүгінгі жас буын өкілдері екені даусыз. Ал осы қоғамды дамытушы жастарымыздың бүгінгі беталысы қандай? Ертең ел бастайтындай көшбасшылық қасиетке ие ме? Олардың білімі мен кәсіби білігі, тәлім-тәрбиесі өзара үйлесім тапқан ба? Бұл сұрақтың жауабын біз «Талдықорған Көшбасшысы – 2016» байқауында тапқандай болдық.

Аталмыш шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Талдықорғандағы Қала күні мерекесіне орай «Жастар» мәдениет және демалыс сая­бағында ұйымдастырылды. Байқаудың өтуіне қала әкімдігі, «Талдықорған қаласының жастары» ресурстық орталығы және «Жас Отан» жастар қанаты қалалық бөлімі ұйытқы болды. 
Шараның мақсаты – облыс орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігін қамти отырып, оның кемелді келешегін жастар көзімен көру, Жетісудың кіндік қаласы саналатын Талдықорғанды дәріптеу. Оған қатысушылар туған қаласына деген шынайы махаббаттарын көрсете отырып, түрлі білім-біліктілік сайысынан өтіп, болашағынан мол үміт күттіретін өз ісінің шебері, нағыз патриот, белсенді азамат екендіктерін дәлелдеді.  
Қала әкімінің жүлдесіне арналған шара болғандықтан байқауға қатысушы жастар түрлі сала бойынша бақтарын сынады. Әр аталым бойынша үздіктер анықталды. Әділқазылардың сараптауы бойынша Талдықорған қаласы әкімінің «Көшбасшы –2016» жастар сыйлығының «Үздік жас ұстаз» аталымын Талғат Қойшыбай, «Үздік жас өнерпазды»  Жәния Спанова, «Үздік студентті»  Әсем Қалибек алды. Ал «Үздік жасыл ел сарбазы» атағын Ақбота Әукен, «Үздік жас ғалым» номинациясын Тимур Жұмағұлов, «Үздік жас спортшы» аталымын Мерей Сүйінов еншіледі. «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының «Үздік көшбасшысы» номинациясын Айжан Түлендинова, «Үздік ерікті» аталымын Ерентал Ерасыл, «Жас әскери қызметкер» номинациясын Олжас Өсербаев иеленді. 
«Үздік жас журналист» атағын әріптесіміз, «Жетісу» газетінің тілшісі Еңлік Кенебаеваның жеңіп алуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Әлеуметтік тақырыпта қалам тербеп жүрген жас тілші бүгінде жалынды мақалаларымен көпшілікке танылып жүр. Осындай жастарымыздың «Үздік көшбасшы» атануы құптарлық жайт.
Сондай-ақ, шара бары­сында «Талдықорған – жас­тар қаласы» флеш-мобы, за­манауи бишілер байқауы да ұйымдастырылып, кеште қазақ эстрадасының жұлдыздары «Mysterions» пен «Ayumi» топтары ән шырқады.
Жеңімпаздарға Талды­қор­ған қаласының әкімі Бағдат Қарасаевтың арнайы дипломы мен 50 мың теңгелік сертификат тапсырылды.

Алма Есенбаева