Қарқын алды

Уақыты: 29.09.2016
Оқылды: 2051

Тасы өрге домалаған шаруашылықтың бірі «Динара» өндірістік кооперативі мен «Динара-Ранч» ЖШС. Бірі аграрлы саланы өркендетсе, енді бірі етті бағыттағы ірі қара өсіруден өзгелерге үлгі болып жүр. Жуырда аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов қос шаруашылықты аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.

Аудан әкімін қос шаруашылықтың басшысы Бақыт Атайбеков жайқала өскен егінжайға бастап барды. Өңірдің ақ маржаны – күрішке орақ түсіп, еңбектің көрігі қызып тұр. Дала төсін дүбірге бөлеген комбайндар егіс алқабының ажарын  аша түскен. Айталық, «Динара» өндірістік кооперативі биыл 4300 гектар жерге егін егіпті. Оның 928 гектары күріш, 500 гектары арпа, 200 гектары бидай, 20 гектар жерге  картоп, қалғанына көпжылдық шөп  егілген.  Бітік шыққан ақ маржанды көріп, диқандар еңбегіне ризашылығын білдірген аудан басшысы егін алқабын аралап, ел ырысын еселейтін байлықты төгіп-шашпай, жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу қажеттігін айтты. Шаруашылық басшылары гектар берекелілігінің 45 центнерден асып түсетіндігіне сенім білдірді. Күріш өсірудің қыры мен сырына жетік, еңбектің қара қазанында қайнап келе жатқан Бекен Басшыбаев, Оралхан Кәрібаев және Мақсат Басшыбаевтың тәжірибесін мұқият тыңдаған Ғалым Тоқпейісов аға буынның табандылығы арқылы жастарды тәрбиелеу керектігі жайлы ойымен бөлісті. Өңірде қысқы мал азығын дайындау жұмысы да көңіл көншітеді. Қазірге дейін шаруашылықта малға қажет 16000 тонна жүгері сүрлемі, 12000 тонна жоңышқа азығы, 30000 дана орама шөп дайындалыпты. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Негізінен аталмыш шаруашылықта 140 адам еңбекпен қамтылған.

 Біз «Агрофирма «Динара-Ранч» ЖШС-нің алдағы жоспарын біу үшін серіктестіктің атқарушы директоры Бақытжан Сатыбалдиевті әңгімеге тартқан едік: 
– Серіктестік 2008 жылы құрылған. Содан бастап етті бағыттағы мал өсіруді қолға алдық. Бүгінгі таңда он мың бас ірі қара бар. Оның бес мыңы етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара малы. Сонымен қатар, «Сыбаға», «Жайлау» бағдарламалары арқылы алынған бес мың бас ірі қара малы бордақылау кешенінде өсірілуде. Шаруашылық алғаш ашылған жылы өз қаражатына Америка Құрама Штаттарынан 254 бас, кейінен Канададан 400-ге жуық ірі қара әкелді. Өткен жылы мал басын көбейту мақсатында 1300 бас ірі қара сатып алынды. Сонау мұхиттың арғы жағынан жеткізілген малдар табиғатымызға бейімделіп келеді. Күніне екі келіге дейін салмақ қосады. Мысалы, «Герефорд» тұқымының аталық басының тірідей салмағы 1350 келі болса, аналық басының тірі салмағы 850 келі, жаңа туған бұзаудың салмағы 33 келіге дейін жетеді. Ал «Ангус», тұқымдас аталық бұқалар тірідей бір тонна, аналық басы тірідей жеті жүз келі тартады. Сондай-ақ, қазақтың «Ақбас» тұқымының аталық басы 900 келі, аналығы 700 келі, жас бұқашалар 300 келіге дейінгі салмақты межелейді, – деді ол.
 Қазіргі таңда шаруашылық бұл ірі қаралардан әр жүзіне шаққанда 90–95-тен төл алып отыр. Төлдерді өзге шаруашылықтар иелігіндегі мал басын асылдандыру мақсатында сатып алады екен. Сондай-ақ, серіктестік «Сыбаға», «Жайлау» бағдарламалары арқылы сатып алынған бес мың бас бұқаны бордақылап, етке өткізуде. Биыл мал бордақылау кешенінде 1100 тонна ет дайындалуда. Осы кешенде қазір 27 мың орама шөп, мұның сыртында 20 тонна сүрлем жиналып тұр. Ал Қапшағай қаласында орналасқан «Agrofood» ЖШС-нен арнайы келісімшарт арқылы жылына 4 тоннаға жуық құрама жем алынады. 
Қазіргі таңда ауылшаруашылық саласының өркендеуі мен дамуына мемлекет тарапынан демеуқаржы берілуде. Аяғынан жаңа тұрып келе жатқан шаруашылықтар үшін бұл үлкен көмек. Осындай мемлекет қолдауының арқасында серіктестіктің техникасы жаңалануда. Осылайша, қос шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысқан аудан басшысы жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толып, шаруашылық иесі Бақыт Атайбеков,  білікті мамандар Мырзақасым Айменов және  Бақытжан Сатыбалдиевтердің істеріне табыс тіледі.

Күмісбек ЕРБАЕВ, 
Балқаш ауданы.