Дария кеуде, тау мүсін

Уақыты: 03.10.2016
Оқылды: 2564

Қазан айының алғашқы күнін Халықаралық Қарттар күні ретінде атап өту дәстүрге айналып келеді. Биылғы Қарттар мерекесі Жетісудың кіндік қаласы Талды- қорған шаһарының Қала күнін атап өтуімен тұспа-тұс келуінің өзі берекелі ісімізді одан әрі кеңейте түсуге игі ықпал жасайтындығына сенімдіміз.

Еліміз нарықтық экономиканың кейбір қиындықтарының сындарлы шағын бастан кешіп отырғанына қарамастан көпұлтты халқымыз бір атаның баласындай ынтымағы жарасып, ел дәулетін арттырып, халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында құлшыныспен еңбек етуде. Біздің жас мемлекетіміз тұғырлы елге айналып, дүниежүзі халқымен терезесі теңеліп,  өркениетті озық елдердің қатарынан орын алуға  ұмтылысымыз да нәтижесіз емес, жарқын болашағымыздың жұлдызы биіктен жарқырап көрінуі қуантады.
Біздің халқымыздың құшағы қашанда ұлан-байтақ Ұлы Даласындай кең.  Қоғамға қажырлы  еңбегімен, маңдай терімен, өзіндік қолтаңбасын қалдырған қарттарын аялап, оларға сый-құрмет көрсетіп, қамқорлығын, мейірін білдіруімізді қанымызға сіңген, сүйегімізде дарыған қасиет  әрі перзенттік парыз десе болады. Жетісу өңіріндегі ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі, кембағал мүгедек жандарға әлеуметтік көмек жыл бойы  тұрақты көрсетіліп тұратындығын баса айтуға болады. Облыс әкімі тарапынан соғыс ардагерлеріне шипажайларда тынығып, дем алып, ем жасатып қайтуына қолайлы жағдай жасалған. Емдеу орындарына жолдамаларды жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөліп отырады. 
Біздің облыстық ардагерлер ұйымының есебінде тұратын зейнеткерлердің саны  соңғы  бес жылда едеуір өсті. Ұйымдық жағынан нығайды. Ардагерлердің қоғамдағы белсенділігі де арта түсті. Қазір ардагерлер ұйымының есебінде 195500-ден астам зейнеткер тіркелген. Бұрынғы есеп-беру кезеңімен салыстырғанда ардагерлер қатары отыз мыңға жуық адамға көбейді. Оларды облыс бойынша құрылған  900 бастауыш ұйым біріктіреді.  
Облыстық ардагерлер ұйымы қарттармен  мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көмек көрсетіп отыруды жылдан-жылға жандандырып келеді. Ардагерлердің денсаулығын нығайту үшін өткен жылы облыс бюджетінен 145 млн. теңге бөлініп, 1766 соғыс және еңбек ардагері Жетісу аймағында орналасқан шипажайларда демалып қайтты. Облысымыздың орталығы Талдықорған қаласында   70-тен асқан зейнеткер қоғамдық көлікті тегін жүреді. «Ардагер» мамандандырылған емхана  қарттарға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар республикалық дәрежедегі көз, жүрек, ішкі құрылыстарды емдейтін орындарға тегін жолдама беріліп отырады. Өткен жылы облыстық бюджеттің есебінен мүгедектерге 974 арба, 2645 жасанды тіс бұйымдары сатып алынды. 1650 ардагерге  есту аппараттары  құралдарымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ соғыс ардагерлері монша, шаштараз қызметін тегін пайдаланады. Соғыс жылдарындағы тыл ардагерлеріне бұл қызметтер 30-45 пайызға төмендетіліп атқарылуда. Ауылдық жерде тұрмысы төмен зейнеткерлер демеушілер кемегімен малға жемшөп, отын, көкөніс өнімдерімен тегін қамтамасыз ету  сияқты қайырымдылық шарасы сәтті жалғасын табуда. Облысымызда жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге арналған үш 590 орындық қарттар интернаттары жұмыс істейді. Жыл сайын бұларға сұраныс көбейе түсуде. Бұрын мемлекеттен тұрғын үй алмаған 80 майдангерге пәтер бөлінді. Майдангерлердің өтініші бойынша 130 үй мен пәтер жөнделді. Соғысқа қатысушылардың басым көпшілігі және тыл еңбеккерлерінің бір бөлігі, барлығы 966 адам коммуналдық төлемдерден босатылды.
Тұрақты түрде денсаулығы нашар, тұрмыс жағдайы төмен ардагерлерге ақшалай қөмек қөрсетіліп тұрады. Бұл үшін есепті уақытта 30 адамға  420 мың тенге бөлінді. Мұның сыртында, 1 Қазан – Қарттар күніне орай жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік  бағдарламалар басқармасымен келісе отырып, соңғы 2 жылда 367 мың 383 теңгеге жағдайы төмен ардагерлерге азық-түлік себеті берілді. Талдықорған қалалық білім бөлімінің  ұсынысы бойынша «Мектепке жол» акциясына қатысып, 65 мың теңгеге материалдық жағдайы төмен отбасы балаларына көмек көрсетілді. 
«Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер», дегендей еңбегінің жемісін жеп шалқып отырғандар да, тағдырдың тәлкегімен тығырыққа тіреліп, тапшылықтан тарыққандар да баршылық. Қарттар үйін паналап, сонда амалдап өмір сүріп жатқандар мемлекет тарапынан берілетін көмек пен жеңілдіктерді пайдаланады. Қамкөңіл қарттарға қанша мәрте қамқорлық жасасаң да көптік етпейді. Сол себепті де,  қарттарға көрсетілетін қайырымдылық ешқашанда толастамағаны жөн. Қарияларын ардақтай білген, үлкендерін сыйлағандар қашанда абыройы биік  әрі алғысқа бөленіп жүреді. 
Жыл сайын белгілі мерекелерде әкімдер қарттардың тұрмыстық жағдайымен танысып, қажетті көмектерін көрсетіп,  құрмет білдіріп, жылы сөздерімен құттықтап жататын жақсы дәстүр қалыптасқан. Осы тұста атқа мінген азаматтарға айтарымыз да бар. Ардагерлерді тек мереке күндері ғана еске алмай, қайырымдылық көмек көрсету жайшылықта да ескерілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі мұндай иігі істің мән-мағынасы да, тәрбиелік тағылымы да зор. 
Қазіргі нарық заманына бейімделген жастар мен кәсіпкерлер алдыңғы ағалардың өнеге тұтар, үлгі  алар қайырымдылық шарапатты істерін санасына сіңіріп, бойына дарытса, күні ертеңгі қарттарымыз қамқорлық құшағына бөленер еді дегім келеді. Қариясын сыйлап құрметтеп жатса, оған кім қуанбас дейсіз. Мұның өзі киелі елдің қасиетін, мейірімділігін, дарқандығын, қолының ашықтығын,  атымтай жомарттығын, азаматттың мырзалығын аңғартатын игілікті іс екені  және айқын. Бұл жерде ескеретін жайт,  жасы ұлғайған қариялардың ешқайсысы демеушілік көмек  сұрап, ешкімнің алдына алақан жайып бара қоймайды. Өз тірлігін жасап күнкөрісін өзінше қамдай береді. Осындай жағдайда, қамқорлық айлығы кезінде ауылшаруашылығы өнімдерін, азық-түлік тауарларын төмендетілген бағамен беру жағы қарастырылса,  баяғыдай үй шаруашылықтарына жәрдем беретін «тимуршылар» командасының көмек беруі ұйымдастырылса, мүмкіндігі шектеулі  кембағал жандар мен балалардың қолымен жасалған бұйымдарын сататын  қайырымдылық жәрмеңкесі тұрақты өткізіліп тұрса, бұл да өзіндік азды-көпті септігін тигізері кәміл. Ардагерлердің бірнешеуінің туған күнін біріктіріп, мерекелік дастарқан басында атап өтер болсақ, оның да әсері де, үлгіаларлық жағы да мол болатынына күмән келтірмес едім. Соңғы жылдары тұрғын үйлерде тұратындарға арналып демеушілердің қолдауымен  мерекелік азық-түлік себетін  ұсыну қолға алынып жүр. Бұл да игі істің бірегейі деуге лайықты. Бұл шара орта жолда үзіліп қалмай, жалғасын тауып жатса деп тілейміз. 
Қарттардың көбінің жүріп-тұруы қиындау. Осыны ескеріп, денсаулық сақтау орындары әлеуметтік көмек ретінде сырқаттанған қарттарды үйіне келіп, денсаулығын тексеріп, білікті дәрігерлер кеңесін беріп, жәрдемін көрсетіп тұрудың соншалықты қиындығы бола қоймас деп ойлаймын. Дәрігер терапевт, кардиолог, невропатолог, психолог, заңгер мамандары ардагерлер мен мүгедектерге ақы-пұлсыз кеңестерін айтып,  көкейіндегі сауалдарына жауап беріп, түсінік-насихат жұмысын жүргізу де сонша қиындық туғыза қоймас. Тек ынта мен ықылас қажет. Осындай мейірімділік пен қайырымдылық шараларын өткізуге барлық аудандық ардагерлер ұйымдары белсене қатысатын болса, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндігімізге еш күмән жоқ. 
Қариялар мен мүгедектерге, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына қамқорлық таныту, қайырымдылық жәрдем көрсету шаралары тек айлық кезіндегі күндермен шектеліп қалмағаны жөн деп санаймын. Мұндай көмектер жыл бойына ұдайы жалғасып жатса, құба-құп болар еді.
Қарттарға материалдық көмек беруге жергілікті  билік жағынан өтімді ықпал  жасалып тұрғаны да жөн. Мекеме басшылары  мен демеушілер жәрдем сұраушы қарттар мен кембағал жандарды алақан жаюшы  ретінде қабылдамау тиіс. Ардагерлерді ардақтау парызымыз деп санағаны дұрыс. Сондықтан бұл мәселеге ардагерлер ұйымының басшылары ғана емес, жергілікті  билік өкілдері назар аударып, қарияларға қайырымдылық демеушілік көмек жасау жөніндегі ұсыныс-тілегімізге  құлақ  асып отырса,  қарттардың да тұрмыстық жағдайын оңалтуға азды-көпті жәрдемі тиер еді-ау деп ойлаймын.
Кәріліктен ешкім қашпайды. Бұл табиғат заңдылығы. Билік басындағылар мен қалталы азаматтар төңірегіне бір сәт болса да жіті көзбен қарап, «Атанға туған күн ботаға да туады», «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді», «Ұлық болсаң – кішік бол», – деген қағидалардың мән-мағынасына терең  үңіліп, қайырымды болуды адами асыл қасиет деп түсіністікпен көңіл бөліп жатса, жақсылық нұрын себелегендей қам көңілді қарттарымыздың қабағы ашылып, жадырап жүрер еді. 
Жастық шақта қоғамдық жұмысқа белсене қатысып,  таңның атысы, күннің батысына қарамай шапқылап жүріп жұмыс істеген қарттар бүгінде шырқау биікке көтеріліп барып көкжиекке еңкейіп барып ұясына қонақтаған күнге ұқсайды. Тыныштықта тыныққанды ұнатады. Жан рахатына бөленуді армандайды.
Кімде-кім қарттарын ардақтап, құрметтеп, жақсы өнегелерін ұлықтайтын елдің рухы да үстем, шаңырағының шаттығы шат-шадыманға толы  болары анық. 
Біз қарттарымызды әрқашанда құрметтейміз, үлгі-өнегесін жастар арасында ұлықтап, абыройларын асқақтатуға  бар уақытта әзірміз. Өз ойымды қорытындылай келе, Жетісу өңірінің барша ардақты қарттарын мерекесімен құттықтай отырып, сөзімді белгілі ақын Сағи Жиенбаевтың мына жыр жолдарында айтылғандай: 
«Дүниеге келер бір рет, Дария – кеуде,    тау – мүсін. Құрыштан құйған құдірет. Қарттарым аман-сау жүрші», – деп тілеймін ізгі ниетпен.