Смартфон сәби санасын улайды

Уақыты: 10.10.2016
Оқылды: 1628

Біздің балалығымыз телефонға телмірмей-ақ тамаша өтті. Иә, расымен сәнді смартфондарсыз мәнді күн кештік. Бірақ қазір бәрі керісінше. Балаңызда ұялы байланыс болмаса, білім көзін ала алмай, іздегенін таба алмай қалатындай көрінеді. Ересектерді қойғанда мектеп жасындағы балалардың қолында қос-қос телефон бар. Оның адам денсаулығына келтірер зиянын, тәрбиесіне келтірер кедергісін бәріміз білеміз. Өкініштісі, елеп жатқан ешкім жоқ. 

Күн өте байланыс құралының түр-түрі етек жайып, кеңінен таралуда. Ішінде түрлі ойындары бар, әлеуметтік желілерді қамтыған, ғаламторға ену мүмкіндігі мол телефондар үлкендердің ермегі, балалардың ойыншығына айналғалы қашан. Әлемдік техника дамып, экономика қарқын алғалы адам жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Дегенмен, сол техникалар тәрбиелі ұрпағымызды тұтқынға айналдырғанын айтпағанымыз тағы болмас. Баланың санасын арбап, өзіне елітіп  әкеткен небір телефон түрі балалардың жанарын өзінен тайдырар емес. Одан көретін азаптың нәтижесі тәрбие төмендегенде  көрінер, бәлкім. Қазір кез  келген бесіктен белі шықпаған, жасы беске толысымен небір кестелі смартфонды серік еткендер жетерлік. Ал ата-ана  баласының еркелігіне  еріксіз көніп бағуда. 
Осыдан бес жыл бұрын қолы жеткендер болмаса сенсорлы смартфондар кез келгеннің қолынан табылмайтын. Ал өмірге қажетті әрі қолжетімді технологиялар көптеп енген шетелде бұрыннан белең алған көрініс бұл. Соның нәтижесінде ұлы тегін, қызы қылығын жоғалтып, шаңырағы шайқалған шетелдіктерді көрген болатынбыз. Сол  жағымсыз жайт бізді де өз жолымыздан жаңылдырып, дәстүрімізден алшақтатады. Қазір бізде де телекоммуникация жүйелері жаңарды. Бір жағынан қуанарлық-ақ.  Адамзат игілігіне арналған жағымды жаңалықтар, әрине, пайдалы. Біріншіден, әртүрлі жоғары жиілікті диапазонды, түрлі техногенді электромагниттік өрістер адам денсаулығын құртып, санасын улап жіберуге дайын. Иә, шетелде осы сымсыз телефонның зардабынан ісік дерті дендеп кеткен болатын. Ұялы телефонның құрылысын электромагниттік сәулелер құрайды. Ал бұл жағымсыз сәуле жүйке жүйесін нашарлатып, жыныстық ауруларды асқындырмақ. Енді ойлай беріңіз, баланың бес жасынан санасына кітаптың емес, телефонның сәулесін  құйсақ, жүйкесі жастайынан сыр беріп, кейіннен небір жантүршігерлік жайтқа апармасына кім кепіл?! Ал екіншіден, телефон интернет жүйесіне енуге ең қолайлы құрал. Ал желіде не бар, не жоқ? Міне, осының бәріне телефон арқылы оп-оңай жеткен жеткіншектің келешегі не болмақ? Бес жасынан былапыт бейне көріп, әлеуметтік желіні ақтарып, шетелдің киноларын шаттанып көрген қара домалақтарда қай қасиет сақталмақ?! Соны ойлаған кейбір мемлекет мектеп жасындағы балаға ұялы телефон ұстауға тыйым салған.  Себебі, жастайынан телефонды тұрақты пайдаланған балалардың басым бөлігі ми ісігіне шалдыққан. 
Жалпы айтқанда сымсыз құралдың жағымсыз әсерлері жан-жақты. Балаңыз ұялы телефонды неғұрлым ерте пайдаланса, соғұрлым ерте солады. Бағасы қалтаны қағатын смартфондарға қызығатындардың басым бөлігі де жастар. Жасыратыны жоқ, мектеп жасындағы балалар ұялы телефонсыз сабаққа да селқос қарайды. Әпермесең бармаймын, қымбатын берсең бестік аламын дегендей, өзіңе шарт қойып есіңді шығарады. Еуропа елдері мектеп қабырғасынан сымсыз құралды алып тастап, оқушыларға телефон ұстауға тыйым салып жатыр. Тектілікті ұран еткен қазақ деген атымыз  бар біз Еуропадан қалғанымыз күмәнді емес пе? Осы түсінікті біз де отандық мектеп қабырғаларына енгізуіміз керек. Мектеп жасындағы балаларда телефонға емес, білімге деген бәсекенің биік тұрғаны жөн.

Құралбек Сәбитов