Өлең сөздің зергері

Уақыты: 24.10.2016
Оқылды: 3050

Халықтың жүрек түбіндегі сөзін дөп басатын, сұлу табиғат пен адам жанын егіздей жырға қосатын ақындар көп. Сәкен Сейфуллиннің «Жазушы деген сөз қалаушысы, сөз кестешісі, сөз зергері, зергері болғанда жай ғана зергер емес, сөз арқылы адамның жан дүниесін, сана-сезімін тәрбиелейтін зергер. Сондықтан да ол «адам жанының инженері» деген сөзінің астары тым тереңде. Осындай қара сөзден қамшы өрген, адам жанына қажеттіні ақ параққа қара сөзбен төгілткен ақындардың бірі –  Жомарт Игіман.

Ақынның бала күннен кітап оқуға деген ынтасы күні бүгінге дейін артпаса кеміген емес. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп жырлаған Мұқағали ақынның ұранын ұлы еліне арнап жүрген ақын Жомарт Мақатұлының қазақтың салт-санасы, әдет-ғұрпы мен мәдениетінен бастау алған жырларын бүгінгі ұрпақ жадына сақтап келеді. Оған Еркін ауылындағы Бекзат Құрмашев басшылық ететін №26 мектеп оқушыларының «Өлеңнен өзімді іздеп...» атты кездесуі дәлел. Ақынын құрметтеген елдің ұрпағы қаламгерді ерекше ілтипатпен қарсы алды. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын, сайдың тасындай тізілген оқушылардың алғырлығы, сөзшеңдігі, дайындығы көпшілікті тәнті етті. Былтыр ғана бой көтерген жаңа әрі заман талабына сай салынған білім ордасының акт залында өткен кездесудің кейінгі ұрпаққа берері мол. Қаламгердің өмірбаянын таныстырумен басталған кешке  жазушы Айгүл Мағазқызы, сазгер, композитор Өмірсерік Арапов, республикалық «Елназар» журналының бас редакторы, ақын Ерғазы Манапұлы және ақын Жангелді Немеребаев қатысты. 
«Жүздесу», «Шарайна», «Көкжиек», «Ғұмыршырақ» сынды кітаптарды өмірге әкелген ақынның жалынды жырларын жаттаған бір топ оқушы сахна төрінде мәнерлеп өлең оқып, көрініс көрсетті. Қаламды және оның жазуын жоғары бағалап, құрметтеген оқушылар Жомарт Игіманға арнаған өз туындыларынан шашу шашты. Залдағы көрермендер де бұл кездесуге асқан дайындықпен қатысып отырғандығы көңілге жылылық ұялатты. Олар ақынның бір шумақ өлеңдерін жатқа оқып, содан кейін өздерін толғандырған қызықты сұрақтарын қойды. Мұндай жаңашылдық тәсілді енгізіп, барлық оқушыны жұмылдырып, ақынның шығармашылығымен таныстыруға асқан жауапкершілікпен қарап, өзінің біліктілігі мен білімін ұштастырған жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сұлушаш Төребекқызының ұйымдастырушылық қабілетін, еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн. Қазақ «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы», – деп текке айтпағанын осы арадан-ақ байқауға болады.   
Жомарт Игіманның 40 жылы шығармашылықпен өткен. Сол жылдардың тізбегіне көз жіберетін болсақ, талай жырды тудырып, 8 кітап жазған. Ақынның адами болмысын, рухани әлемін жоғары бағалаған замандастары мен інілері ізгі тілектерін арнады. Ақын Айгүл Мағазқызы қаламгердің өлеңдеріне талдау жасаса, композитор Өмірсерік Арапов ақын сөзіне жазылған әндерді баянмен орындап шықты. Сонымен қатар қаламгердің қаламдас інісі Ерғазы Манапұлы мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде «Ара» журналынан ақынның өлеңдерін жаттап өскенін айтып, ақын шығармашылығына шолу жасап, рухани ұстазына арнаған арнау жырын оқыса, ақын інісі Жангелді Немеребай да жырдан шашу шашты.  
Жаратылысы жамандық пен зұлымдыққа қас ақынның кешінде өткен өмірі туралы сыр шертіліп, әзіл-шыны аралас әңгімелер сәтімен сабақталды. Тамылжыған тамаша кештің соңында тарих пәнінің мұғалімі Думан Қошқарбаев ақын әкесінің шығармашылығын топтастырған кітапты сыйға тартса, кешті жоғары деңгейде ұйымдастырған Сұлушаш Төребекқызы қазақы дәстүр бойынша Жомарт Игіманның иығына шапан жапты. 
Рухани кештің өтуін ұйымдастырған ұстаздар мен біркісідей атсалысқан оқушыларға алғыс айтқан ақын өзінің қолтаңбасы қойылған кітапты сыйға тартты.

Еңлік КЕНЕБАЕВА