Маңдай термен өскен мерей

Уақыты: 24.10.2016
Оқылды: 2821

Халқымыздың адамдық, адалдық болмыс-бітімін өзек еткен ағаларға артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр. Дей тұрғанмен, ауылды ынтымаққа, ауызбіршілікке, ағайындыққа шақыратын азамат аталудың  жолы қиын, салмағы ауыр. Оны көтере білетін де, көсегесін көгерте алатын да бар, қадірін кетіріп, қиюын қашыратын да жоқ емес. Әрине, ауыл ағасы болу жаспен өлшенбейді. «Өсер елдің баласы он бесінде баспын дер» деп бабаларымыз қадап айтып кеткендей, мағыналы тірлікпен, ел мен жер үшін сіңірген өлшеусіз еңбекпен өлшенеді. Ондай жандар арамызда жетерлік. Соның бірі еліне сыйлы, жұртына қадірлі, егемен елдің ертеңі үшін ерен еңбек етіп жүрген Болысбай Момбаев ағамыз жайлы жазу көптен бері ойымда жүр еді. «Жігіттің бағы емес, жұмыстың бабы билейді» дегендей,  соның сәті енді түскен сияқты. Осыдан тура алпыс жыл бұрын өмір есігін ашып, қиындықтың кермек дәмін тата жүріп, қарапайым жұмысшыдан ел басқару ісіне дейінгі еңбек жолдарын табандылықпен басып өтіп, болаттай шыңдалған ол бүгінде елдің ертеңгі болашағы үшін тер төгіп жүрген ұлт ұланы.

Жас жағынан шамалы үлкендігі үшін аға деп отырғаным болмаса, ол кісінің адалдығы, тазалығы, сыпайылығы, іскерлігі, биік зерделік қабілетіне деген шынайы бағам басқаша. Расында, адамды жан тереңдігі, ой кемелдігі жетілдіреді. Алқабы байтақ, баурайы құт Жоңғар Алатауының бір сілеміне орналасқан Бостан ауылында 1956 жылы туған ағамыз «адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолғыншысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаушысы – мінез» (Саққұлақ шешен) екенін жадынан шығармай, балалықтан даналыққа бет алған адам. Біз Болысбай ағамыздың тұтас ғұмырын Саққұлақ шешен айтқан осы адамдық өлшемдері бойынша бағалап, қорытынды жасасақ жөн болатын шығар деген ойға тоқталып отырмыз.
Әрине, еңбекті сүйген, төккен терінен ләззат алуға дағдыланған адамның талабын  ақыл-ой, талап, кәсіп пен мінез ұштамай тұрмайды. Осы тұста оның талабын ұштаған да, тебінгісін нықтаған да, намысын оятқан да өзі туып-өскен өңірдегі еңбекшіл елдің бағалы бастамалары десек, артық айтқандық болмайды. Сондай-ақ, балалық, жастық шағында көзін көрген, тәрбиесіне құлақ түрген, ақылын тыңдап, алғырлығын арттыруға дем берген дария кеуде, тау мүсін қарттардың тәлімін ойына сақтап, ұлылықтың ұшқыны жанын жадыратып, атына кір шалдырмай жүрген ағаларымыздың бірі тағы да сол кісі. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегенге сенсек, ерте айырылған әкесінен қалған асыл қасиетті бойына сіңіріп, анасының ақжарқын мінезі мен батылдығын, табандылығын әр қадамына таңбалап өтті.  
Болысбайдың әкесі Тоғысбай Момбаев алған бетінен қайтпайтын намысшыл, өжет азамат болатын. «Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, үлкендер жасынан жарқылдап өскен баланың бетінен қақпайды. 1922 жылы Бостан ауылындағы қарапайым шаруа отбасында туған Тоғысбай атамыз 17 жасында өз еркімен сұранып әскер қатарына аттанады. Мәскеудегі Фрунзе атындағы коменданттық ротада қызмет істеп, Қызыл алаңды күзету жұмысына қатысады. 
Әрине, Ресейдің жүрегі саналатын Қызыл алаңның алаңсыздығын қорғауға алыс ауылдағы қазақ баласының тартылуы тегін болмаса керек. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықпаса, осындай жауапты жұмысқа тартылмас еді. Соғыс басталған жылы Тамбов қаласындағы атты әскерлер училищесіне түсіп, 1942 жылы оны кіші лейтенант шенімен бітіріп, бірден алдыңғы шепке аттанып кетеді. Содан соғыстың аяғына дейін қатысып, сан мәрте жарақат алып, ақыры жеңіспен, капитан шенімен елге оралады. Аяқ-қолы сау болғанымен соғыстың от-жалынын бастан кешкен жас жігіт туған жерге екінші топтағы мүгедек болып қайтты. Ауру азабын тарта жүріп 48 жасқа толған шағында қайтыс болды. Сонымен шиеттей төрт бала анасының аузына қарап қалады. Бірақ, жасынан ауылдың сан түрлі шаруасымен шыңдалған Сақыпжамал апамыз Тоғысбайдан қалған екі ұл мен екі қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға      шоқтырмай өсірді, оқытты, ел қатарына қосты. 
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары ержеткен балалар соғыс салған зардапты сезініп өсті десек, артық айтқандық болмайды. Балалар күндіз мектепте оқыса, кешке қарай дала еңбегіне араласып кететін. Бұл ауыл өмірінің айнымас шындығы еді. Десе де, ағамыз қозы-лақтың соңынан жүгіріп, сиыр бағып жүріп-ақ жақсы мен жаманды, ауыр мен жеңілді ажырататын халге жетті. Еңбек алаңындағы белсенділігімен қоса оқуға ынталы болды. Мұғалімдерінің жалықпай жетектеуінің арқасында мектептің түрлі шараларының ұйымдастырушысы атанды. Осы тұста қазақ отбасындағы тағы бір жағымды жалғастықты айта кеткен дұрыс болар. Расында, сол тұстағы көп балалы отбасы балаларында бауырмалдық пен ауызбірлік басым болды. Үйдің үлкені кішілеріне қамқорлық танытса, кішілері олардың ақылын тыңдап, киім-кешегін ауысып киіп, барымен базар болып ержетті. Сол бауырмалдықты Болысбай да сезінді. «Орнында бар оңалар» демекші, алдындағы аға, әпкесінен үлкендікті сезініп, артынан ерген қарындасына қамқор болған Болысбай бала шағынан мерейлі отбасының берекесін кіргізсем деген асыл арманның әлдиінде ержетті. Сол талпыныс оның бүгінгідей ел ағасы деңгейіне жетуіне ықпал етті. 
Әлдебір ақылманның: «Адамның қандай болып өсуін туған жері белгілемейді. Өскен ортаң оның мәдениетті, тәлімді, тәрбиелі болуына ықпал етеді» дегенін оқыған едім. Болысбай Тоғысбайұлы қасиетті Күреңбелдің азаматы. Арыдан тарқатсақ, Күреңбел өңірі көне тарихтың сан ғасырлық шежіресі жазылып, дара тұлғалар өмір сүрген мекен. Оның сан ғасырлық тарихы өскелең ұрпаққа өнеге, түпсіз тұңғиық байлық. Көкпен таласқан Матай тауының баурайында өмір сүрген ата-бабалардың, батырлар мен билердің елі мен жері үшін талай күресті бастан өткергені белгілі. Арқарлы асуынан кірер тұста сол жақта Жоламан батыр, асудан өткен соң Шанханай, Қоянкөз апамыз жатыр. Одан әрі жүрсеңіз Дәулет бидің баласы Матай би жатқан тау кездеседі. Оның етегінде Байторы, Тайторы деген ағайынды дара тұлғалардың күмбезі тұр. Қазақтың біртуар азаматы, Шығыстың жарық жұлдызы, қысқа ғана ғұмыр кешсе де ғасырға жүк болатын іс тындырып кеткен Шоқан Уәлихановтың 1856 – 1859 жылдардағы сапарлары да ауданның арғы тарихымен тікелей байланысты. Алтынемел жотасының солтүстік баурайында, ағартушы ғалымның өмірінің соңғы жылдарына куә болған Шанханай ауылы жанындағы Көшентоған қонысында Шоқанның ескерткіш-зираты жатыр. Одан шығып шығысқа қарай жүрсеңіз Тезек төренің ескерткіші кездеседі. Киелі Күреңбел өңірінде 22 тарихи тұлға мәңгілік қонысын тапқан. Демек, күреңбелдіктер осындай ұлылардың ұрпағы, ұлылықтың жалғасын жадына сақтаған ел. Сол өңірдің бір шетіндегі  кішкене ғана Бостан ауылында туған Болысбай Момбаев сол ұлылықтың әсерімен бойына еңбеккерліктің, бауырмалдықтың, табиғатқа құштарлықтың нәрін сеуіп өсті. Сол қасиет кейінгі болашағына үлкен ықпалын тигізді. Ұлы болуға ұмтылмаса да азаматтықтың әрбір сәтін сол бабалардың ерлік, елдік жолынан іздеді. Бұл Болысбайдың рухани әлемін байытты.
Бостан ауылынан шыққан 30-ға жуық ғылым кандидаты мен ғылым докторы оның болашақ арманын ұштады. Сол қатарда берісі республика, арысы әлемдік ғылымның өркендеуіне үлес қосқан аты белгілі Науқанбай Әлмұқамбетов, Аманжол Қасабеков, Серікбай Қасабеков, Жамбыл Тобаяқов, Анарбай Бұлдыбаев, Сейсекбай Әлмұқамбетов, тағы да басқа тұлғалардан ізденістің ізін білді. Бостан ауылының 8 жылдық мектебінде жұмыс істеген Инаханов Дәулетбақ, Рәшев Мақсұтбай, Сағи Бұлдыбаев, Күлтай Тәжібаева сияқты білікті мұғалімдерден көп өнеге алды. Сондай-ақ, бір кезде президенттікке үміткер ретінде саяси додаға түскен Ерасыл Әбілқасымов ағасынан өнеге алып, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ауыл басқарып, ауылдастарын алға жетелеген Омарқан Көнекбаев, Сағатбек Кертаев, Тынышбай Досымбеков, Нұрқас Керімқұлов, Нұрбай Жантілеуов, Жексенбай Әлмұқамбетов сияқты ағаларының ақылын тыңдады. «Досы жақсының, өзі де жақсы» демекші, Болысбай Тоғысбайұлының адал достары М. Жолдасбаев, К. Танқақов, Е. Қашқынбаев, М. Чуженов қысылғанда қол ұшын беріп, сүрінген кезде иықтарын тіреді. Ал соғыстан қайтқан солдат екенін білдіретін кеуделері сыңғырлаған медальға толы соғыс ардагерлері мен Ауғанның от-жалынында шыңдалған ағалары батылдықтың не екенін ұғындырды. Аядай ауылдың абырой-атағын өрлеткен осы жандар Болысбай Тоғысбайұлының азаматтық келбетінің қалыптасуына көп көмектесті.
Абай атамыз айтқан: «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз. Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген ұстанымды сол ағаларының өмірінен алды. Оларды ұлылыққа жетелеген  бір жағын тауға беріп, екінші жағы көсіліп жатқан көк жазыққа жалғасатын ауыл ажары еді. Өйткені Бостан ауылының әр тұрғыны таңертең биік шыңдарға тамсанып оянып, көсілген жазықтың кеңдігімен тыныстап түнгі ұйқыға кететін. «Тау баласы тауға қарап өседі» деген осы шығар. Сондықтан олар аяғы шыға бастағаннан биікке құмар болып өсті. Шөлін басқан бұлақ сулары қандай мөлдір болса, жүректері сондай таза. 
Картоптың мекені саналатын Бостан өңірі берекелі тірлігімен де туған перзенттерін еш нәрседен тарықтырған жоқ. Осындай қасиетті мекеннен нәр алған әр адам кеңдікті, кішіпейілдікті, шымырлықты, шыншылдықты, адам баласына тән басқа да қасиетті бойына сіңіріп өсті. Ал адамгершілік, сабырлылық қасиеттері, тұғырдан түспейтін биіктігі де бостандықтарға тән қасиет. Бұл қасиеттің бәрі Болысбай Тоғысбайұлының бойынан көрініс тапты. Аңқылдақ мінезі, ақжарқын адамгершілігі, кісілігі мен кішілігі, бәрі де туған жерінен дарыған қасиеттер. 
Оқу – инемен құдық қазғандай. Анасы асыраушысынан айырылып, тұрмыс тапшылығына тап болса да балаларын білімнен алыстатқан жоқ. Сегізжылдықты үздік аяқтаған әрі асыл арманына айналған мамандыққа тезірек қол жеткізгісі келген талапкер Болысбай 1971 жылы Жаркент қаласындағы педагогикалық училищеге түсті. Студенттік қызықты өмір, жастық шақтың естен кетпес сан тарау соқпағы енді басталады. Жастық шақтың буымен кейде уақыттың қадіріне жете алмай қалдық па деп сан соғып, оңаша өкінетініміз бар. Алайда, Болысбай ағамыз студент шағынан тыным тауып отырған емес. 1975 жылы оқуын аяқтай салысымен өз қалауы бойынша Көкшетауға жолдама алып, мектепте мұғалім болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Сол жерден әскер қатарына аттанып, Орынбор қаласында екі жыл әскери борышын өтеді.  
Мамандығына жауапкершілікпен қарап, балалық шақтағы арманына қол жеткізген жас жігіттің ендігі аңсары туған топырағына қарай ауып тұрады. Бойындағы туған жерге деген  сағыныш маза бермей  әскери міндетін өтеп біткен жылы Болысбай басқарма өкілдеріне шығып, өз өтінішімен туған жеріне аттанады. Сонымен 1977 жылы Кербұлақ ауданының Ақжар 8 жылдық орта мектебіне орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып орналасады. Ары қарай аудан орталығы Шұбар ауылындағы орта мектепке ауысады. Үнемі ізденіс пен оқуды талап ететін ұстаздық жолында жүріп, 1983 жылы Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығы бойынша сырттай үздік аяқтады.    
Кейіннен Аралтөбе ауылдық мектебінің директоры болып жұмысқа кіріседі. Осы жердегі екі жылдық белсенді еңбегінен кейін сол ауылдағы шаруашылықтың партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Осы тұстағы белсенділігімен танылып, тындырымды ісімен алға жылжыған еңбекқор, жауапкершілігі мол жан аудандық  партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің басшысы сынды жауапты қызметтерге тағайындалады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңадан құрылған Көксу ауылының әкімі болып 17 жылдай лауазымды қызметте отырған ізденімпаз жан сол қызметтен Кербұлақ ауданы әкімі аппаратының жетекшісі лауазымына жоғарылады. Соңғы 8 жылда аудан әкімінің идеология саласы бойынша орынбасары болып жұмыс істеп келеді.
– Тәуелсіздік алғанда қуанышымыз кемерінен асты. Желтоқсан оқиғасы ойымызды ойрандап, Колбиннің қитұрқы саясатына наразы болып жүргенде қолға келген тәуелсіздік тым қымбат болды. Анадан жаңа туғандай күй кешіп, тың күшпен азат еліме қайта еңбек ете бастадым. Азат мемлекетіміздің алғашқы Ата Заңы, Мемлекеттік Туы мен алғашқы Гимні біз ел өміріне араласып жүрген кезде  қабылданды. Осындай ұлт үшін жауапты, ел тарихында қалатын елеулі кезеңде ел басқарып, ауыл әкімі болғаныма қуанамын, – дейді Болысбай Момбаев.
Иә, Болысбай Тоғысбайұлы шын бақытты. Жаратқанымыз маңдайына бес елі бақ дарытып, бойына тек адалдық пен жауапкершілік қасиеттерін сыйлапты. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған асқар таудай әке бүгін алпыстың белесіне шықты. Түпкілікті қоныс тепкен Кербұлақ ауданының мәдениет, әдеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру  саласы Болысбайға бес саусағындай жақсы таныс. Маңдай терін төгіп, түн ұйқысын қиып, жарғақ құлағы жастыққа тимей үлесі сіңген тың бастамалары қазір халықтың игілігіне қызмет етіп жатыр. Болысбай Тоғысбайұлы Күреңбел өңірінің тәуелсіздікпен бірге түлеп, өркендеп өсуіне атсалысқанына, талай жанның қиындығын шешуге көмек қолын созып, аудан әкімдерінің тың бастамаларын қағып алып, оны жүзеге асыру барысындағы барлық жұмыстарға белсене атсалысқанына сан мәрте шүкіршілік етеді. Қырық жылдан астам еңбек өтілінде сан түрлі марапатқа ие болды. Қырық жасында Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы атағын алып, «Отан патриоты», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Қару мышұлының «Батыр шапағаты» медальдарымен марапатталды. Солардың ішінде «Абылай хан» атындағы алтын медальдың құны ерекше. Өйткені, бұл марапаттарда туған жердің түлеуіне қосқан өлшеусіз еңбегінің өтеуі бар. 
Болысбай Тоғысбайұлының басшылық қызметтегі жемісті жылдары Кербұлақ ауданында өтті. Осы ауданда әкімнің орынбасары болып жұмыс істеген жылдарында бірнеше аудан басшысымен істес болды. Олардың әрбірінен алған тәлімі көп. Оны қызмет басқышындағы жетістігінен бөле-жармайды. Болысбай Тоғысбайұлы аудан тізгінін өткеннен өнеге жиып, келешекке кемел жол салуды мақсат еткен Бағдат Әлиев алғалы өңірдің рухани өмірі байып, көңіл көкжиегін көптеген игілікке толтырғанын айтады. Расымен, басшы тұрғысынан зәулім үйлер салып, жылу құбырларын іске қосу, ауылшаруашылығын өркендетіп, егіс көлемін ұлғайту, техниканы жаңартып, мал сапасын жақсарту, тағысын тағылар уақыттың еншісіндегі шаруа. Өйткені сен өркендемесең, өркениетті көршіңнің ұмтылысы сені еріксіз өзіне ілестіріп әкетеді. Ал өскен жеріңнің рухани байлығын түгендеу тек елін сүйген азаматтың  ғана қолынан келеді. 
Кейінгі жылдары Кербұлақ ауданында мәдениетке, білімге, әлеуметтік салаға көп көңіл бөлініп, қазақ елінің келешегі мен жерінің тұтастығы үшін жанын құрбан еткен батыр бабалардың есімін ел есінде сақтау үшін жаңа жобалар көптеп қолға алынды. Сарыөзек ауылының батыс жағындағы кіреберіс жеріне «Ұлы Даланың ұлы даралары» атты саябақ ашып, аудан халқы ауызбірлігінің арқасында әрбір тұлғаның аты-жөні, тарихи деректері жазылған ескерткіш тас қойылды. Тағы бір жаңалық, Сарыөзектің орталығына қарай орналасқан аллеяға ауданның дамуына айтарлықтай үлесін қосқан 26 Еңбек Ерінің есімдері жазылған үлкен тас-тақта қойылды. Осы өңірден майданға аттанып, асқан ерлік көрсеткен 11 Кеңес Одағы Батырының есімі қызыл гранит тасқа таңба болып басылды. Бұл жетістікті Кербұлақ ауданының әкімі Бағдат Әлиевтің азаматтығы мен іскерлігінен деп біледі. 
Бағдат Байшалұлының бастамасымен өңірде бірқатар рухани дүниені байытатын жұмыстар атқарылды. Тұғырлы істің нәтижелі орындалуына аудан басшысымен қатар өңір тұрғындары да белсене атсалысты. Бәрі де күреңбелдіктердің ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асты.  Осы бастамалар қолға алынып, соңғы нүктесі қойылғанша аудан әкімінің орынбасары, мәдениет пен идеология саласына жауап беретін Болысбай Момбаевтың да жар құлағы жастыққа тимей шапқылап жүргенін талай көрдік. Енді мұның игілігін келесі ұрпақ көреді. 
Өмірдегі азаматтық міндетін абыроймен өтеген ағамыз отбасының да ұйытқысы бола білді. Жеңгеміз Ләззат Момбаева шығыстың мақтанышына айналған атақты Еңбек Ері Кітапбаев ауылының қызы. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің түлегі, физика пәнінің мұғалімі. Ұзақ жылдар білім беру саласында жұмыс істеген Ләззат Қайдарқызы қазір Кербұлақ аудандық білім бөліміне қарасты кәсіподақ ұйымының төрайымы. Атқарған мінсіз қызметі үшін Халыққа білім беру саласының «Құрметті қызметкері» атағына ие болып, Қазақстан кәсіподағының, Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы атанды. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. 
Ынтымағы жарасқан отбасында екі қыз, бір ұл өсті. Үлкені Динара заңгер, бүгінде «Динара» шаруа қожалығының басшысы, айналасына қайырымды, іскер жан. Екінші қызы Дана азаматтық авиация саласының маманы және заңгер. Бүгінде жетекші инженер қызметін атқарады. Ұлы Дамир инженер-энергетик және заңгер. Әкесінің жолын қуып, мемлекеттік қызмет саласында бағын сынап жүр. Жеті немересі де ата-апасына тартып, білімді, инабатты, әдепті болып өсіп келеді.

Расында, әр заманның өз кейіпкері, өз тұлғасы, таным-талғам таразысы болатыны анық. Ал пешенесіне жазылған тағдыры жасампаздық еңбекпен тұспа-тұс келіп жатса – сынақтың үлкені осы. Ерік-жігері мықты, табанды, өзіндік көзқарасы бар, таным-талғамы тұрақты адамның  ізгілік ізінен адаспай өтетіні хақ. Сонда ғана оның ел-жұрт алдында жүзі жарқын, беделі жоғары болады. Болысбай аға осындай мағыналы өмір сүрген ел қалаулысы, жұрт мақтанышы. Осы жолдан таймай, бағыттан танбай алға жылжи беріңіз, аға!

Қажет АНДАС