Телефонға тәуелділік қатерге ұрындырады

Уақыты: 24.10.2016
Оқылды: 4019

Көгілдір экраннан лек-легімен беріліп жатқан жаңалықтардың бірінен  жапондық бір әйелдің ымыртта самаладай жарқырап  тұрған  көшенің  бойымен  қалта телефонына телміріп келе жатып, қапталдағы жүзу айдынына күмп ете қалғанын, содан әлгі байғұстың жан ұшыра шыңғырған дауысын ешкім естімегенін, тастай суық судан шықпақ болып қанша қарманғанымен ажал тырнағынан құтыла алмай жан тапсырғанын көзімізбен көріп, жағамызды ұстаған едік. Осы жан- түршігерлік оқиғаға сол маңайда орнатылған  бейнебақылау камерасы  ғана  куә болған көрінеді.

Бұл  оқиға телефонға тәуелді болып бара жатқандар үшін ащы сабақ болып, қорытынды шығарылуы тиіс еді. Алайда, олай болмай тұр. Өйткені, қазір үлкеннің де, кішінің  де аңсары ұялы телефонға ауып, «көгілдір жәшіктің» заманы өтіп бара жатқан сыңайлы.
Осы телефонға «табынушылық» жайлы өз ойымды білдіруіме жақында ғана куә болған мына  көрініс түрткі болды. Облыс орталығындағы халыққа қызмет көрсететін бір үлкен мекеменің еңселі ғимаратының сатысынан түсіп келе жатқан бір әйел қолындағы телефонына телміріп, ішіндегі оқиғаларына беріліп кеткені соншалық, аяғының астын абайлап басуды да естен шығарып алса керек, сүрініп қалды да қолымен жер тіреп үлгеріп, тізерлеп отыра кетті. Қолындағы телефоны бір жаққа, сөмкесі екінші жаққа ұшып кеткен әлгі бойжеткен абырой болғанда сатының  төмен  жағына  жақындап  қалғандықтан «жеңіл жарақатпен» құтылды. Ал, егер аяғы сатының жоғары жағында шалынып кетсе не болар еді, оны көзге елестетудің өзі қиын.
Телефонның тартылыс күші кейбір отбасындағы бала тәрбиесімен айналысуға да кері әсерін тигізе бастағаны құпия емес. Өйткені, қазір кешкілік жұмыстан келген соң немесе демалыс күндері ата-анасы балаларымен әңгімелесіп, олардың жағдайын біліп, тәрбиелік мәні бар ақыл айтуға да уақыт таппай қалады. Бұған да тікелей телефонға тәуелділік кінәлі. Өйткені, балалары бір бөлмеде, ата-аналары екінші бөлмеде бір-бір телефонға телміріп, томсырайып отырады.
Тізе берсек, телефонға телмірудің салдарынан туындап жатқан келеңсіз көріністер жетіп-артылады. Оның соңы жақсылыққа апармайтынын да жоғарыдағы мысалдар айқын дәлелдеп отыр. Сайып келгенде, біз бұл ойымызбен телефоннан бас тарту туралы уәж айтып отырған жоқпыз. Мәселе, қазіргі заманымыздың ажырамас  бөлігіне айналған бұл қажетті құралды орынды пайдаланып, қажетімізге жарата білуімізде болып тұр. Оны шамадан тыс, шексіз пайдалану денсаулыққа зиян екенін мамандар жариялап жатыр емес пе?! Кейбір ата-ананың бесіктен белі шықпаған баланы алдандыру үшін қолына ұялы телефонды ұстата салатын жайлардың да куәсі болып жүрміз. Сондықтан әріп танымайтын бүлдіршіндердің өзі ұялы телефонның тетігін жақсы меңгеріп жатады. Сөйтіп, телефонға қаршадайынан әуестенеді. Тоқсан ауыз сөзімізді түйіндесек, әркім оны жөнімен пайдаланып, жас ұрпақтың да телефонға тәуелділік «дертіне» ұшырауына жол бермей, оның зиянды әсерлерін санасына сіңіріп, дер кезінде тосқауыл қойсақ нұр үстіне нұр болар еді. Сонда біз келешекте дені сау, дерті жоқ, сауатты да парасатты азаматтар тәрбиелеуге өз үлесімізді қосар едік.


Шора БАТЫРБАЕВ.