Қарасайлықтар жеңімпаз атанды

Уақыты: 03.11.2016
Оқылды: 1405

Жуырда Шымкент қаласында қазақстандық кәсіпкерлердің қызметін бағалайтын «Сауда үздігі – 2016» байқауы мәресіне жетті. Оған жер жаннаты Жетісудың сегіз ауданынан 10 кәсіпорын қатысып, бақтарын сынады. Байқау қорытындысына сәйкес сегіз номинацияның екеуі бойынша қарасайлықтар жеңімпаз атанды. Олар арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтармен қатар  байқаудың символикасы бейнеленген әсем кубоктармен марапатталды.

Атап айтқанда, «Жылдың үздік жетекшісі» номинациясы бойынша «Бамбарбия Кергуду» тойхана кешенінің директоры Шолпан Әбішева бас бәйгені иемденсе, «Үздік бөлшек сауда кә­сіп­орны» саласында Әсел Баялинова басшы­лық ететін «АС – МАР Вкусный дом» ЖШС жеңім­паз деп танылды. «Бамбарбия Кергуду» тойх­а­на­сын жұртшылық жақсы біледі. Мұнда еңбек ете­тін 70-тен аса адам соңғы қонағы кеткенше қыз­мет көр­сетуді әдетке айналдырған. Бұл кешенде той­ха­на­мен бірге тәулік бойы жұмыс істейтін кули­нар­лық дүкен мен бильярд залы келушілерге сапалы қызмет ұсынуда.

Кейбір дәмханалардағыдай бизнес-ланч     беру дәстүрі енгізілмегенімен түскі ас кезінде     20 пайыз­­дық жеңілдік қарастырылған. Кешен әкім­шілігі ауданның елді мекендерімен тығыз бай­ланыс орната отырып, түрлі салтанатқа, әсіресе белгілі тұлғалардың мерейтойларына бел­гі­ленген жерге барып қызмет көрсетуді да­мытуда. «Біз­дің тойхана түрлі байқауға белсене қат­ысады, – дейді Шолпан Қалмұхаммедқызы. – Ұжымға бас­шы­лық еткеніме үш жыл болды. Сол аралықта осын­дай жо­ғары нәтижеге қол жеткіз­геніміз, әри­не, қуан­­тады. Бұл болашақта да жақсы қызмет көрсетуімізге мұрындық болады деп ойлаймын».

Ал «АС – МАР Вкусный дом» ЖШС туралы айтар болсақ, бұл Әсел Баялинованың жеке ұмтылысымен дүниеге келген қазақстандық жаңа кондитерлік бренд болып табылады. Кәсіпорын өткен жылдың 20 наурызында ашылды. Онда 30-ға жуық адам еңбек етеді. Олар бүгінде 70-ке тар­та кондитерлік өнімдер мен 15 түрлі тәтті то­қаш­тар, 10-ға тарта мұздатылған шикі фабри­каттар  шығаруда. Ал кәсіпорын өнімдерінің табиғи таза шикізаттардан ең озық француз технологиясы бойынша жасалынуы сұраныстың артуына ықпал етуде. Бүгіндері «АС – МАР» компаниясы Қаске­леңде ғана емес, Алматы қаласының «Атакент» және «Тастақ» сауда кешендерінде де дүкендер ашып, өнімдерін ұсынуда.

Біздің жеңімпаздарымызды аталған байқауға бастап барған Қарасай аудандық кәсіпкерлік бө­лі­мінің жетекшісі Ақшолпан Мараттың ай­туынша, мұндай бәсекелер инновациялық тех­но­логияларды пайдаланып, тәжірибе алмастыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартып, сала қыз­меткерлерінің шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қарасай ауданы.

Қуат Қайранбаев