Жануар ма, жәндік пе?

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 5126

Жыл өткен сайын көптеген құндылықтарымыздан көз жазып қалып жатырмыз. Қазір өткен ғасырдың басындағы кейбір сөздер айтылмайды, кейбір көзқарас ескірді, кейбір мағына парқынан айырылды. Қалай болғанда да қазақ сөзжасамы өзінің жолымен жүріп келеді. Жаңа тіркестер пайда болып, жаңа ұғымдар күнделікті өмірімізге кірікті. Тіпті, өзге елдердің дүниетанымын бойымызға сіңіріп жатқанымызды байқар емеспіз. Соның бірі – қазақ жыл қайыруында алып жануар екендігі айтылатын ұлуды қабыршақты, шырышты жәндікке теңеудің белең алуы.

Шындығында ұлу дегеніміз қандай жануар? Әлде, расында, жәндік пе? Осындай сұрақтар талай жанды тығырыққа тірері анық. Себебі, халқымыздың ерте ғасырлардан қалыптасқан дүниетанымында алып жануар екендігі айтылатын ұлу бүгінде жоқ. Жұрнағы да қалмаған. Бәлкім, шынымен індетіп іздесек бірді-екілі сүйегі табылар, бірақ нақты дәлел жоққа тән. Мифтік аң есебінде. Дегенмен, осы күнге дейін аман-есен жеткен ауыз әдебиетінде ұлу туралы мәліметтер мол.
Өткен ғасырдың соңғы жылдары. Ақ сәлделі Алатаудың етегін ала орналасқан біздің ауылдың балалары жекпе-жек өнеріне қатты қызықты. Оның үстіне нарықтық экономикаға көшкен елімізде бұрын-соңды көрсе–тілмеген тақырыптар еркін айтылып, жабық болған каратэ, кун-фу, у-шу, айкидо сияқты айбарлы өнерді кеңінен насихаттайтын бейнесалондар көптеп ашылып жатты. Әсіресе, Алматыдағы «Саяхат» автобекетінде шаолиннен бастап, бүгінгінің кикбоксшыларға дейінгі аралықты қамтитын дәулескер спортшылар туралы бейнефильмдер көрсетілетін. Солардың арасынан көпшілікті Брюс Ли есімді тегі қытайлық америкалық актердің өнері тәнті еткені анық. Әрбір ересен қимыл мен тосын қозғалыстарға қызыққан құштар көңіл оның өмірбаянына дейін қалай тәптіштеп жаттап алғанын білмейді. Бір анығы, қытай дәстүрі бойынша әрбір балаға әке-шешесі 10 жасқа дейін белгілі бір есім береді. Одан асқан соң жасөспірім өзіне ұнаған атауды еншілейді. Сондағы ұққаным – бала Брюсті ата-анасы Сяо-Лунь деп атапты. Мағынасы – кішкентай айдаһар.
Сол арада уақыт зырлап өтіп жатты. Жоғарғы сыныпты бітіретін жылы құрдастарымыз тауға шыққыш болып алды. Әсіресе Әжібай шалдың немересі Әлменнің шақыруымен омартаға тартып отырамыз. Бір жолы қалың қыз бен бір топ жігіт жолға ертерек шығып кетті де, досым Қайрат Сатыбалдиев екеуміз неге екені есімде жоқ, кешігіп шықтық. Жолай табиғаттың сұлу сәттерін тамашалап, алма мен өрік тереміз деп құрдастарымызбен кездесе алмай қалдық. Ақыры түнделетіп, ауылға әрең жеткеніміз бар. Сонда оның көтере шыққан екі кітабы менде қалды. Оның бірі жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесі еді. Атақты палуанды көзімен көріп, өмір дерегін өз аузынан жазып алған қаламгердің шығармасы шынайылығымен тәнті етеді. Әсіресе, орыс байға жалданған бала Мұқанның борандатып шөп әкелуге барып, шанаға жегілген екі аттың бірі болдырып өлгені, зорыққан екінші атты шанадағы шөптің үстіне тастап, тертені қамытымен мойнына ілген жас палуанның күш-қайраты... Оқып отырып еріксіз сүйсінесің. Өлген атына өтемақы сұрамақ болған байдың оспадар әрекеті, қалалық полицейдің хаттама толтыру үшін жанығуы, қала халқының алып күш иесіне деген жанашырлығы жүректі бір бүлк еткізеді. Ақырында жұдырықтай түйілген палуанның жасын білмек болғандарға: «Жылым түйе», – деуіне жөн білетін бір ақсақалдың: «Түйе бойына сеніп жылға кірмеген. Жануардың үлкені – ұлу. Сенің жылың ұлу болғандықтан жасың 16-да», – деп түйіндеуі көптен бері ойда жүрген түйткілді түрткендей әсер етті.
Әкем Әсет Көшербайұлы байлық жинамаса да үйге кітап әкелуді әдетке айналдырған жан болды. Бір қабырғаны алып тұрған кітап сөресінде Қазақ Совет Энциклопедиясының     11-ші томы тұратын. Түгелдей оқып шықтым дей алмаймын, қызықты деректері еріксіз көз жүгірттіретін. Сонда да «Ұлу» туралы: «Қазақ даласында өмір сүрген алып жануар» – деп жазылғаны көңіл көкжиегін алысқа жетелей түсетін.
Өмір жолы іргедегі алып қала Алматыға аттандырып, әл Фараби атындағы ҚазҰУ-ға екі жыл қатарынан түсе алмай, тек 1995 жылы талапкерлік дәрежені студенттікке айырбастаған жайымыз бар. Сол жылдарда арман қуған жастар шаһарын жаяу кезу әдетке айналған-ды. Әр саланы бір шалып, жұмыс істегендей болғанымызбен тұрақты іс жоқ, оның үстіне, нарықтық заман килігіп, әркім әр бағытта бағын сынап жатқан тұс. Бір күні Фурманов көшесі мен Төле би даңғылының қиылысынан «Тянь Лунь» деген қытай мейрамханасы пайда болды. Бұрын-соңды өтіп жүріп байқамағандықтан ба, әйтеуір, алғаш көргенде лунь мен ұлу басымнан айналып шықпай қойды. Сол маңға жақын тұстағы Жазушылар одағына Маралтай ақынмен ілесіп барған сайын ойлайтыным сол. «Неге ұлу? Неге лунь?»
Жалпы, жыл санау, жыл қайыру әлемге түркі халықтарынан таралған. Себебі, аспан әлемін өзінше танып, жыл мезгілдерінің, күн мен түннің ауысуын ерекше топшылаған Ұлы дала елі көргені мен білгенін аңызға, ертегіге айналдырып, ғибрат аларлық оқиғаға балап отырған. Жаратқан Алла Тағала берген қарым-қабілеттің арқасында өзгеше ой қорытып, ұмытылмас қалыпқа салғаны анық. Соның арқасында әлемге «шығыстық күнтізбе» атты жыл санау таралып кеткені белгілі. Бүкіләлемдік интернет желісінде жыл қайыруға ерекше назар аударылған. Соның бірінде сайын даланы аттың тұяғымен еңсерген түркі халықтарына келген Тан империясының адамдары жыл қайыруды қағазға түсіріп, өздерінің қажетіне жарату үшін әкеткені айтылады. Яғни, Ұлы Дала ұландарының дүниетанымын өздеріне сіңірген қытайлар күллі әлемге әр жылды белгілі бір жануардың бейнесімен сипаттауды таратты. Бір қарағанда қисынға келмейтін сияқты. Бірақ «Тан шу» (Тан династиясының тарихы) атты еңбектегі мәліметтер бізді жыл қайыруға қайта қарауға итермелейді. Сондықтан ұлу мен лунь арасындағы ұқсастыққа көңіл аударып отырмыз.
Қытайлардың ұғымындағы лунь – алып айдаһар, аузынан жалын шашқан аждаһа. Кәдімгі қазақ ертегілерінде кездесетін мифтік кейіпкердің туысқаны, бауыры. Бәлкім, нақ өзі?! Өйткені, нағыз қазақы танымдағы ертегілердегі аждаһаға айналасындағы халық сый-сияпат ретінде күніне бір қызды құрбандыққа беріп отырады. Тіпті, тартқан лебімен атты адамды жұтып қоятыны тағы бар. Жер астындағы патшалыққа иелік ететін айдаһар кейде адамдардың жақсылығына қайырым жасап, қиындықтан құтқарады не сыйлық береді. Шалқұйрық аттың шабысына шыдамай қақ айырылған жердің астына түсіп, жыландар патшасы Бапы ханның еліне барған Ертөстік ертегісінің желісімен «Ертөстік пен Айдаһар» деген мультфильм түсірілгені күні кеше ғана. Сондықтан біздің ұлу мен қытайдың луны арасында айтылмаса да ұғынылатын бір байланыс барлығы көзге ұрып тұрады.
Қазақ халқының мәдени мұрасын жинақтауға барынша үлес қосып, зергерлік өнерді өз биігіне көтерген белгілі ұста Дәркембай Шоқпарұлын білмейтін қазақ кемде-кем. Марқұмның артында қалған мол мұрасын бүгінгі күні ұлы Дәулет Дәркембайұлы жалғастырып, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылындағы мұражайына жетекшілік жасап отыр. Бірде жол түсіп, мұражайына бір топ журналист бас сұқтық. Темір, ағаш ұсталарының түрлі құрал-жабдықтарының арасынан мені кішігірім кеспелтектей екі бел омыртқа қатты қызықтырды. Биіктігі 30-35 сантиметрге, диаметрі 8-10 сантиметрге тең қос сүйек елеусіз ғана тұр. Сұрастыра келе өткен ғасырдың 80-ші жылдары Алматыдағы Достық даңғылының бойына салынған көпқабатты үйлердің астынан табылғанын білдік. Онда да ұста Дәркембай қу сүйектерге құрылыс алаңының қазылған табанынан шәкірттерімен қураған ағаш іздеп жүріп, жолығыпты. Бір қарағанда ағаш кеспелтек секілді көрінгенмен кәдімгі бел омыртқа екендігін жұлын тұратын өзегі әйгілеп тұр. Осыған қарап, қазақ даласында алып жануарлар – динозаврлар болғанын білуге болады. Ал, динозаврды халық өз түсінігіндегі айдаһарға теңемеуі мүмкін бе? Жоқ. Міндетті түрде өз тіліне жақын түсінікке салып, ұлу деп атайтыны белгілі. Оның мағынасы – үлкен, алып, ұлы. Содан лунь шыға келеді.
Енді бір дерекке көз салсақ. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінде ұлуды  иіртек деп атайды. Және бір қызығы, жылан мен жылқыдан кейін, қойдың алдына қояды. Бұның өзі көңіл аударарлық жайт. Себебі, адал мен арамды кезектестіре қоятын қазақы дүниетанымның бұзылғанын бүгінгі жылдардың кезегінен байқау қиын емес. Өйткені, ұлу мен жыланның арасында жылқы тұруы керек секілді.
Кеңестік кер заманның кесірінен көптеген құндылықтарымыз ауысып, асыл қасиеттеріміз аяқ асты болды. Оны түзету бүгінгі біздің міндетіміз. Ендеше, сіз не дейсіз құрметті оқырман?!

Мәди АЛЖАНБАЙ