Ауқымды істер сараланды

Уақыты: 23.06.2016
Оқылды: 1533
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

     Облыс әкімдігінің үлкен залында республиканың облыстық және аудандық деңгейдегі әкімдіктерін бейне байланысқа қоса отырып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауылшаруашылық министрі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ қоғам өкілдерімен кездесу өткізді. Онда республика көлемінде агроөнеркәсіптік кешенінің өткен жылға арналған негізгі даму бағыттары мен алдағы міндеттері жөнінде есеп берді. Кездесуге ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелері, партия және кәсіподақ ұйымдары, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.  

     Жиынды ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев ашып, сөзді Асқар Исабекұлына берді.

Министр мырза: – Ауылшаруашылығының Қазақстан үшін маңыздылығының жоғары екені белгілі. Халықтың жартысына жуығы ауылда тұрады. Сондықтан, ауылшаруашылығының тек өндірістік сала ғана емес, сондай-ақ саяси-әлеуметтік маңызы бар кешен екенін айтқан жөн. Есепті кездесуді Алматы облысында өткізу кездейсоқ шешілген жоқ. Себебі, бұл аймақ елдің барлық ауылшаруашылығы бағытын қамтыған ірі аграрлы өңір болып саналады. Бүгінде агро-индустриалды деп айтуға болады. Бұған республиканың ауылшаруашылығы өнімі көлемінде облыс үлесінің 16,7 пайызын құрап отырғаны дәлел. Бұл жоғары көрсеткіштердің бірі. Айта кетейік, жалпы былтыр агроөнеркәсіптік кешен саласы бойынша атқарылған жұмыстар оң нәтижелерді көрсетті, – дей келе аталған сала бойынша жүзеге асырылып жатқан істер жөнінде баяндады.

     Министр мырзаның айтуына қарағанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша елдің жалпы ішкі өніміндегі ауылшаруашылығының үлесі 4,7 пайызды құраған. Яғни, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда бірнеше пайызға жоғары. Ал бұл саладағы жалпы өнім көлемі 3,4 пайызға артып, 3,3 трлн. теңгеге жеткен. Сондай-ақ, мал шаруашылығы саласында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, онда өнім өндірісі мен қайта өңдеу ісі оң жолға қойылып, төрт түлік мал басы мен құс саны өскен, ветеринарлық ахуал, ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту жұмыстары да оң нәтиже көрсеткен.

Осы ретте мал шаруашылығындағы жалпы өнім көлемінің жыл сайын орта есеппен 3 пайызға тұрақты түрде өсіп отырғанын атап өткен жөн. 2011–2015 жылдары ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру үшін 65 мың асыл тұқымды ірі қара және жекелерден 277 мың сиыр сатып алынған. Нәтижесінде 16 мың тоннадан астам ет пен ет өнімдері, оның ішінде 6,4 мың тоннадан астам тоңазытылған ет экспортталған.

     Ал тамақ өнімдерін өндіру көлемі 1,0 трлн. теңгеден асқан. Бұл салада  негізгі капиталға тартылған инвестициялар 28 пайызға өсіп, 56 млрд. теңгені құраған. Жалпы, ауылшаруашылығына құйылған инвестициялар көлемі 167 млрд. теңгеге жеткен. 2012 жылы жеке инвестициялар 104 млрд. теңгені құраса, былтыр бұл көрсеткіш 138 млрд. теңгеге жеткен. Яғни, бұл аграрлық сектордың бизнес үшін тартымдылығын көрсетіп отыр. Былтыр 18,7 млн. тонна астық жиналған, оның 13,7 млн. тоннасы бидай десек, қалғаны арпа және басқа дақылдар. Қант қызылшасы алқабынан жиналған өнім көлемі де аз емес.

     Алдыңғы жылға қарағанда 7 есеге артқанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бидай алаңдары қысқартылып, мал азығы және экспортқа бағытталған дақылдар алаңы кеңейтілген. Атап айтсақ, соңғы 5-6 жылда жемшөптік дақылдар 1,2 млн. гектарға, майлы дақылдар 800 мың гектарға, көкөніс-бақша дақылдары 87 мың гектарға өскен. Сонымен бірге халықты жеміс-жидек өнімдері және көкөніспен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды істер қолға алынуда. Жылыжайлар алаңы қосымша 124 гектарға ұлғайған.

     «Агробизнес – 2020» бағдарламасы төрт бағыт бойынша іске асырылуда. Мәселен, «Қаржылық сауықтыру» шеңберінде берешек сомасы 520,0 млрд. теңгені құрайтын 404 субъектінің өтінімдері мақұлданған. Екінші бағыт шеңберінде саланы мемлекеттік қолдау ұлғайтылуда. Үшінші бағыт бойынша министрлік тұрақты ветеринарлық және фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету үшін жүктелген міндеттерді атқаруда. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу жүйелерінің тиімділігін арттыру жөніндегі төртінші бағытты іске асыру мақсатында өткен жылы ауылшаруашылығы кооперациясы үшін кедергілерді жоюға және Қазақстанда органикалық өнімді дамытуға бағытталған заңдар қабылданған. Бұдан бөлек, ауылшаруашылығына агрохимиялық қызмет көрсету тиімділігін арттыру, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін дамыту, агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін дамыту жөніндегі міндеттер шешімін табуда.     Сондай-ақ, су және орман шаруашылығы саласын жандандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да шаш етектен. Су ресурстары саласында есепті жылы 30 гидротехникалық құрылысты салу және қайта жаңғырту жұмысы іске асқан. Бұл 350 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік беріпті. Статистикалық деректерге сәйкес, 1 қарашадағы жағдай бойынша республикадағы суармалы егістік алаңы шамамен 1,6 млн. гектарды құрайды десек, бұл өсімдік шаруашылығы жалпы өнімінің 7 пайыздан астамын қамтамасыз еткен және ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемі былтыр 60,2 мың гектарды құраған. Яғни, бұл жоспарланған көрсеткішке сәйкес келеді.

     Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әрі тікелей қадағалауының арқасында Астана қаласының жасыл аймақ алаңы 73 мың гектарға жеткен. Республика бойынша орман өсірудегі ең үлкен көлемді Оңтүстік Қазақстан облысы орындаған. Ондағы молықтыру алаңы 22,8 мың гектарды немесе республикадағы жалпы көлемнің 37 пайызын құрайды. Мемлекеттік орман қоры аумағында және республиканың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында 476 орман өрті орын алса, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,2 есеге төмен.  

     Жиын соңында Асқар Мырзахметов облыстардан инвестициялық субсидия, демеуқаржы, мемлекеттік қолдау, мал шаруашылығы, ет экспорты, жанар-жағармай бағасы, несие, салаға қатысты тағы басқа да мәселелер бойынша мамандар тарапынан қойылған көкейтесті әртүрлі сұрақтарға тұщымды жауаптар қайтарды.

Айгүл Байбосынова.