"РЕФЕРЕНДУМ-2022": ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ №974 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНДЕ ДАУЫС БЕРДІ

Уақыты: 05.06.2022
Оқылды: 818
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміздегі референдумге байланысты Алматы облысында 1053 сайлау учаскесі таңғы сағат 07.00-ден өз жұмысын бастап, саяси реформаның жүзеге асуына үлес қосатын 1 миллион 392 мың 237 адамды күтуге кірісті. Солардың қатарында қаласының қақ ортасындағы Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында орналасқан №974 сайлау учаскесінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев алғашқылардың бірі болып, өз таңдауын жасады.
Дегенмен қала тұрғыны Нұрлан Талдыбаев учаскеге ең алдымен келген сайлаушы ретінде тіркелді.
– Бүгін жексенбі болғанына қарамастан менің жұмыс күнім. Сондықтан күнді жақсы істен бастауды ойлап, сайлау учаскесіне алдымен кіруді ойластырдым. Еліміз Қазақстанның болашағы жарқын болуы әрқайсымызға тікелей байланысты. Сондықтан саяси шарадан сырт қалуды өзіме ар санадым, – дейді Нұрлан Талдыбаев. Оған алғашқы дауыс беруші ретінде естелікке сыйлық берілді.

Ерлі-зайыпты Мұқабаевтар жас отбасы ретінде референдумға балаларымен бірге келіпті.
– Екі баламыз бар. Ата-ана болғандықтан солардың болашағына алаңдаймыз. Олардың дамыған мемлекетте, қуанышқа толы келешекте өмір сүргенін қалаймыз. Өз елінің патриоты ретінде біз азаматтық ұстанымызды көрсетіп, референдумға дауыс беруге келдік, – дейді ерлі-зайыпты жас отбасы.
Учаскедегі комиссия төрағасы Әділжан Ғұмаровтың айтуынша, биыл дауыс берушілердің белсенділігі ерекше.
– Біздің сайлау учаскеміз қаладағы сайлаушысы ең көп бөлім саналатындықтан оған 2453 адам тіркелген. Адамдардың белсенділіг жоғары, бір-екі сағаттың ішінде 150-ден астам адам дауыс беріп үлгерді. Әлі де келіп жатыр. Жұрттың бәрі мерекелік көңіл-күймен жүр. Осының өзі көп нәрседен хабар берсе керек, – дейді комиссия төрағасы. Дауыс беру шарасын бақылаушылар мұқият қадағалап отыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"