"РЕФЕРЕНДУМ-2022": ХАЛЫҚТЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ БАЙҚАЛАДЫ

Уақыты: 05.06.2022
Оқылды: 813
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгін Талдықорған қаласындағы №970-ші референдум учаскесіне қарайтын жұртшылық таңнан Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумда дауыс беріп, өз белсенділігін танытты. Комиссия төрағасы Әсет Қазиұлының айтуынша, таңғы сағат 10.00 кезінде учаскеде тіркелген 2567 адамның 600-ге жуығы келіп өз таңдауын жасап кеткен. Алдымен жасы үлкендер келсе, күн көтеріле жастар жағы көптеп келе бастаған.

Солардың арасында жасы 80-нен асқан әжей Зоя Паломская референдумға дауыс беруге келінімен бірге келіпті.

– Ақсу ауданының Өнім деген жерінде тұрдым. Орыстың қызымын, найманның келінімін. Күйеуім Серіктің қайтқанына 38 жыл болды, – деген апамыз қазақшаға судай екен. – Балаларыммен тұрып жатырмын. Мынау кіші келінім. Осы дауыс беру учаскесі орналасқан колледжде үлкен ұлым мен келінім жұмыс істейді. Ауылда өстік қой, қазақша оқып, қазақтың түтітін тұтатқан жайым бар. Бес балам бар еді, біреуі қайтыс болған. Немере, шөберелердің ортасында солардың амандығын тілеп отырмыз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман, аспанымыз ашық болсын! Соғыс болмасын! Жастарға айтарым, осындай саяси шаралардан тыс қалмай, қоғамның дамуына үлес қосу.

Дауыс беру учаскесінің төрағасының айтуынша, халықтың белсенділігі бұрнағы жылдарға қарағанда жоғары. Дегенмен дауыс беруге келмей қалатындардың болуы әбден мүмкін.

Осы күнге орай қаладағы автобустар тұрғындарды тегін тасымалдап жатыр.

 

Мәди АЛЖАНБАЙ,
Алматы облысы