Тілшілер кий ұстады

Уақыты: 11.07.2016
Оқылды: 1468
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы қаласында БАҚ өкіл­деріне арналған биль­ярд жарысы өтті. Тілшілерді тас соғудан сайыстырған «Радиоточка» ақпарат агент­тігі мен «Wargaming» компаниясы. Республикалық бай­қауға облыстық қо­ғам­дық-саяси «Жетісу» және «Ог­ни Алатау» газеттерінің тіл­шілері қатысып, әдемі ойын өрнегін көрсетті.

 «World of Tanks Billiard CupKZ» деген тақырыппен өткізілген сайысқа Қазақстанның бұқаралық ақпарат құрал­дарынан 24 команда қатысты. Командалардың кейбірі екі адамнан құралған. Үлкен тартыспен өткен жарыста журналис­тердің шеберлігіне турнир көрермендері мен ұйымдас­тырушылар тәнті болды. Олимпиадалық тәртіппен іріктелген командалар біртіндеп шешуші кезеңге өтіп жатты. Онда да қарсыласын айқын басымдықпен жеңген ойыншы бұрынғыдан да тәжірибелі бильярдшымен бақ сынасады. Сөйтіп, көптің ішінен шешуші кезеңде «Қаламгер-медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «КТК» телеарна­сының, «Жас Алаш» және «Курсив» газеттерінің ойыншы­лары тоқайласты. Финалда «Курсив» апталығының тілшісі Александр Широких пен «Жас Алаш» газетінің тілшісі Ілияс Сәрсеев бас жүлде үшін өзара аса тартысты сайыс өткізді. Ақыры, қатарынан екі ойында да озықтығын көрсеткен «Курсив» басылымының тілшісі жарыс қорытындысы бойынша кубок пен плазмалық теледидар олжалады. Екінші орынның медалі мен планшет Ілияс Сәрсеевке бұйырды. Турнирдің қола медалі мен смартфонын «Қаламгер-медиа» ЖШС-нің жетекшісі Жанарбек Әшімжан иеленді. Жарысты ұйымдас­тырушылар негізгі жүлделерден бөлек қосымша марапаттарды да қатысушыларға табыстады.

ҚР Бильярд спорты федерациясының төрешілер алқасы құрамындағы 3 адам кең залдағы бильярд үстелдерін қадағалап, тартысты жағдайлардың шешімін айтып отырды. Алқаны ҚР Бильярд спортының бас төрешісі, халықаралық санаттағы әділқазы Роман Бузурходжаев басқарды.

Тілшілер арасындағы тартысты дода соңында қатысушылар естелік суретке түсті.

М. ӘСЕТҰЛЫ.