Ұрпаққа ұлағатты тәрбие

Уақыты: 10.05.2024
Оқылды: 489
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Отан қорғаушылар күні Ырғайты ауылдық округіне қарасты Көктұма ауылында  Ермырза батыр Көпжасарұлының ұрпақтары бас қосып, батыр бабаларын еске алды. Бұл біржағынан елі мен жерінің бірлігін қорғап, туған топырағын жат күштерге таптатпаған батыр бабаларға деген құрмет десек, екінші жағынан өскелең ұрпаққа өткенін танытып, болашақта Отанның намысын қорғайтын азамат болып өсуіне салынған баспалдақ деуге болады.

 – Жоңғар Алатауының баурайын мекендеген елдің тарихы да тағылымды. Бұл өңірден елі мен жерін қорғаған Қасабай, Баянбай, Қарға, Шөкіман,Ермырза сияқты бетырлар. Андас Кунақ, Әбдіқали, Миселім, Сыржан, Есжан сияқты ел билеген даналар. Өзен суын теріс ағызған Қандығатай сияқты әулиелер, Арап, Жалғабай, Молдақан сынды ақын күйшілер, жауырын жерге тимеген Сыдық, Әшімбай, Жақып сынды палуандар шыққан құтты қоныс. Сол батыр бабаларымыз бүгінгі тәуелсіздігіміздің тұғыры болды десек те артық айтқандық болмайды. Ал келешек ұрпақты тұған топырағының сүйемдей жерін көзінің қарашығындай қорғауға тәрбиелейтін тәрбие мектебі деуге болады. Сондықтан жыл сайын батырлар рухына тағзым етіп, мерекені қарсы алуды дәстүрге айналдырдық, – дейді Шараны ұйымдастырушы, «Алакөл турбаза» демалыс орнының басшысы Еркін Ермырзаев.

 Ермырза батыр Көпжасар ұлы қазақ хандығы өмір сүруін тоқтатып, елдің еңсесін отаршылдық езе бастаған дәуірде өмір сүрген батыр. Ұрпақтарының айтуынша, батыр 1819 – 1892 жылдары  Алакөл өңірінде өмір сүрген. Сүйегі Алакөл мен Жалңаш көлдің арасындағы  Жоңғар Алатауының бөктеріндегі Қарауыл төбеның батыс жағындағы Жалпақ қиақ деген жерге жерленген. 2001 жылы ұрпақтары ас беріп, басына кесене тұрғызған. Өткен жылы Жетісу облысының тарихи мәдени мұраларды қорғау жөніндегі орталығының «Жетісу – киелі мекен» атты экиспедициясы аясында батыр жерленген жер жергілікті маңызы бар қасиетті нысан ретінде тізімге алынған.

– Ермырза бабамыздан тараған ұрпақ бүгінде бір қауым елге айналды. Батыр бабамызбен бірге елдікке үлесі сіңген  Алаш орданың белгілі қайраткері Қален батыр, 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің 10 күндігіне қатысып, «Кеңес одағының халық ақыны» деген атаққа ие болған, 1938 жылы Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, «халық жауы» атанып, шет жерде қайтыс болған ақын Арап Әмірұлы, әнші Әсет Найманбаевтің төл шәкірті, дәулескер күйші Молдахандардың да руғына тағзым етуді перзенттік парызымыз деп білеміз, – дейді батырдың ұрпағы, Әнуар Ермырзаев.

Бұл күнгі тағылымды шараға Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі батыр ұрпақтары жиналыпты. Әсіресе, құлдыраңдап шауып жүрген қара домалақтар мен ат жалын тартып мінген жастар жағының алған тәлімі мол болғаны анық. Өйткені, тас қалада өсіп келе жатқан ұрпақ дала табиғатының кеңдігіне тамсанып, батыр бабалар ерлігімен тәлім алып, ағайын-туыстарымен танысып, өміріне кеңдік пен бауырмалдықтың дәнін септі. Бұл бірлік пен ынтымаққа бастайтын жол.

Қажет Андас

Алакөл ауданы