Берекесі кеткен «Береке»

Уақыты: 13.09.2022
Оқылды: 1409
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан халқына ар­нал­ған биылғы Жолдауында ел Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев иге­ріл­мей жатқан немесе заңсыз бе­рілген жер кө­лемі 10 млн. гек­тарға жуық­тайтынын, бүгінге дейін ауыл ша­руашылығы мақса­тын­дағы 2,9 млн. гектар алқап мемлекет мен­шігіне өткенін, жыл соңына дейін тағы да кемінде 5 млн. гектар жер қай­тарылатынын айтқан еді.

Иә, жер мәселесі шынымен ушығып тұр. Қазақстанда әр шаршы ша­қырымға бар-жоғы 5,4 адамнан ке­­ле­­ді дегенімізбен, Алматы сияқты ірі мегаполистің айналасынан баспана салып алуға алақандай жер таппай жүрген жандар жетерлік. 
Ауыл шаруашылығына арналған ал­қаптардың жайы бұдан басқарақ. Атап айтқанда, кезінде қолында билігі бар немесе тіреуі мықтылар мен жылпостар жерді молынан қарпып, қарапайым халық азғана аша-тұяғын қайда бағарын бірмей отырған жайт жиі кездеседі. Ал, біз сөз еткелі отырған Балқаш ауданының Береке ауылында кезінде шаруашылыққа тиесілі күріш алқаптарын өзге біреу иемденіп кеткендіктен, жергілікті тұрғындар күнкөріс көзінсіз қалып отыр.
 «Өткен ғасырдың 70-жылдары құм­ның ортасынан бой көтерген «Тың­ның 25 жылдығы» атындағы күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтың қазығын қағысып, керегесін көтерген едік, – дей­ді ауыл тұрғындары редакцияға жазған шағымдарында. – Көп кешікпей еңбегіміздің арқасында мейманамыз тасып, ақ күмістей күріштің көмбесіне айналдық. Совхоздың орталығы болған Береке ауылында зәулім Мәдениет үйі, еңселі мектеп пен балабақша, монша мен қаздай тізілген тұрғын үйлері, қырман мен машина-тракторлар шеберханасы бой көтеріп, алдыңғы қатарлы елді мекен­дер­дің біріне айналған еді. Бүгіндері осы нысандардың көбісі тоз-тозы шығып, қайсыбірі мүлдем жоғалды.  Ауылда тұрақты жұмыс болмағандықтан тұрғындар жаппай өзге аймақтарға қоныс аударып, адам саны күрт азайып кеткен. Бұл көш әлі жалғасуда. Осының барлығына жұртшылықтың  күнкөріс көзі болған суармалы алқаптардың  Мұстафа Қалиевқа тиесілі  «Тамшы-Бұлақ» ЖШС-не өтіп кетуі себепкер». 

Құжаттарға назар аударатын болсақ, колхоз-совхоздарды тарату науқаны басталған 1995  жылы  «Береке» ЖШС-не тиесілі жердің 10 пайызы – аудан әкімінің арнайы жер қорына, 5 пайызы – көші-қон қорына, ал қалған 9052 гектар, соның ішінде 4392 гектар егістік, 2544 гектар жайылымдық және басқадай 2111 гектар жер серіктестік мүшелері мен  үлескерлік құқы бар 267 адамға берілген екен. Арада бір ай өткенде ауыл әкімі Тыныштық Сонабаев деген азамат «көшірмесін жасатып, қайтарып береміз» деп қағаздарын жинап алады. Тұрғындар «содан кейін құжаттарымызды көрмедік» дейді. 90-шы жылдардағы экономикалық құлдырау кезінде шаруашылықтың жұмысы тығырыққа тіреліп, уақытша пайдалану үшін алдымен «Табиғат», кейіннен «Тамшы-       Бұлақ» жауапкершілігі серіктестігіне өтеді. 
Алғашында «Тамшы-Бұлақ» серіктестігі жерімізді пайдаланғаны үшін  түскен пайдадан әркімнің үлесін беріп отырды, – дейді ауыл тұрғындары.           
– Ал, 2007 жылдан бастап бұл да тоқтап қалды. Себебін сұрасақ серіктестік төрағасы Мұстафа Қалиев: «Мен бұл жерлерді сатып алғанмын, жекеменшігім! Енді ешкімге берешек емеспін! Қайда барсаңдар онда барыңдар!» – деп бір-ақ кескен. Ауыл тұрғындары баратын жерге барған, шағымданған. Алайда ақиқаттың соңғы нүктесін қояды деген сот та жеке адамның мүддесін қорғап, үкім шығарған. Аудандық, облыстық, тіпті жоғарғы соттың да шешімі солай. 17 жыл бойы әділдік іздеп сабылған жұрттың еңбегі зая, жанайқайы естусіз.
Бұл жерде сот  алқасы «Қарыздарымызды өтеуге шамамыз келмеген соң жер үлесімізді «Тамшы-Бұлақ» серіктестігіне береміз...» – деген Береке ауылы тұрғындарының жалпы жиналыстағы шешімін дәлел ретінде алған. Алайда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ясын Мақсымов бастаған бір топ азамат: «Біз ешқандай жиналысқа қатысқан жоқпыз. Ондай шешім шығаратын құжатты көрген емеспіз» – дейді. Атқарушы билік пен сот саласының барлық деңгейдегі өкілеттігіне барып, таулары шағылған жұртшылық амалдары таусылып, шарасыз күй кешуде. – «Тым болмаса жұмысы жүріп, егіні жайқалып тұрса, ауыл тұрғындары серіктестікте  жұмыс жасап, бала-шағасына нәпақа тауып жатса жөн ғой... – дейді олар. – Егістік жердің басым бөлігі пайдаланусыз жатыр. Бір ғана 2021 жылды алар болсақ, серіктестік ауданға «800 гектарға  күріш ектік» деп мәлімет бергенімен, игерілген жер 400 гектарға да жетпейді. Ал, 300 гектарға егілген бидайды уақтылы жинамай, ол күзде қамысымен бірге мал азығы ретінде шауып алынды. Өзгелер білмегенімен, бұл жайт бізге белгілі. Үстіміздегі жылдың 5 маусымында өткен референдумда Ата Заңымызға «Жер – халықтікі!» – деген сөзді енгізуді құптаған едік. Ендеше, кезінде заңсыз жолмен алып алған жерімізді халыққа қайтарып беруін талап етеміз!».
Осы жайлы Алматы облыстық жер инспекциясы бастығының орынбасары Бөлтірік Жақыповтан сұрағанымызда ол барлық  деңгейдегі соттардың үкімі  «Тамшы-Бұлақ» серіктестігінің пайдасына шешілгендіктен, қандай да бір әрекетке бара алмайтындарын айтып, ақталды.
Ең бастысы, қолындағы азғана малымен, суармалы егіс алқабымен күнін көріп отырған ауыл тұрғындары шарасыздықтан ошағын тастап, өзге өлкелерге көшуге мәжбүр. Мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар қожыраған, үйлерді сатып алатын ешкім болмағандықтан бұзып алып кетіп жатыр.  Бүйте берсе бір күні ауылдың орнын сипап қалуымыз да ғажап емес. 
Берекесі кеткен «Береке» ауылының және осындай күйді басынан кешіп отырған көптеген елді мекен тұрғындарының жанайқайын төртінші билік атынан алдыңғы үш биліктің назарына ұсынамыз.  Бұл жағдай бүгін шешімін таппаса, қордалана келіп үлкен мәселеге айналуы мүмкін...

 

 

Қуат Қайранбаев,
Балқаш ауданы
Алматы облысы