"ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ": АЛҒАШ РЕТ ДАУЫС БЕРДІ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 729
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Мемлекетіміздің басты байлығы – адам және оның бостандығы мен құқығы екендігі белгілі. Қазақстан Республикасының Конституциясында жазылған анықтама елдігіміздің айқын белгісі іспетті. Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде тұратын көп балалы отбасында тәрбие алып, өмір жолына қадам басқан Диана Сәрсенбайқызы кең байтақ еліміздің келешегі.
Биыл 18 жасқа шыққан Диана кезектен тыс президент сайлауына ата-анасымен бірге келіп, алғаш рет саяси шараға қатысты. 14 балалы отбасында алтыншы болып дүние есігін ашқан бойжеткен дұрыс таңдау жасағанын айтады.
– Жақында 18 жасқа толғанмын. Сондықтан алғаш рет дауыс беріп отырмын. Алған әсерім ерекше. Себебі, өзіңді толыққанды азамат ретінде сезінудің орны бөлек екен, – деген жас сайлаушы әсерімен бөлісті. – Өйткені, сайлаудың маңыздылығын жақыннан сезініп, өз бойыңнан өткізесің. Бюллетеньге белгі қойып, кандидаттар арасында таңдау жасау кезінде аздап толқығаным рас. Соған қарамастан өз таңдауымды жасап шықтым. Сол арқылы Қазақстанның дамуына менің даусым үлес қосатынына сенемін!
Келешекке сеніммен қараған бойжеткеннің тілегі орындалып, кең байтақ жеріміз өркендей берсін деген тілекпен аттандық.

Мәди АЛЖАНБАЙ,
Кербұлақ ауданы