АЙМАҚТЫҚ ГАЗЕТ-ЖУРНАЛДАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМ

Уақыты: 27.01.2023
Оқылды: 2366
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Астанада «Өңірлік мерзімді басылымдар форумы» атты екі күндік жиын өтіп, аймақтық газет-журналдардың өзекті мәселелері қаралды. Атап айтқанда, екі күн ішінде арнайы спикерлер өңірлік мерзімді баспасөзді дамыту, журналистің ықпалы мен мәртебесі, газеттегі жарнама мен табыс табу әдістері және бұқаралық ақпарат құралдарында балаларға арналған контентті қалыптастыру сынды мәселелерді талқыға салды.

Еліміздің әр өңірінен 200-ден астам делегат шақырылған форумныңашылуында сөз алғанПремьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінеаймақтардағы бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту бойынша бірқатар тапсырма беріп, басылымның таралымын көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, газет-журналды уақтылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керектігін атап өтті.Сондай-ақ, қазақстандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталған вице-премьер сөзін:

–Әр аймақтағы басылымдардың өзіндік өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүргізу форматын қалыптастыру қажет.Сала мамандарын,білікті сарапшыларды ақпараттық түсіндіру жұмыстарына қатыстырумаңызды. Тағы бір мәселе – отандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігі.Елімізде зиян келтіретін жалған ақпараттан халқымызды қорғау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс, –деп түйіндеді.

Осыған орай Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында еліміздің шекарасында жатқан аудандар отандық радиохабарлармен толық қамтылатынын алға тартып, өңірлік баспасөзде жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесі жалғасатынын жеткізді. Жергілікті мерзімді бұқаралық ақпарат құралында қызмет етіп жүрген жастарды еліміздің белді басылымдарына жұмысқа алу дәстүрі сәтімен жалғасуы керектігін, таралымы төмендеп бара жатқан газет-журналдардыңкүрделі өзгерістерді бастан кешіргенін, кейбір басылымдар түрлі себеппен жекешеленіп кеткенін, жекеменшікке шығарылған 159 аудандық газетті алаламай қолдау көрсетуге дайын екендіктеріналға тартқан министр аймақтық басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелері қайта қарастырылып жатқанын атап өтті.

Қатысушылар қойған сұрақтарға жауап берген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі еліміздегі журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған заңнама жақын арада қабылданатынын атап өтіп, тілшілердің жеңілдікпен пәтер алуы, ауруханада жеңілдікпен қаралуызаң жолыменжүзеге асатынын алға тартты.

– Енді журналистің сауалына міндетті түрде жауап беріледі. Жауап беру мерзімі азаяды. Қазір 7 күн болса, енді ол 3-5 күн болып қысқарады, – деген Дархан Қуандықұлы бірқатар мәселелерге тоқталды.– Сонымен қатар, жауап бермейтін мемлекеттік қызметшілер жауапкершілікке тартылады. Мұның барлығы журналистің ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында жасалып отыр. Одан бөлек, жеңілдіктердің ең қарапайымы – «Pressa» деген жазуы бар көлікті кез келген жерге қоюға немесе мекемелерге кіруге жеңілдіктер қарастырып отырмыз.

Сөз арасында журналистерге дөрекі сөйлейтін мемлекеттік қызметшілерге қатысты пікір білдірген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов:

–Қазір мемлекеттік қызметшіге деген сын көп. Мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі де көп.Ол жерде де бес саусақ бірдей емес. Дегенмен, журналистер тарапынантүсетін сауалдарға дереу жауап беру деген бар. Әсіресе, қоғамдымазалайтын сұрақтар болып тұрған кезде, алғы шепте жалған ақпарат емес, шынайы мемлекеттік көзқарас халыққа дер кезінде жеткізілуі тиіс. Ал этикаға келетін болсақ, ол бәрінде болуыкерек. Оның ішінде, журналистердің де этикасы болуы тиіс.Қазіргі ақпараттық кеңістікке байланысты біз мемелекеттікқызметшілерді көбірек оқытуымыз керек шығар. Себебі- олардың барлығы БАҚ-қа күнделікті сұхбат бере бермейді, – деп мәселенің тереңдігін түсіндіре кетті.

Форумның екінші күні спикерлер мерзімді баспасөзді, оның ішінде аймақтық газеттерді заман ағымына сай жетілдірудің жолдарын саралап, оқырманға жылдам жеткізудің тетіктерін салыстырды. Олардың айтуынша, елімізде бірден-бір газет тасымалымен айналысатын «ҚазПошта» АҚ-ны осы саланың жұмысын меншіктеп алған, осыған орай газетке жазылу бағасының басым бөлігі пошта қызметіне кетеді, бір саладағы монополияны тоқтатып, әділ бәсекелестік орнату бүгінгі күннің талабы. Себебі, газет шығып шалғай ауылдағы оқырманға жеткенше бірнеше күн өтіп, әрбір жаңалық ескіріп кетеді. Сондықтан газет-журналдар көбіне сараптамалық мақаламен ғана оқырманды өзіне тартатынын түсіндірген мамандар жарнамадан табыс табу, әрбір басылымның интернет нұсқасын дайындау, бүгінгі күннің басты тәсілі подкаст жасаудың тиімділігі, жалғыз фотосуретпен өзекті мәселенің түйінін қою сынды аса қажетті тақырыптарды талқыға салды. Әсіресе, өскелең ұрпақты тәрбиелеудің тетігі саналатын балалар басылымдары идеологиялық тұрғыдан қажет екендігі түсінген адамға жеткілікті деңгейде әңгімеленді.

Осыған қарап,еліміздің ақпарат кеңістігінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, өз үнін жариялап жатқан мерзімді баспасөздің отаншылдық, мемлекетшілдік бағыттағы жолға түскенін байқауға болады. Шынында Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген анықтамаға сай келетін басылымдар еліміздің келешегі кемелдене түсуіне ықпал етеді. Ендеше, тағы бір Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген сөзі бүгінгі күннің шындығына айналып отырғанын көрсетеді.

Алқалы жиынды қорытындылаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі аймақтық мерзімді баспасөздің мәселелерін ортаға салатын форум дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынын алға тартты.

 

Мәди АЛЖАНБАЙ