«ҚОРҒАС» ШЫХО ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

Уақыты: 09.02.2023
Оқылды: 1231
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Қорғас» шекарааралық ынтымақтастық халықаралық орталығы» АЭА БК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Біржан Жылқайдаропен сұхбаттасып, орталықта атқарылған іс-шараның жайын біліп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Біржан Сәкенұлы, «Қорғас» ШЫХО қызметін жақсарту бағытында қандай жұмыс атқарылды?

– «Қорғас» ШЫХО пандемияға байланысты 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жабылды. Карантин кезінде біз жөндеу жұмысын жүргіздік. Атап айтқанда, туристерге қолайлы жағдай жасау үшін жолаушыларға арналған терминал толық жабдықталып, еден қайта жаңартылды. Металл қоршау шыны бөлімдерге ауыстырылып, әрбір паспорттық бақылау кабинасына тепловизор орнатылды. Барлық туристің ыңғайлы өтуін қамтамасыз ету мақсатында «Блок-А» залының кірер алдында турникеттер орнатылып, сан-тораптарға күрделі жөндеу жүргізілді. Қосымша ақыға кедергісіз өтуді қалайтын туристерге бизнес-терминал (VIP терминал) жасалып, залды кондиционерлеу жүйесі жаңартылды. Туристер мен олардың багажының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аумақ жарықтандырумен толық жабдықталып, бейнебақылау орнатылды.

– «Қорғас» ШЫХО ашылғаннан кейін қандай өзгеріс болады?

– «Қорғас» ШЫХО-на Қазақстанның түкпір-түкпірінен, ТМД елдерінен және басқа мемлекеттен туристер келетін кеңінен танымал халықаралық жоба екенін назарға ала отырып, орталық барлық бағытта жетілдіріліп цифрландырылып, келушілерді қабылдау сапасының деңгейін арттыратын болады. Қазіргі уақытта біз автокөлік құралдарының жаппай жиналуын болдырмау үшін автоматтандырылған тұрақ жүйесін әзірлеу, билет пен багаждың автоматтандырылған жүйесін қамтамасыз ету, жолаушылар залында ана мен балаға бөлек бөлме, банк бөлімшелері, дәріхана, пост-терминалдар, банкоматтар, дүкендер мен дәмханалар және намазхананы қамтамасыз етуді жоспарлаудамыз. Сондай-ақ, арбат, сауда орталығы, қонақүй кешені, фуд-корт, түрлі ұлттық тағам әзірлейтін мейрамхана сияқты туристердің жайлы әрі қызықты уақыт өткізуіне оң әсер ететін жобалардың іске асырылу нұсқаларын қарастырамыз. Отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қытай тарапымен бірлескен этно-фестиваль, Қазақстан тауар өндірушілерінің жәрмеңкесін және халықаралық қолөнер шеберлерінің көрмесін өткізу көзделуде. Қазір халықаралық орталықты дамытуға бағытталған көптеген жоспар, идеяларымыз бар.

– Ішкі көлікке билет құны бекітілді ме? Күніне қанша адам қабылдау жоспарлануда?

– Адамдар көп жиналмауы және залдарда үлкен кезектің пайда болмауы үшін келушілерге билетті онлайн сатып алудың жеңілдетілген түрін қамтамасыз ететін және билетті сатып алуда кезекте тұрып уақыт жоғалтпайтын жаңа билет жүйесін әзірлемекпіз. Билет құны бір адамға шамамен 3500 теңге. Орталық ашылғаннан кейін келушілерге қолайлы жағдайда күніне шамамен 3 мың адам қабылдауды жоспарлаудамыз.

– Қазақстан тарапынан дамудың қандай перспективалары бар?

– Басқарушы компания 2023–2025 жылдарға арналған даму стратегиясын әзірледі. Осының шеңберінде Даму тұжырымдамасы сауда-туристік кластерді дамытуға бағытталады. Сондай-ақ, сауда орталықтары, қонақүй, ойын-сауық кешендері, көрме орталықтары, басқа да инвестициялық жобалар көзделген «Қорғас» ШЫХО» АЭА бас жоспары нақтыланады. Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында осы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвестор тарту бойынша іс-шара өткізу көзделуде. Біз ашықтық қағидатын ұстанамыз және келіп түскен жобаларға барынша қолдау көрсетеміз.

– ПТР тесті немесе вакцинация паспорты қажет пе?

– «Қорғас» ШЫХО-ға бару үшін ПТР-тест және вакцинация паспорты талап етілмейді.

– Орталықтың қандай қызмет режимі жоспарлануда? Тәулік бойы жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырыла ма?

– «Қорғас» ШЫХО жұмыс режимі таңғы 07: 00-ден кешкі 19:00-ге дейін. «Қорғас» ШЫХО тәулік бойы жұмыс істеу мүмкіндігі туралы қытай тарапымен келіссөз жүргізіледі. Сондай-ақ, осы мәселеге қатысты ҚР мен ҚХР арасындағы үкіметаралық келісімге өзгеріс енгізуіміз мүмкін.

– Баж салығынсыз қанша келі тауар шығаруға рұқсат етіледі?

– ҚР аумағына 2023 жылғы 1 сәуірге дейін әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарды тасымалдау нормасын айына бір рет құны 1мың еуродан немесе салмағы 31 келіден аспайтын тауарды тасымалдауға болады. Биылғы 1 сәуірден бастап айына бір рет құны 500 еуродан, салмағы 25 келіден аспауы тиіс.

Туристік топтардың кедергісіз өтуін ұйымдастыру жөніндегі қызмет қайта бастала ма? (Жасыл дәліз)

– Ия, бұл қызмет қайта басталады.

Электрондық құжаттармен шекарадан өту мүмкін бе?

– Өкінішке қарай, ол мүмкін емес. Алайда, электрондық құжаттармен шекарадан өту үшін біз үкіметаралық келісімге өзгеріс енгізуге тырысамыз.

«Қорғас» ШЫХО қашан ашылады?

– Бұл мәселенің көпшілікті қызықтыратыны рас. «Қорғас» ШЫХО-ның ашылуы халық және ел үшін маңызы зор. Қазір біз орталықты ашу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Бізде көптеген даму жоспары бар. Қазір ашылуға дайындық жұмысы жүруде. Бұл бірқатар техникалық және келісу рәсімі. Барлық іс-шара өткеннен кейін «Қорғас» ШЫХО жұмысын қайта бастайды.

–  Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы