ЖАРНАМАҒА ДА ЖАУАПКЕРШІЛІК АРТАДЫ

Уақыты: 13.02.2023
Оқылды: 1015
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тұтынушылардың құқығын қорғау үшін Жетісу облысында мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жұмысы күшейтілмек. 
ҚР «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңының 24-бабының 1-тармағында: «Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратты беруге міндетті», – деп жазылған. 
Осы мақсатта Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Е. Ақшабаев, Жетісу облысының сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Е. Зайтбеков өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым бағытының бірі – көрнекі ақпарат пен жарнама тілін реттеу. Облыстағы кәсіпкерлік субъектілерінде тұтынушыларға мемлекеттік тілде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, ондағы көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнама мәтіндерінде тіл және жарнама туралы қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, заңнама нормаларын түсіндіру, мәтіндердегі қателерді анықтау және аудармасы бойынша әдістемелік көмек көрсету мақсатында келісімге келді.
Департамент басшысы Еділ Зайтбеков өз сөзінде: «Мемлекеттік тілге құрмет ол бірінші кезекте күнделікті тұрмыс тіршілікте көрестілетін қызметті өз туған тіліңде, заң аясында талап етуден басталу қажет және бұл бағытта жетісулық азаматтар өз құқығын қорғай білуі керек. Заң талаптары бұзылған жағдайда департамент тілдерді дамыту басқармасымен бірлесе өтініш-арыздарды қарауға әзірміз», – деп атап өтті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"