ТЕКЕЛІДЕ МАГИСТРАЛЬДЫ ГАЗ ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛУДА

Уақыты: 15.02.2023
Оқылды: 1671
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысы халқының 40%-дан астамы газға қосылуға мүмкіндік алды. Биылғы жылы газ тарату жүйелерінің құрылысы бойынша 22 жоба іске асырылуда. Бұл ел Президентінің өткен жылы Жетісу өңіріне келген сапарында берген тікелей тапсырмасы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Текелі қаласындағы Қонаев көшесінде магистральді газ құбыры тартылуда. Қаланы газдандыру жобасына 5,5 млрд. теңге бөлініпті. Қазан айында басталған жұмысты «Әлия-Сервис» ЖШС 2024 жылдың желтоқсан айында аяқтауы тиіс. Мұнда 70-ке жуық адам жұмыс істейді. 15 арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі кезде қажетті 195 шақырым газ тарату желісінің 4,2 шақырымы төселген.

Учаске бастығы Мұрат Жиенбаев: «Жұмыс жоғары қысымды үш, төменгі қысымды бес учаскіде жүргізілуде. Бүгінде жұмыстың 10 пайызы атқарылды. Әлі жасалатын 190 шақырым бар. Қазір жер қатып жатыр. Жұмыс тоқтап қалмау үшін біз жобаның 2-ші, 3-ші кезеңіне қатар кірістік. Қазіргі кезде 3 учаскеде жоғары қысымды, 5 учаскеде төменгі қысымды газ құбырларын төсеу жұмыстары бір мезгілде жүргізілуде», – деп биыл жұмыстың 70 %-ы аяқталатынын жеткізді.

Текелі қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғалым Қызылбаев желілердің барлығы Текелі тау кен байыту кешеніне және қаланы жылумен қамтамасыз ететін Текелі энергетикалық стансысына жылу электр орталығын жаңғырту, газға көшу және кешенге де баратынын айтты.

Тағы бір қуаныштысы, 2019 жылы табиғи газға ақша жинап, жұмысы бітпей қалған «Достық» шағын ауданындағы тұрғындардың да мәселесі шешіледі. «Aс-Тас Invest»  компаниясы жыл соңына дейін барлық келісімшартты орындайды. Айта кетейік, Текелі қаласын газдандыру үшін 2018 жылы «Талдықорған - Текелі» жоғарғы қысымды газ құбырының құрылысы жүргізілген. «Жетісу ОблГаз» ЖШС мен «Ac-Tac Invest» ЖШС арасында 2017 жылы Ескелді ауданының елді мекендері мен Текелі қаласына ауылішілік газ жүйелерін салу мен іске қосуға консорциум келісімшарты жасалған.  Келісімшартқа сәйкес «Ac-Tac Invest» ЖШС 10,4 млрд. теңге инвестиция құйып, жобаны қаржыландыруы керек еді. «Ас-тас Invest» ЖШС халықтан қаржы жинап, ұзындығы 5,1 шақырым газ құбырын төсеген. Қазіргі кезде 93 абонент табиғи газға қосылып, көгілдір отынды пайдаланып отыр. Бірақ, 33 үйдің тұрғынына газ сол күйі жеткізілмей қалған. Осыған байланысты жаңа жобаның І кезегінің 2-ші іске қосу кешеніне осы проблемалық учаске де енгізіліп отыр, ал «Ас-тас Invest» ЖШС аталған үйлер тұрғындарының жаңа газ құбырына қосылудағы шығынын өтеп беретін болады.

 

Айдар ҚАЛИЕВ,
Текелі қаласы