МӘСЕЛЕ. СЫРТ ҚАРАҒАН АДАМҒА БАРЛЫҒЫ КЕРЕМЕТ

Уақыты: 01.03.2023
Оқылды: 1654
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысындағы экономиканың еңсесі биіктеп, жұрттың әл-ауқатының артуына, тұрмысының жақсарып, табысының тасқындауына ықпал ететін жетекші саланың бірі – өсімдік шаруашылығы. Шыбық ексең, бәйтерекке айналатын жер ұйығының бұл бағыттағы әлеуеті аса зор. Соның ішінде бау-бақ өсіру мен егістіктің қосатын үлесі басқаларға қарағанда қомақты.

 

БАҚЫДАУДЫҢ ӘДСІЗДІГІН ПАЙДАЛАНҒАН ЖЕР ИЕЛЕНУШІЛЕР

Заманында 30-40 мың гектарға дейін қызылша өсіріліп, бес бірдей зауытта қайта өңдеуден өткізілген тонналаған тәтті түбірден алынған аппақ қантымен талайды таңдандырған өлкеде жайқалған егістіктен жиналған дәнді дақылдар да елдің берекесін асыратын.

Жылдар өтті. Қалыптасқан өндірістік ырғақ үзілді, байланыстар тоқтады. Ауыл шаруашылығында, оның ішінде өсімдік саласында ұзақ жылдарғы тәжірибе барысында сыннан өтіп, қолданысқа енген технологиялық тәсілдер ұмыт қалды. Егістік талаптары сақталмайтын болды. Жердің құнары жойылды. Жүздеген гектар алқаптар қараусыз қалып, арамшөп басты.

Сондай-ақ, бақылаудың әлсіздігін пайдаланған жер иеленушілер топырақтың жағдайын, егістіктің ерекшелігін ескерместен, сұранысқа ие дақыл түрлерін қайта-қайта егу арқылы қара жердің бар нәрін сығып алып, кейіннен қараусыз қалдыруды үйреншікті іске айналдырды. Соның салдарынан құнары қашып, құр тақырға айналған алқаптар саны артты. Айта берсе, мұндай жағдай жетіп артылады. Ғылым мен өндірістің арасы алшақтап кеткені де рас.

Дегенмен, аграрлы облыстағы экономиканың басты тірегінің бірі – әлі күнге дейін өсімдік, оның ішінде егін шаруашылығы болып отыр. Осының алдында жазған мақаламыздың бірінде Жетісу өлкесі бір ғана Алматы облысы болып тұрғанда, Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кететін өңірде жыл сайын 900 мың мен миллион гектардың аралығында егін егіліп, күзде бұйырған несібе жиналатын. Соның арқасында халықтың қарны тоқ, көйлегі көк болатын. Қыста қатты қысыла қоймайтынбыз. Биылдан бастап өлкедегі екі аймақ жеке-жеке облыс ретінде өз алдына күн кешіп, экономикадағы салалардың мүмкіндігін барынша пайдалануға тырысуда.

 

ЖЕТІСУЛЫҚТАР МАЙЛЫ ДАҚЫЛДАРҒА КӨҢІЛ БӨЛЕДІ

Былтыр қазіргі Жетісу облысы алып жатқан аумақтағы шаруалар 309,0 мың гектарда дәнді дақылдар өсіріп, күзде 816,9 мың тонна өнім жинапты. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 26,2 центнерден айналған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кейінгі жылдары бүкіл елімізде майлы дақылдар өсіруге үлкен көңіл бөлініп, шаруалардың таңдауы негізінен осы бағытта басымдыққа ие болуда. Жетісулықтар да майлы дақылдарға баса көңіл бөледі.

Өйткені жердің ыңғайы да егістіктің осы түріне қолайлы, масақты дәнді дақылдарға қарағанда өнімділігімен қатар өтімділігі де жоғары. Күтіп-баптауға кететін шығыны да аздау. Қалай болғанда да бір кезде дәстүрлі болған, халықтың басты ырыздығы ретінде саналған егістік түрлеріне қарағанда тиімді. Тек жердің құнарын кетіріп, тоздырып жіберетіні бар. Сондықтан тиісті талаптарын қатаң ескерген жөн.

Былтыр жетісулықтар 96,7 мың гектарға орналастырылған майлы дақылдардан 206,2 мың тонна өнім алыпты. Гектар берекелігі 21,3 центнерден болыпты. Сонымен бірге 11,6 мың гектар картоптың әр гектарынан 207,3 центнерден өнім алынып, 240,3 мың тонна картоп жиналыпты. Көкөністер 7,3 мың гектарға егіліп, күзде 223,1 мың тонна өнім алынған, орташа өнімділік гектарына 305,4 центнерден айналыпты.

1,8 мың гектардағы бақша дақылдарынан 50,5 мың тонна өнім жиналған. 4,2 мың гектар қант қызылшасы қазылып, 187,5 мың тонна тәтті түбір алынған, орташа өнімділік гектарына 438,5 центнерден.

АЙТУДЫҢ ӨЗІ ҰЯТ

Сырт қараған адамға барлығы керемет. Бір облысқа аздық етпейтіндей көрінеді. Жетісу жерінің өсімдік шаруашылығы бойынша әлеуетін жете білетін жандар жоғарыдағы цифрлардың сол мүмкіндікке сай емес екенін бірден аңғарады. Басқабасқа, заманында Талдықорған облысы, Талдықорған ауданындағы қазіргі Бақтыбай ауылдық округіндегі елді мекен тұрғындары 7 мың гектарға дейін қызылша өсіргенін ескерсек, былтырғы облыс көлемінде өсіріліп, жиналған тәтті түбірдің көлемі мен мөлшері туралы айтудың өзі ұят сияқты.

Осынау стратегиялық та маңызы бар техникалық дақылдың арқасында Жетісу өңірінің даңқы аспандап, қызылшалы алқапта тамшылатып тер төккендер марапаттың төрінен көрінгенінің де куәсі болған едік. Олардың қатарынан басқа орден-медальдармен наградталғандарды айтпағанда, ондаған Еңбек ері шыққаны да есімізде.

Қант қызылшасы тұтас облыстың экономикасын өрге сүйреген сала еді. Бірнеше ауданның халқы негізінен тәтті түбірді тіршіліктің арқауы ететін. Өкінішке қарай, қазіргі жағдай керісінше.

Алайда алдағы күндерден үміт үлкен. Облыс басшысы аудандардағы жұртшылықпен жүздесулерінде жер ұйығының өсімдік шаруашылығындағы әлеуеті аса зор екенін халықтың құлағына құйып, жерді тиімді пайдалану, өнімділікті арттырып, жиналған өнімді қайта өңдеуден өткізуді жолға қоюды тиісті тұлғаларға шегелей тапсырып жүр.

Жақында ғана Ақсу, Алакөл, Сарқан аудандарындағы іссапарлары барысында да осы мәселеге баса назар аударып, жерді нағыз шаруа адамдары иеленіп, игеруі керектігін қайталап айтты. Мыңдаған гектарды меншіктеп алып, кәдеге асырмай отырған жеке тұлғалар мен компанияларға ескерту жасады. Расында да жер – байлықтың атасы және бірінші кезекте ел игілігі үшін қызмет етуге тиісті.

Биыл былтырғыға қарағанда бұл саладағы көктемгі дала жұмыстарына дайындық қарқынды. Сонымен бірге өсімдік шаруашылығының барлық саласында егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда біршама артқан.

Мәселен, осы салада қолға алынған әртараптандыру арқасында қант қызылшасының аумағы 1,9 есеге (2022 жылы 4,2 мың гектар, 2023 жылы 8,1 мың гектар), көкөністер мен картоп 1,6%-ға (2022 жылы 19,1 мың гектар, 2023 жылы 19,4 мың гектар), дәндік жүгері 0,5%-ға (2022 жылы 44,4 мың гектар, 2023 жылы 44,6 мың гектар) артпақ. Соның нәтижесінде облыс бойынша жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының ауданы 519,1 мың гектарға жетіп, оның ішіндегі жаздық дақылдар 365,1 мың гектарды құрамақ.

Ендігі алда тұрған мақсат – осыншама алқапқа егілетін, себілетін, отырғызылатын дақылдарды ерте көктемнен бастап, ала жаздай дұрыстап күтіп-баптап, күзде шашпай-төкпей жинап алу.

ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУДАН ДА КЕНДЕЛІК БОЛМАЙДЫ

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы жоспарға сай жүргізілуде. Техникалардың әзірлігі жақсы, тұқымдар қоры толықтырылған. Тыңайтқыштар ретімен жеткізілуде. Қажетті дизельдік отын да кестеге сай қамдалуда. Қаржылай қолдаудан да кенделік болмайды.

Нақтырақ айтсақ, биылғы егінге ауыл шаруашылығы дақылдарының қажетті деп есептелген 56,2 мың тонна (1,8 мың тонна – элиталық, 54,4 мың тонна – жоғары репродукциялық) көлеміндегі тұқымдардың қоры толық қамтамасыз етілмек. Қант қызылшасының тұқымдық қажеттілігі 11,3 мың себу бірлігі болса, осының 9,5 мыңы (6,8 мың гектарға) наурыз айының басында Көксу қант зауыты (KWS-Германия, BTS-Америка, Florimond Desprez-Франция) арқылы жеткізіледі де, қалған 1,8 мың себу бірлігі (1,3 мың гектарға) шаруашылықтармен тікелей тұқым өткізушілерден сатып алынады. Минералды тыңайтқыштарды қолдануды 1,4 есеге арттыру жоспарланыпты. Қазіргі уақытта шаруашылықтар жеткізушілермен келісімшарттарға отыруда.

Арзандатылған дизель отыны былтырғыға қарағанда мың тоннаға артып, 10,3 мың тонна көлемінде бөлініпті. Оператор (Silk Vay Petroleum) анықталды, мұнай базаларына ақпан айынан бастап тасымалдануда. Машина-трактор паркі де біршама жаңартылған.

Былтыр 9,1 млрд. теңге сомасына 546 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынса, биылғы жоспар бойынша 650 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынбақ. Облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 9,7 мың трактор, 1,5 мың сепкіш және 9,3 мың топырақ өңдеу құралдары бар. Қазіргі уақытта техниканың 97% -ы көктемгі дала жұмыстарына кірісуге дайын.

Аграрлық несие корпорациясының кредиттік бағдарламалары аясында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 5 млрд. теңге («Кең Дала» – 1,3 млрд. теңге, «Агробизнес» – 3,7 млрд. теңге) көзделген, оның 573 млн. теңгесі өткен жылдың желтоқсан айында берілсе, ағымдағы жылдың басынан бері 724 млн. теңгеге 33 өтінім түсіп, әзірге бесеуі қанағаттандырылыпты.

қатар, Көксу қант зауыты қызылша егетін шаруашылықтарға 700 млн.теңге сомасына көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін қаржылай қолдау көрсетуді жоспарлапты.

 

Фото: ашық дереккөзден

Болат АБАҒАН
Талдықорған қаласы