"Өзбекстан өндірушілерінен тікелей жеткізіледі": Талдықорғанда әлеуметтік базар ашылды

Уақыты: 30.03.2023
Оқылды: 1128
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғанда әлеуметтік базар ашылды. Салтанатты шараға ауыл шаруашылығы саласының майталмандары мен жергілікті тұрғындар шақырылды. 

Өз кезегінде қала әкімі Әсет Масабаев сөз сөйлеп, жүрекжарды ақ тілегін жеткізді. Шаһар басшысы көпшіліктің қуанышымен бөлісе отырып, халыққа есігін айқара ашқан заманауи үлгідегі жаңа сауда орнының ел игілігі үшін қызмет атқаратынына сенім білдірді. 

– Бұл жерде азық-түлік павильондары, қабылдау пункті, сатушыларға арналған бөлмелер, өнім сақтайтын бірнеше қойма, зертхана, асхана және тоңазытқыш орындары бар. Бір ерекшелігі сол – азық-түлік тауарлары «Алтын орда» базарына бармай-ақ Қонаев қаласының айналма жолдары арқылы Өзбекстан өндірушілерінен тікелей делдалсыз жеткізілетін болады. Мұндағы мақсат «егістіктен сауда сөресіне дейін» жобасын іске асыру, – дейді жаңа сауда орнының жетекшісі Сарқытбек Молдабаев.

Байқағанымыздай, бұл жерде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің алаңсыз қызмет көрсетуі үшін қажет жағдай барынша жасалыпты. Бұл жерде су, электр және газбен жабдықтау желілері іске қосылған. Сөрелерде күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің небір түрі қойылып, саудалануда. Мұнда ет, жеміс-жидек, көкөніс, бақша дақылдары және сүт пен ұн өнімдері, тағы басқаларының бағасы өзге базардағыдан біраз төмен. Ендігі кезекте ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жаз бойы өсіріп, өндіргендерін осы жерге әкеліп сатуға мүмкіндік алмақ. 

Мұндай орынның ашылуына жергілікті тұрғындар да қуанышты. Өйткені, шаһардың солтүстік жағынан орын тепкен жаңа базар маңында бұдан басқа мұндай әлеуметтік сауда орындары жоқ. Сондай-ақ, бұл бақша, егістік өнімдерінің қолжетімді әрі арзан бағада болуы ең алдымен әлеуметтің әл-ауқатының артуына оң ықпалын тигізбек. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА