ОРАЗАНЫҢ ҚАСИЕТІ

Уақыты: 01.04.2023
Оқылды: 1056
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Менің үлкен атам Битуған деген кісі діни сауатты, тақуа адам екен. Баласы Дәулет атамызды да жастайынан арабша оқытып, діни сауатын ашыпты. Дәулет атамыз ірі денелі, қайратты адам болған деседі. Ол кісі 1928-36 жылдары Қызылорда облысы, Қазалы стансысында мешіттің бас имамы болыпты. 5 уақыт намазы мен оразасын қаза қылмай ұстап, жас балаларды оқытып, діни білім берген. 

Бірақ Кеңес үкіметінің дінге деген көзқарасынан ол кісі көп қудаланған, кітаптарын  тартып алып, өртеген. Анамыз Айбарша кезінде осындай әңгімелерді көп айтып отырушы еді.

Анамыз да намаз оқып, ораза ұстап, таза жүрген. Дәулет ата науқастанған кезде, бағып, батасын алған. Анамыз иман жүзді, көріпкелдігі бар, түс жорығыш жан еді. Аталарымыздың діни ілімі балалары Ишанқұл мен Әбдімәжитті көп уақыт бойы «молданың балалары» деп жұмысқа алмаған. Әкемнің ағасы Ишанқұлға соғысқа аттанарда Дәулет атамыз бір кішкене ғана дұға оқып, жазып берген екен. Соның себебі болды ма, ол кісі  ІІ дүниежүзілік соғысқа басынан аяғына дейін қатысып, ешбір жарақат алмай, аман-сау елге оралды. Ал әкеміз Әбдімәжит теміржолда машинист болып, соғысқа оқ-дәрілер тасыған неміс ұшақтарының бомбалауынан ауыр жарақат алған, кейін «Құрметті теміржолшы» атағын алып, зейнеткерлікке шықты. 63 жасында қайтыс болды. Ал енді менің айтайын дегенім, «Адам баласы Құран оқып, ораза ұстап, Алланың жолымен түзу жүрсе, Алла да ондай жанға өз мейірімін төгіп, бір жақсы қабілеттер дарытады-ау», – деген ой.

Міне, 7 жыл ораза ұстап келемін. Байқағаным, бұрын тамаққа тоймай жүрген адам ораза ұстаса,   ауызашарда бір жұтым суға да риза болып, тағамды аз ғана ішкеннің өзінде тойып шыға келеді. Анамның айтуынша, «Ораза барлық адамдарды теңестіреді, бай немесе кедей, патша немесе жай адам, шаруа немесе жұмысшы болсын, барлығы да Алланың үкіміне бағынып, Алланың құлы екенін ораза кезінде түсінеді», – дейді. Және де Ораза айы – адамның пенделік қылықтардан арылып, ішіп-жеуден уақытша болса да тыйылып, періштеге ұқсайтын сәті. Алғаш рет ораза ұстаушыға алғашқы бір апта өте қиын көрінуі мүмкін. Ал бір жұмадан соң, барлық қиындық артта қалып, ораза кестесіне адам өзінің қалай қалыптасқанын  сезбей де қалады. Сағат шырылдамай-ақ, белгілі уақытта тұрып, сәресі ішіп, өзін өте жеңіл сезінеді. 30 күндік ораза 30 сағаттай өтеді де шығады. Сенбесеңіздер, ораза ұстап көріңіздер!

Айбол ӘБДІМӘЖИТҰЛЫ