ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА: ҰЛЫ ҚОЛБАСШЫ МҰҚАЛИ ГОВАН

Уақыты: 16.04.2023
Оқылды: 865
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мыңдаған жыл шаң басқан, тарихтың тұңғиығына терең үңіліп, ой елегінен өткізе  зерделеп қарасақ, түркі әлемінің жер бетіндегі  төрткүл дүниенің дамуына, сол кездегі мемлекеттердің құрылымдық қалыптасуына, мемлекетті басқару жүйесін реформалауда тигізген оң әсері,  қалдырған ізі сайрап жатыр.      

Ефрат, Тигр қос өзен ортасындағы Мессопатомия ойпатында орналасқан б.э.д 4,5 мың жыл бұрын өмір сүрген, сән салтанатты қалалар салған, егін егу мен теңізде жүзуді меңгерген, қос аяқты арба жасап жабайы қашарларға жегіп,  жүк тасымалдаумен бірге соғысқа да пайдаланған, қолдан ақша жасап, сауда саттықпен айналысқан Шумерлер. 

Біздің жыл санауымызға дейін 196 жыл ертеде Ғұндар оңтүстік батыс Қытайдан бастап қазіргі Қазақ даласында өмір сүрген. ІІ ғасырдан бастап, Ғұндар Мөде қаған кезінде қуатты  мемлекетке айналып, елін шауып, үстемдік жасап, алым-салық төлетіп, тыныштық бермей   келген Қытай хандығын жеңіп, олардың өздерін алым-салық төлеуге мәжбір еткен. Ғұндардан қорғану үшін Қытай билеушілеріне бес мың шақырымнан астам қорғаныс қамалын салуға тура келді.

Ғұндардың бір бөлігі  орта Азияны басып өтіп  Еуропаға қоныс аударды. Атилланың (Еділ) қаһарынан қорыққан Рим мемлекетінен бастап алым-салық төлеп, айтқанына көніп айдағанына жүрді.V ғасырдың ортасында Атилла өлгеннен кейін Ғұндар ыдырай бастады. VІ ғасырда Сақтар (Скифтер) заманы орнады. Сақтар Сарматтар, Массагеттер, Тигрохаудтар болып үшке бөлінді. Сапаргапис, Рүстем, Тұмар ханшайым (Томирис) кезіндегі 400 мың қолмен жаулап алуға келген Кир патшаны қалай жеңгенін тарихтан, тарихи қойылымдардан жақсы білеміз.

VI -ХII ғасыр аралығында түрік қағанаты бірде күшейіп, бірде бөлініп, бірде қайта қосылып ғұмыр кешті. Бұмын, Білге, Істеми, Тоныкөк, Күлтегіндердің аттан түспей түрік қағанатының болашағына бар күш-жігерін салып, даңқын асқақтатып өшпес із қалдырды.  VIІ ғасырда Алтайдан Дунайға дейінгі аралықты алып жатқан Дешті Қыпшақ қағанаты дүниеге келді. VIІІ ғасырда мүсылман дініне өту кезеңі қазақ даласында белең алды.

Кіші Азия  Византияда құлашын кең жайған Селжүк, кейіннен Осман империясы, Орта Азияда ешкімнен жеңіліп көрмеген лақап аты «Cоғыс құдайы» атанған барлас руынан шыққан Ақсақ Темір әмірлік құрса, оның  екі немересінің бірі Ұлықбек ғұлама ғалым  астроном, екінші немересі стратег ұлы қолбасшы, соғыс өнері бойынша трактаттар жазған, Науайдан кеиінгі поэзия ақтаңгері, артына «Бабыр наме»  туындысын мұра қылып қалдырған Бабыр.  1515 жылдары  Индияға шабуыл жасап, Индияны жаулап алды. Тарихшы К. Ашрафянның «Дели. История и культура»   атты тарихи еңбегінде Бабыр әскерлері орта Азия мен Ауғанстанның Қандағар,  Кабул аймағынан жасақталған жалайырлар мен барлас, жағатайлардан тұрды деп жазады. Бабыр Индияда Моғолстанды құрса, Бабырдың немересі Ақбар мен оның баласы шах Жаһан билік жүргізіп әлемнің жеті кереметінің бірі Тәжімаһалды сүйікті жары Мұнтазға арнап салдырды.

Ақсақ Темірден кейін Самарқандты көркейтіп, тарихи әсем қалаға айналуына барынша үлес қосқан Жалаңтөс баһадүрді еш ұмытуға болмайды. Міне, осындай ұлы түркі ұрпақтарының басқа елдердің өркениеті дамуына қосқан үлесі қай елге барсаң да мен мұндалап тұрады. Египетті 17 жыл басқарып, крест жорығына тойтарыс берген, Құлағудың әскерінен сол кездегі мұсылман астанасы Шам ( Дамаск) қаласын  қираттырмай аман алып қалып, әлемге  ұлы қолбасшы ретінде аты шыққан Бейбарыс Сұлтан, Құлағу мемлекеті тарағаннан кейін оңтүстік Иран, Бағдатты 1330 жылдан 1440 жылға дейін 100 жыл билеген жалайыр сұлтанаттары, оның ішінде  12 жыл Ахмет шах басқарған кезіндегі Иран мемлекетінің дамуындағы қол жеткен жетістіктер ерекше орын алады.

1162 жылы  дүниені дүр сілкіндірген, сол кездегі 4 құрлықтың 3-ін жаулап алып теңдесі жоқ, жер көлемі жағынан Александр Македонскийдің империясындай екі империя сиятын жері бар Шыңғысхан империясын құрып, жер бетіндегі өркениетті өзгерткен ұлы қаған Шыңғысхан дүниеге келді. Әкесі Есукей тайшығұттардың ханы, батыр қолбасшы болған. Шыңғысхан әкесі  өлгеннен кейін өз руластары тайшығұттардан теперіш көрді.  Керей ханы әкесінің досы Ванхан Тоғұрыл ханның көмегімен  тайшығұтар мен ағайындас елдерді біріктіріп, Темужин 1189 жылы Хамаг моңғолға хан сайланды. Сол кездегі көршілес жатқан елдер Тайшығұт, Меркіт, Жалайыр, Қоңырат, Татар, Уақ, Керейлер өрісте малы төсекте басы қосылып, бір бірімен қыз алысып, қыз берісіп, бейбіт араласқан да, бір-бірімен жауласып жатқан уақыттары да  болды. Мұндай ұрыстарға көбіне Қытай жағы араласып бір-біріне айдап салып, жауластырып қоятын. Татарлар Темужиннің үлкен атасы Әмбеғай қағанды Қытайларға ұстап бергенде олар қағанның қол аяғын қарағайға қағып, есектің үстіне мінгізіп, ел аралатып қинап өлтіреді. Өлерінде Әмбеғай қаған: «Менің ұрпағым бар сендерден түбі менің кегімді қайтарады»,  деген сөзі ұрпағының есінде жатталып қалды. Әкесі Есугейге де у берген, өліміне себепші болған осы татарлар еді.       

Жалпы Жалайыр тайпасы Шыңғысханға қарсы соғысты деген дерек тарихта жоқ. Жалайыр тайпасы Шыңғысханмен бірге болып, Ұлы қағанның даңқын асқақтатып, абыройын асырып  жақын жанашыры, сенімді серігіне айналған. Әлдебір қиын-қыстау күн туғанда Шыңғысханның аман есен болуына, жеңістен жеңіске жетуіне күш жігерін салып, адалдық танытып, сүйеніш бола білген. Сол кезде Жалайырлар Рашид ад-диннің жазуынша «70 мың түтін, халқының саны жарты миллионға жуық адам болған, бір түтіннен бір-екі адамнан әскерге алынса 140 мыңнан астам қол жиналуға шамасы бар еді», деп көрсетеді.

Шыңғысханның осындай сенімді  майдандас серігі, 40 жыл қасында болып, от пен судан бірге өткен қандыбалақ андасы, ешқашан майданда жеңіліп көрмеген, адал қызмет етіп, Қытайды жаулау кезінде Шыңғысханның сол қанат әскерін басқарып, атағы әлемге жайылған жат руынан шыққан жалайыр Мұқали Уаң, кейін Гован атағына жеткен ұлы қолбасшы.

Бұл кезде Жалайырлар жат, тұқрауыт, құқсауыт, күмаут, ауят, нілқән (билқән), күркін (күкір), тұланқыт, түр (бүрі), шнкқүт (снкқүт) қатарлы 10 үлкен тармақ рудан құралған. Тұрағы Қарқытай (кидан) Ляу патшалығының шекарасына таяу маңдағы қазіргі Керөлин өзені бойы.

Мұқали 1170 жылдары дүниеге келген, 14 жасынан бастап Шыңғысханмен бірге болған ұлы қағанның 4 ірі қолбасшысының бірі, 4 арысының бірегейі, империядағы 9 төренің бірі. Әкесі басқа балалармен бірге Мұқалиды да Шыңғысханға қызметке берген.  Шыңғысхан оны көрген жерден ұнатып қасына алып қалады. Осы кезден бастап өмірінің аяғына дейін Мұқали Шыңғысханның, оның ұлдарының қызметінде болды. 1206 жылы Онон өзенінің бойында өткен құрылтайда «Моңғолдың құпия тарихы шежіресінде»  жазылғандай оның атын еліне еңбегі сіңген 88 тұлғаның үшіншісі етіп атаған. Мұқали өзінің ерлігімен қоса сөз тапқыш шешендігімен де танылып, «Мұқали шешен» атанған. Мұқалидың Ұлы атасы Телекту Бояннан үш ұл – Күнқуар, Шылауын хайшылы, Жебеке тарайды. Осы 3 ағайыннан тараған ұлдардың көбі моңғол Юан хандығы кезінде құзырлы орындарда еңбек етеді. Әкесі Күнқуар шешесі Көктің кіндігінен 5 ұл – Хулұққор, Селқуар, Мұқали, Бухы ( Могі), Дайсұн өрбиді.    

Тарихи деректерде Мұқали дүниеге келерде үй ішінде ақ тұман пайда болған, көріпкел бақсылар « бұл бала жай адам болмас» деп жору айтады. Өсе келе оның бойы 2 метр 30 сантиметрге жеткен.  Болмысы алып тұлғалы, жауырына қақпақтай, түсі сұсты, жай адам бетіне тура қарай алмайтындай жанары өткір, жолбарыс бетті  Мұқали толыса келе амал-айлаға жетік, шірене тартқан садақ оғы найзағайдай зулайтын, кез келген нысанды жарып өтетін, күш- қайраты тасыған батыр, айлакер, соғыс тактикасын жетік меңгерген ұлы қолбасшы болып қалыптасты. Жас кезінде әкесі Күнқуар Темүжінге ілесіп, меркіттер мен  наймандардың қосынына қарсы соғысқа қатысады. Сол соғыстың бірінде Темүжінді қорғаймын деп жүріп, қайтыс болады.

Татарлармен соғысқан бір жорық кезінде аяқ астынан ауа райы бұзылып, алай-дүлей боран соғып, ұйытқып қар жауып, қолайсыз жағдайға тап болады, боранда адасып қостарын таба алмай далаға қонуға тура келеді. Түні бойы Мұқали мен Борашы атжабулары мен артық киімінен шошала жасап, ұйықтамай қағанның тоңып қалмауына жағдай жасайды. Бірде Темүжін он шақты жауынгерімен 1 сайдан өтіп бара жатып Мұқалидан: «Жол торыған қарақшыларға кездесіп қалсақ не істейміз?», деп сұрайды.  Сонда Мұқали: «Мен сізді кеудеммен тосып аман сақтаймын» деп жауап береді. Айтқандай-ақ ауызды жиып алғанша 1 топ қарақшы бұларға күтпеген жерден, тұс-тұстан лап қояды. Жан-жақтан зулаған садақ оқтары қарша жауады. Мұқали саспай садақпен үшеуін жайратып салады да, аттан түсіп, үлкен тасты қалқалап  бірінен соң бірін сұлата бастағанда жаудың беті қайтып, шегініп кетеді. 1203 жылы Темүжін мен Керей ханы ванхан Тоғырыл арасы суып, біржола ат құйрығын кесіседі. Темүжін Тоғырыл ханмен соғысып, бірде жеңіліп, бірде жеңеді. Темүжін қолы Керей қолына қайта шабуыл жасағанда Мұқали 1000 қолды бастап, Тұғырыл ванханның бекінісіне шабуылдайды. Мұндай қарсы әскердің тегеурініне шыдай алмаған ванхан қашып құтылады. Темүжіннің сахарадағы ру тайпаларды бағындырып хандығын құруында  жанындағы сенімді серігі, өзіне жан тәнімен адал қызмет еткен Мұқалидың сіңірген еңбегінде шек жоқ.

1206 жылы Темужінді 26 ру тайпасы бірігіп, ақ киізге отырғызып, ұлы қаған Шыңғысхан атандырып ұлықтаған кезде, Мұқали мыңдық түмен басы, әрі сол қанат түмендік қосынның бас қолбасшысы болып тағайындалды. Шыңғысхан өз ордасының шығысындағы Қарағұн (Үлкен Шинанлин)  тауына дейінгі байтақ қонысты оған еншіге беріп, Борашы екеуін моңғол қосындарының тең қолбасшысы етеді.

Шыңғысхан өз туыстары Тайшығұттарды жеңіп, әкесінің орынына өз туыстары арасында 1189 жылы хан сайланып, одан кеиін сахарадағы Татар, Меркіт,Керей,Наймандар, Сібір тайпаларымен соғысып жеңіске жетеді. 1206 жыл ұлы қаған атанып, таққа отырып, Империя құруда, шашылып жатқан тайпаларды бағындырып, бір тудың астына жинауда Мұқали, Борашы, Бөріқұл, Шылауындар қосындарға басшылық жасап, аянбай соғысты. Темүжінмен бірге жүріп, соғыстың ауырпашылығын бірге көтерді. Бұлар ханның «төрт  күлік» бахадүрлері деген атаққа ие болды. Мұқали кейіннен қағанның қорғаушы (гвардиясы) қосыны Кешіктеннің бас қолбасшысы болып, Моңғол империясына ерекше еңбек сіңірген «он жампозының» біріне айналды.

Мұқали ерліктері әсіресе оңтүстіктегі Алтын (Цзинь жүржіт) патшалығы соғысында ерекше бағаланып, Шыңғысхан осы соғыстағы ерлігіне қарай Борашы екеуін «арбаның қос доңғалағындай, адамның қос қолындай ерлерім», деп мақтайды. 1211 жылы Шыңғысханмен бірге Мұқали Жүржіт патшалығына шабуыл жасады. Ұлы қорған маңындағы бұл соғыста Ұша қамалында жүржіттердің әскер басы Джуисыны ойсырай жеңілді. Бірте-бірте осы тынымсыз соғыста бұл елдің көптеген қаласы тізе бүгіп жеңіліп, бағынышты болды. 400 мыңнан астам әскері бар  жүржіттердің бас қолбасшысы Хуса Шыңғысхан әскерінің тегеурініне шыдай алмай шегініп, Түлкі тауына (Иехулин) барып бекінді. Хусаға тағы 150 мың сарбаз көмекке келді. Шыңғысханның қолы небары 100 мың атты сарбаз. Екі жақтың әскерінің ара салмағы 5 жарым есе. Мұқалилар басшылық жасаған осы шайқаста жүржіндер майдан даласында 200 мың сарбазынан айырылып, қалғаны жараланып, тоз-тоз болып қашып кетті. Шыңғысханның темірдей тәртіпті, әскери рухы жоғары, соғыс айла-тәсілін жете меңгерген қосындарының тегеурініне шыдай алмады. Бұл шайқас тактикалық, стратегиялық жағынан әлемдегі мәні мен мағанасы жағынан дүние жүзі тарихында сирек кездесетін шайқас болып қалды.

Ешқандай соғыс тактикасында шабуылдаушы әскер өзінен саны жағынан 5,5 есе көп қорғаныстағы әскерге шабуылдап тас-талқан етіп жеңіп көрген жоқ. Біріншіден Шыңғысхан әскері шыңдалған, темірдей тәртіпті 15 жыл соғысты бастан кешіп ысылған, әбден  төселген әскер. Қосындар ондықтар, жүздіктер, мыңдықтар, он мыңдықтар, шолғыншы қосындар болып әскери тәртіпке бөлінген, соғысатын жауының алдын ала әскерінің құрамы, басқару тәртібі мен тыңшылар арқылы әскердің дайындығын, моральдық психологиялық жағдайын зерттеген.  Кімдер қолбасшы, өз жақтарына берілетін қолбасшыларына дейін үгіттеп,сыйлықтар беріп, барлық жағдайды мұқият алдын ала дайындаған. Өз еріктерімен берілмесе қандай жаза қолданылатынын ескертіп, қарсылас әскер арасында үрей туғызып отырған. Ондықтар шабуылға шақса, артқа қашу жоқ, тек қана алға, біреуі қашса ондық түгел жазаланады. Және «біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген қағида бірінші Шыңғысхан әскери тәртібінде пайда болды. Жаралыны жау қолына тастап кетсе, оған да белгіленген жаза бар.

Жер жағдайына қарай, таулы жердегі, ашық даладағы, қалың ормандағы, қаладағы, тоғайдағы соғыс тәсілдері ерекше болды. Қамалдарды алу мәселелері бойынша алдын ала жаттығып, қандай ұрыс жағдайында қандай қару қолданылатыны туралы әскерін машықтандырып отырды. Сайын дала, жапан түзде аң аулау, әскери жаттығудың бір бөлігіне айналды, құралайды аттың үстінде шауып келе жатып 200-500 метрден көзге ататын садақшы мергендер қосыны дайындықтан өтті. Әр садақшы қорамсағында 50 жебеге дейін болды, атпен шауып келе жатып, аттың басын жібере салып, артта қуып келе жатқандармен 50 жебе таусылғанша атысуға толық қабілетті болды. Міне осындай әбден соғысып тәжірибе жинақтаған, темірдей тәртіпті, рухы жоғары әскерді саны жағынан  өзінен 5,5 есе көп әскер жеңе алмады.

Шыңғысхан шабуылға шығар алдында, Бұрхан тауының басына шығып, мойынына белдігін салып 3 күн Тәңірден тілеп, одан соң төмен түсіп, Құрылтай өткізіп қолбасшы нояндар мен ақылшылармен кеңесіп барып соғысқа шыққан, ешқашан жеңіліп көрмеген. Осы шайқастан кейін Алтын (Жүржіт) мемлекетінің шаңырағы шайқалып, үрей ішінде өмір сүрді. Мемлекеттің ішкі бөлігінде, Ордада  елдің болашағына деген күдік күнен күнге күшейе түсті. Бұл оның келешекте түбегейлі жойылуына әрі тұтас Қытай топырағының Шыңғысхан тарапынан жаулап алынуына негіз болды. Бұл жеңістер толық Мұқалидың еңбегі деуге болады. 1214 жылы Мұқали Шыңғыс қолын бастап Бейжиңге  (Жоңду) шабуыл жасады. Зәрелері ұшқан жүржіттер Мұқалиға адам жіберіп, өз тарапынан қыз беріп, құдаласуға көндіргісі келді, Мұқали Шыңғысханның әмірімен Ляодуңға және Шифуң қалаларын шабуылдап, мол олжаға кенелді. 1215 жылы Жүржіттердің 200 мың қолымен Қытай қорғаны маңында шайқасып, 80 мың әскерін жойып жіберді. Бұдан кейінгі Мұқали жорықтары тікелей Қытайдың кіндік жұрты – Орта жазық өңіріне бағытталды.

1217 жылы Мұқалиға ұлы қаған Шыңғысхан (императордың тәлімгері), Гован (ел сұлтаны)  деген атақ, қолына мөр беріп,  Жүржіт мемлекетін талқандауда бас қолбасшы қылып  тағайындады. Осыдан бастап өзіне берілген лауазымына байланысты империяның Қытайдағы істерін тікелей басқарды. Өмірінің көбі Қытайдың Орталық өңіріндегі көптеген қалаға шабуыл жасаумен өтті. Ол өмірінің соңына дейін Шыңғысханның Қытайдағы атойшысы, қамал бұзар сенімді сардары бола білді және үмітін абыроймен ақтады. 1223 жылы  көктемде Хуаңхе  өзенінен өтіп Венсиге барды, осы жерде аурудан қайтыс болды. Қайтыс боларында інісі Дайсүнді шақырып: «Мен 15 жасымнан бастап  Қағанның қасында болдым, 40 жыл ел үшін еңбек еттім. Талай ауыр кескілескен шайқасты бастан өткізіп, жеңіске жеттім, бір өкінішім – Сун патшалығының астанасы Кайфыңды ала алмай өмірден өтіп барам. Саған айтар өтінішім араға көп уақыт салмай сол Кайфыңды сөзсіз алатын бол», –  деп өтініш қалдырады. Бұл кезде Шыңғысхан жорықта Орта Азия мен  Қазақ даласын бағындырумен жүрген. Қосындарының көбі Сыр және Әмудәрия бойындағы Қыпшақ даласында еді. Шыңғысхан  анасы Ұлын дүниеден өткенде, Шағатайдың баласы немересі соғыста шейт болғанда, өзін жүннің арасына тығып қойып Тайшығұттардан аман алып қалып, құтқарып жіберген Қатқыны да қытайлар өлтіріп кеткенде жыламаған. Ал Мұқали өлгенде «бауырым» деп сақалынан сорасы ағып егіліп жылапты. Қытайдағы сол қанаттағы қосындар Мұқалидың қарамағында болды.  Мұқали  аса күшті Алтын (Жүржіт) патшалығының әскерін бір-бірлеп жойып, қалаларын талқандап, Алтын мемлекетінің қуатын барынша әлсіретіп, Шыңғысханның,оның балаларының қайтып келіп Қытайды жаулауына тамаша жағдай жасап кетті.

Мұқали дүниеден өткенімен  оның бітірмеген ісін, алынбаған қамалдар мен бағынбаған елдерді бағындырып, мемлекет басқаруды жалғастыруды, оның  ісін алға тартып лауазымды орындарда оның бауыры Дайсұң, жалғыз ұлы Буа (Болат), немерелері Тас, Сұғынша, Батыр, Құлынша немерелері мен шөбере, шөпшектері жалғастырып, Юан империясының алып мемелекетке айналуына адал еңбек етіп, Мұқали атасының атына кір келтірмей олар да «гоуаң» дәрежесіне жетіп, орталық Қытайды, Жунгоның абыройын асқақтатып, мерейін үстем етті.  Мұқали тек қана Ұлы стратег қолбасшы ғана емес, үлкен саясаткер болды.  

Жүз жыл  өмір сүрген Юан хандығын 1368 жылы құлатып, Мин хандығын құрған генерал Чжу Юаньчжан  елінің өткен жолын әділдік тұрғысынан бағалаған император,  1388 жылы наурыз айында орда бұтаханасында ертеде өмір сүрген, мемлекетке еңбегі сіңген ардагерлерге тасаттық беру жөніндегі жарлығында, Мұқалиды ерекше атап өткені туралы, бүгінгі  Қытай тарихшылыры туындысында ерекше орын алған. Биыл Мұқали Гованның қайтыс болғанына 800 жыл толды. Жерленген жері Қытайдың Шанси өлкесінің Юйлинь қаласының солтүстік батысындағы Кіші Жихан қыстағының маңында. Бұл қабірді жергілікті Моңғолдар Жинкен Батыр қабірі деп атайды. Мағынасы «нағыз батыр» дегенді білдіреді. Жанында 13 оба бар көлемі 2500 шаршы метрді құрайды.

Қытай халқы да баhадүрімізді шынайы қастерлейтінінің белгісі, басына кесене тұрғызып, ерекше күтіп бағып, киелі нысанға айналдырған. Пекинге барып, келіп жүргенде, «Қытай жазушылары» жорналының бас редакторы, Қытай жазушылар одағының және саяси кеңесінің мүшесі, бауырымыз жазушы Ақбар Мажитпен екі рет кездесіп, 2-3 сағаттай  тарихи тақырыпқа әңгіме- дүкен құрғанымызда: «Мен Юан династиясының тарихын зерттеп Мұқали Гован туралы қытай тілінде, туынды жазып жатырмын. 5000 ұрпағын таптым. Қытайдың қалаларында,Тайванда, Филиппинде, Моңғолияда әр жерде бар екен. Жақсы аудармашы тапсам қазақ тіліне аударам», – деді. Айтқанын орындап, кейінде Ұлы қолбасшы Мұқали туралы кітап Қазақ тіліне аударылып, басылып шықты. Мұқали ұрпағы Юан империясы жойылғанға дейін, қалыптасқан дәстүр бойынша лауазымды орындарда қызмет атқарып ел басқарып келді. Ұрпақтары жайлы айтылған хикаялар күні бүгінге дейін ел ауызында аңыз болып тарап, жырға айналды.

Иә, шүкір! Ғасырлар бойы армандаған, ата-баба арманы орындалып көктен тілегеніміз жерден табылып, Алланың көмегімен Қазақстан егемен ел болдық. Тәуелсіздік алғалы да бір ұрпақ ауысатын уақыт өтті. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, жаңа тарихымызға күнде жаңа бір парақ қосылып ақиқат жазылып жатқан кез. Патшалық Россия, Кеңес үкіметі кезінде де біздің шын тарихымызды оқытпады. Ұлт көсемдерін, зиялы қауымды халық жауы деп сылып алып тастады, бұлар ата тегін білсе, мемлекетке қауіп төнеді деп зәрелері ұшты.

Шет елдерді аралап, ел ішіндегі ұлт көсемдерінің құпия сақталған жазбаларын тауып, Иран, Ирак, Египет, Қытай, Италия, Еуропа,  Түркия елдерінің архивінен ата-баба өткен жолдары мен көптеген еңбегін тауып, тарихымыздағы ақтаңдақтардың орнын толтырудамыз. Қазақ халқы мың өліп мың тірілген, тарих сахнасынан ұлт ретінде жойылып кете жаздап, Ұлттық кодымыздың, тегіміздің толеранттығы мен ұлттық рухымыздың мықтылығының арқасында аман қалған халықпыз.

Біздің замандастарымыздың мақсаты  ұлттық құндылықтарымызды жастардың бойына сіңіріп, ата-баба рухын асқақтата отырып, оларды ұлтын сүюге тәрбиелеу, рухын оятып  намысын жану, келешекте егеменді еліміздің болашағына аянбай күш жігерін, білімін жұмсайтын, жеке басының мүддесінен мемлекеттің мүддесін жоғары қойып, халықтың қамын ойлайтын, ұлт болып ұйысуға жұмыс істейтін ұрпақты тәрбиелеу.

«Өткенді сараламаған  елдің болашағы күмәнді»,  деп бекер айтылмаса керек. Ата-баба жолын жалғастырып, олардың өткен өмірін өнеге етіп, ұлықтау кейінгі ұрпақтың міндеті.

Тынышбай Досымбеков
Алматы облысының Құрметті азаматы