Жердің «жыры» елдің мұңына айнала ма?

Уақыты: 22.04.2023
Оқылды: 774
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысының жаңадан құрылған Жетісуға сапарында көп тапсырма ала келгені де кеше еді. Сол көп тапсырманың бірегейі де шұрайлы ұйық, құйқалы қоныстағы жер мәселесі-тін. Тұп-тура бір әрпін де өзгертпей айтқанда «жер – халықтың игілігі» деген еді сол тұста Тоқаев. Алайда жергілікті жерлердегі әкімдіктердің шабан-шалағайлығынан түйткілдің жыры әлі де болса «төрде» айтылып келеді.

Дәлел десеңіз,  растауға рет көп. Басқасын айтпағанда, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың Қаратал ауданына жасаған сапарында айтылған: «Астана мен Талдықорғанның арасын арызбен толтырып тастайды» деген сөзін еске алыңызшы. Біраз жайдың басын ашар, байламын түгендер дәйек болса керек. Бұл жерде аймақ басшысы «толтырып тастайды» деп халыққа ренжіп тұрған жоқ. Тиісінше, Астана мен Талдықорған ортасында «табаны» тозған хаттардың молдығы – аймақтардағы әділетсіздіктің, сылбырлықтың кесірі екенін ескертіп тұр.

Дәлірек айтқанда, бұған дейін бірнеше ауданға сапар барысында алдынан жерге қатысты түйткіл көп шықты. Ондағы бармақ басты, көз қыстылыққа әбден ашуланған әкім енді Қаратал ауданындағы жағдайға да өз «бағасын» осылай бергенді жөн көргендей.
Өйтпеуге тағы шара не дерсіз, кездесуде арыз-тілегін айтқан аудан халқының тең жартысы басқа-басқа емес, тап жер дауын көтере келген. Біреуінде жайылымдық жер жоқ болса, енді бірінде  егістік жер жоқ. Тағысын тағы деп тақылдата жалғастырсаңыз, қараталдықтардың «жыры» таңдайға да әжептәуір жүк болғандай.

Сеніңіз-сенбеңіз, 900 мың гектардан артық жайылымдық жері бар ауданда шаруаларға түлік өрістетуге 10 мың гектардан аса жер керек. Ал күрішпен ырысын түгендеп отырған аймақтағы егіншілікке керек жер мәселесі туралы айтудың өзі артық. 

Қарапайым шаруа, бейнелеп айтқанда, қос орнындай жерде қысыла-қысыла қаракет етіп жүргенде, 46 мың гектар жерді  осы ауданда үш ірі шаруашылық оп-оңай иемденіп, ақыр аяғы пайдаланбай отыр. Бұған енді кім күймейді, күйген әкім бүй дейді:

– Ауылдың маңындағы барлық жерді бөліп бердіңіз. Ауылдық жердегі жеке шаруа қожалықтағы малдың саны өсе береді. Не істейміз ертеңгісін? 3-4 жылдан кейін жетпейді. Айқайлаңыз, дауыс көтеріңіз, митингке шығыңыз – жоқ жер. Онда басқа жақтан іздеуге тура келеді.

Иә, бұл – облыс басшысының аудан атқа- мінерлерінің жауапсыздығына қапаланғанда айтқан сөзі. «Бәрі өседі, тек жер өспейді» деп екі түйген сонда. Мұның әсілінде  бір ауданның ғана «әпенділігіне» ашынғаннан шыққан айқай еместігін тағы айтамыз. Осыған ұқсас Алакөл, Ақсу, Сарқан, Ескелді, Көксу аудандары да ауық-ауық осы даудың «көгеніне» көпе-көрнеу ілінеді. Оған Қызылағаш пен Матай Байысов ауылындағы жер даулары сынды 1-2 жылдың өзегіне «жүк» болған көп оқиғаны қосыңыз. Содан шығар, бұл мәселе күн тәртібіне біржола еніп алғандай. 

Мәселен, біраз уақыт бұрын Жетісуға іссапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов та бұл тақырыпты ұмыт қалдырмады. Өңірдегі пайдаланылмай бос жатқан жерді атап берді.

«Жергілікті атқарушы органдар жүргізіп жатқан жұмыстарға қарамастан облыста әлі 857 мың гектар ауыл шаруашылығы жері пайдаланылмайды. Ал халықтың жайылымдық жерлерге деген қажеттілігі 680 мың гектардан асады. Сондықтан ауылдық елді мекендердің маңында жерлерді сол ауыл тұрғындарына мал жаюға беру жолдарын пысықтау керек. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет», – деді Әлихан Смайылов сол сапарында.

Осылайша, иемденген дөкейлер «иіте» алмаған құр жерлер мен халық зәру біршама жердің есебін салыстыра тастаған ортаға. «Жұмысты күшейту керек» деп үстеп тапсырма да берген. 

Арада аз уақыт өткенде облыстық прокуратура тағы да кісі шошырлық санды ортаға «топ» еткізді. Облыс әкімдігімен бірлесіп атқаруы керек болған «Заң бойынша жер» жобасын таныстырған облыс прокурорының орынбасары Серікқали Күшәлиев Жетісуда 1,4 млн. гектар жер пайдаланылмай отырғанын жеткізді. Тіпті, бұл ақпарат республикалық БАҚ-та да жылдам тарап үлгерді.

Серікқали Күшәлиев бұл ретте қомақты санды ғана атап қоймай  сол «сорақы» көрсеткіштің өсу себебін де нақпа-нақ таразылап берген. Оның айтуынша, әуелгі мәселе «қағаз форматында» өтетін конкурстардағы шешімнің қолмен қабылданатынында болып тұр. Яғни, мұндай шешімдер көбінесе сыбайлас жемқорлыққа жол ашуы әбден мүмкін. 

Ал екінші мәселе болса күбініп-күпиген қалталы «инвесторларға» тіреледі. Жер алуға келгенде сол ауылда тұрсын-тұрмасын қай ауылға да «жатсынбай» баратын, «бизнес-жоспары» тексеріліп-тексерілмей өтетін дөкейлер өз «үлесін» ойып-ойып үптесін келіп. 
Оны прокурор орынбасары заң тілімен былай түсіндіреді:

«Жергілікті тұрғындардың басымдылығынан басқа негізгі критерийлердің бірі – инвестициялардың үлкен болжамды көлемі бар бизнес-жоспар. Осылайша, жер алу үшін «Әдемі жобаланған бизнес-жоспарды» ұсыну жеткілікті. Іс жүзінде конкурстарға адал емес қатысушылар дәлелденбеген бизнес-жоспарлар ұсынады және үлкен жер учаскелерінің аудандарын алады, болашақта оларды игермейді. Мысалы, тек біздің облыста 1,4 млн. гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлері анықталды», – дейді ол.

«Инвестор» демекші, былтыр жыл аяғында Жетісу облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Омарұлы республикалық БАҚ-қа сұхбат берген. Ол сол сұхбатында облыс бойынша 34 инвестициялық жоба арқылы берілген 39,8 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Мұндай маңызды мәліметтерді арқау еткен басқарма басшысының сұхбаты өткен жылдың 24 қарашасында «Түркістан» газетінде жарияланған болатын.

«Маңызды» дейтініміз, ұзын-ырғасы 34 инвестициялық жобаны айтып тұр. Әрі осы жобалар иемденген 40 мыңға жуық гектар жердің мемлекет меншігіне қайтатынын растайды. Демек, осынша жер пайдаланылмады деген сөз. Олардың жоғарыда атағандай, «бизнес-жоспары» қай мағынасында ойласаңыз да сенімсіздік тудыратыны рас. 

Біз мақала жазу барысында көзіміз жеткен тағы бір мәселе, пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудағы кедергілердің бірі – уақыт мәселесі. Көп құжатты, түрлі басқыш-барысты «тәптіштеп» өтетіндіктен әрбір жерді қайтару процесіне бір жылдан астам уақыт қажет дейді мамандар. Бұл да әкімдіктер тарапынан уақытылы істелуі тиіс қадамдарға «тұсау» әрі тәп-тәуір сылтау да болып тұрғанға ұқсайды. Алдына келгенге күтіңіз деп «күлше» ұстатады сосын. 

Енді мына мәселені қараңыз. 2021 жылдың 11 мамырында «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Жетісуда жер дауы неге жиіледі?» атты мақалада Көксу ауданына қарасты Жамбыл ауылындағы жер мәселесі көтерілген. Тіпті  «жергілікті халық иеленуі тиіс жерлердің көп бөлігін ауылға еш қатысы жоқ адамдар иемденіп отыр» делінген газет ұсынған мәліметте.

Бейресми «ел газеті» деп аталатын «Егемен Қазақстанда» екі жыл көтерілген мәселе шешілсе қанекейіңіз?! Күні кеше республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен тасжолын жапқан Жамбыл ауылының тұрғындары мұндай қадамға «шекесі қызып» бармағаны тағы рас. Демек, орындалмайтын көп уәде халықты кейде көшеге өзі алып шығады деген сөз.

Жетісу жеріндегі егіншілік бастауы неолит пен энеолит дәуіріне дейін барады деп мақтанышпен айтатын жергілікті жұрттың жерге жарымауы мүмкін бе? «Облыс аумағының 77%-ы егін және мал шаруашылығын дамытуға қолайлы» дейтін де өзіміздің аузымыз. Ендеше, сол қолайлысы «қолды» болған халықтың жері қашан өз игілігіне айналады деген сан сауал санаға салмақ сала беретіні ақиқат.

Қозыбай ҚҰРМАН