ТАЛАПКЕРЛЕРДІҢ 95 ПАЙЫЗЫ ҰБТ ТАПСЫРАДЫ

Уақыты: 29.04.2023
Оқылды: 2417
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде 2022-2023 оқу жылын аяқтау бойынша брифинг өтті.

Шара барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Башаров 2022-2023 оқу жылын ұйымдасқан түрде аяқтау мақсатында облыс мектептерінде тиісті жоспар құрылып, жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады.

Орта білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары 2023 жылғы 31 мамырда аяқталады, яғни республиканың барлық мектептерінде соңғы қоңырау мерекесі 31 мамырда  өткізіледі. Негізгі орта мектепті бітіруші  9 сыныптарда білім алушылардың қорытынды  бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығына белгіленген. 14 маусымда мектеп қабырғасында негізгі орта мектепті бітірушілерге аттестат табыстау салтанаты өткізеді. Өйткені негізгі орта мектепті аяқтаушы түлектердің көпшілігі одан әрі мамандық алу мақсатында колледждер мен кәсіптік мектептерге түсуге құжат тапсырады. Ал жалпы орта мектепті бітіретін 11-ші сыныптарда  емтихан 5-19 маусым аралығында, аттестатты салтанатты табыс ету  21 маусымда өтеді деп жоспарлануда, – деді ол.

Облыс бойынша биылғы оқу жылын 128294 оқушы тамамдайды. Оның ішінде 9-шы сыныпты 11570 түлек, 11-ші сыныпты 6000 түлек аяқтайды. Бітіруші түлектер арасынан қазіргі уақытта 267 оқушы «Алтын белгі» аттестатына үміткерлер. Ең көп «Алтын белгі» аттестатына үміткерлер Талдықорған қаласында (71  түлек). Одан кейін Панфилов ауданы – 31, Сарқан ауданы – 28  үміткер.

Емтихан мәселесіне келсек, 9-шы сынып оқушылары қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік тілі бойынша (оқыту тілі) эссе жазады, математика пәнінен жазбаша емтихан,  орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан, сонымен қатар түлектердің өздері таңдаған пәндері бойынша жазбаша емтихан өткізеді.

11-ші сынып түлектері 5 мемлекеттік емтихан тапсырады. Қазақ тілі, орыс тілі және ұйғыр тілінде білім беретін мектептерде ана тілі (оқыту тілі),  алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан, Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан тапсырады. Орыс, ұйғыр тілдерінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен, қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен және түлектердің өздері таңдаған пәндері бойынша жазбаша емтихандар өтеді.

11-шы сыныпты аяқтайтын түлектер жоғарғы оқу орнына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Қазіргі уақытта 6000 түлектің 95 пайызға жуығы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр.

2023 жылы ҰБТ 4 рет өткізіледі. Алғашқысы, 10 қаңтар мен 10 ақпан, екіншісі 1-31 наурыз аралығында өтеді. Одан кейінгісі 16 мамыр мен 5 шілде, 10-20 тамыз аралығында болады.

Жиын соңында Әлішер Қуанышбайұлы осымен үшінші жыл қатарынан мектеп бітіру кештері салтанатты жиын түрінде тек мектеп қабырғасында ұйымдастырылатынын айтты. Мектеп бітіру кештеріне оқушылар тек мектеп формасымен келеді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында оқушылар мен ата-аналардан мектепке, мұғалімдерге, сынып жетекшілеріне сыйлықтарға ақша жинауды болдырмау мақсатында облыстық білім басқармасы, аудандық, қалалық білім бөлімдері тарапынан тиісті бұйрықтар шығарылып, білім беру мекемелері басшылары бұйрық мәтінімен таныстырылған.

Айдар Қалиев