Халықтың сөзін сөйлеген

Уақыты: 18.06.2023
Оқылды: 778
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Құрметті Жетісу облыстық қоғамдық-саяси «Jetіsý» газетінің ұжымы!

Сіздерді үнжарияның 105 жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, үй іші үйелмендеріңізге есендік, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға мол табыс, істеріңізге ілгерілеушілік тілеймін!

Жасы ғасырдан асқан санаулы газеттің бірі – «Jetіsý» жарық көрген күнінен бері көптеген өзгерістер мен жаңарулардың куәсі болды. Алғашында еңбекші халықтың сөзін сөйлеген басылым бүгінде Жаңа Қазақстанның жан жадыратар жаңалығын жалпақ жұртқа жайып, өз аттас өңірдің қуанышына ортақтасып келеді. Қуаныштарыңыз бен жағымды жаңалықтарыңыз көп болсын!

Құрылғанына 1 жыл толған Жетісу облысына ғана емес, кең-байтақ еліміздің барлық өңіріне таралатын басылымның оқырманы көп. Ертеректе кеңестік дәуірдің тынысын тап басқан газет Тәуелсіздіктің алғашқы шуағын қуана қарсы алып, заман қойған талаптардың үдесінен шыға білді. Қазіргідей ақпараттық тасқын жылдам өзгерген кезеңде оқырманның көңілінен шыға білу асқан қажыр-қайрат пен қарым-қабілетті қажет етеді. Қуаты сарқылған талай басылым шықпай жатып жабылып, тиражынан айырылып жатқаны жасырын емес. Ондайда аймақтық газеттердің ішінде «Jetіsý»-дың жұлдызы биік көрінеді. Оған қарапайым оқырманды ғибрат пен ғұрыпқа, өнеге мен даналыққа шақырған тілшілерінің ой-толғанысы әсер етеді. Расында, қаламгердің бақыты осы.

Уақыт сынына төтеп беріп, қазақстандық мерзімді баспасөздің абыройын асқақтатқан еңбектеріңіз жана берсін!

Мәлік Отарбаев,
ҚР Президентінің кеңесшісі