ТАРИХЫМЫЗ ОРТАҚ, ТАМЫРЫМЫЗ БІР

Уақыты: 18.06.2023
Оқылды: 603
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Уақыт деген қандай ұшқыр! "Сексеніңде үй берем деп қаладан, әкім құсап сен де алдадың, "Жетісу!" – деп  80 жылдығында "Жетісуға" наз айтып, өлең арнағанымыз күні кеше ғана сияқты еді. Бүгін, міне, сол төл газетіміздің тұңғыш нөмірінің жарық көргеніне 105 жыл толуын атап өтіп жатырмыз.

Ойлап отырсам, ес біліп, қолға қалам ұстағалы бері "Жетісумен" арадағы шығармашылық байланыс үздіксіз жалғасып келеді екен. Алғашқы, студенттік шақтағы балаң жазбаларымыз осы газетте жарияланды.

Аудандық газеттегі қарбалас күндеріміздің аяулы бір сәті де осы басылымда тасқа басылып, тарих сөресіне қойылыпты. "Орда бұзамыз!" деп желпініп, айғай-аттанға басып жүрген жалаңтөс кезімізде сол тұстағы бас редактор Жақыпжан Нұрғожаевтың бірінші орынбасары ретінде қым-қуыт газет тірлігіне белсене араласып, бел суытпай еңбек етіппіз...

Облыстар бірігіп, газет Талдықорғанға көшкенде арамыз ажырағандай болған. Уақытша, алдамшы сезім екен. Газеттің 100 жылдық тойына Астана төрінен ат арытып келіп, қуанышына ортақтастық. Өзіміз 60-қа толғанда ақжарма тілегін арнап, төл газетім жарты беттік сұхбатымды жариялады...

Енді, міне, "Жетісудың" шекпенінен шыққан, отау басылым – "Алатау арайының " бас тізгінін ұстау пешенемізге бұйырыпты. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы Қонаевтың есімін иеленген Алматы облысының орталығында жаңа аймақтың жан-дүниесіндегі жаңалықтар мен қуаныштарды жарияға шығаруға жаппай атсалысып жатқан жәй бар.

Сөз басында айтқан "Жетісу" туралы өлеңімде басылымға «Алматыға ораласың әлі...» деген сыңайдағы тілек бар болатын. Иә, "Жетісу" Алматыға емес, Алматы облысына "Алатау арайы" деген атпен қайта оралды! Осындай шұғылалы есіммен Қапшағай көлінің жағасындағы Қонаев қаласына ордалы отауын тікті.

Жаңадан ашылған газет десек те "Алатау арайының" "Жетісумен" тарихы ортақ, тамыры бір. Ендеше "Жетісудың" тойы біздің де тойымыз!

Мерейтой құтты болсын!

Кәдірбек Құныпияұлы,
Алматы облыстық "Алатау арайы" газетінің бас редакторы,
"Құрмет" орденінің иегері