Шегараның шеті – желдің өті

Уақыты: 18.06.2023
Оқылды: 494
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Түркістан қаласында өткен ІІ Ұлттық Құрылтайда көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелер айтылып, еліміздің келешегіне керекті тақырыптар талқыға салынды. Мені әсіресе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шығыс Қазақстандағы бірқатар ауданды қалпына келтіру туралы ұсынысы ерекше қуантты.

Өз сөзінде: «Аманат» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет» – деген Мемлекет басшысының ұсынысы көпшілікті алаңдатқан мәселенің бетін ашқандай болды.

Кезінде өзара қосылған аудандардың бүгінгі күні өз алдына жеке-дара тіршілік кешуіне мүмкіндік мол. Өзім жақсы білетін Алакөл ауданына қосылған Үйгентас өңірі туралы айтсам да жеткілікті. Орталығы Қабанбай ауылы болған аудан жұртшылығы қайтадан дербестікті қалайды деп айта аламын. Себебі, қазіргі аудан орталығына барып, қайтуға уақыт жұмсаудан бөлек көптеген мәселені қозғайды. Үйгентас ауданы қайта құрылса жергілікті басқару жүйесінің жұмысын жетілдіруге мүмкіндік берілер еді. Аудандық басқармалар мен бөлімдердің жұмысы жанданып, жас мамандардың кәсіби біліктілігін өсіруге ықпал етері сөзсіз.

Міне, осындай аса маңызды қадамдар шегарамен шектесетін аудандар үшін аса қажет.

Асқар Жазылбеков,
«Жазылбеков и К» коммандиттік серіктестігінің президенті